ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Араға 50 жыл салып «Челси» мен «Манчестер Сити» еурокубокта күш сынасады. «Қалалықтар» алғашқы финалында тарихи жеңіске жете ала ма, әлде «Челси» екінші мәрте топ жара ма?

Дүбірлі доданың дүйім жұрт күткен финалы да келіп жетті. Тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының финалына шыққан «Манчестер Сити» мен 2012 жылы «қалқаң құлақ» кубокты басынан асыра көтерген «Челси» Түркиядан Португалияға ауыстырылған ақтық сында өзара кім мықтыны анықтайды. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі Жақып Марғұлан командалардың өзара текетірестері, статистикалық және басқа деректер мен финал жайлы азды-кем ақпараттарды топтастырды.

Челси - Манчестер Сити

Ә дегеннен қос клубтың еурокубоктік ойындардағы текетіресіне тоқталып өтсек. «Челси» мен «Манчестер Сити» осыған дейін УЕФА ұйымдастыратын турнирлерде тек екі мәрте күш сынасқан. 1971 жылдың көктемінде «Челси» Кубок иегерелерінің Кубогі жартылай финалында «қалалықтарды» екі ойында да 1:0 есебімен тізе бүктірген. Ал одан бөлек басқа турнирлерде екеуі 166 рет кездесіп, 58 ойында «көктердің» мерейі үстем болса, 68 матчта «Манчестер Ситидің» асығы алшысынан түсіпті. Өздеріңіз тамаша біліп тұрғандай, 40 кездесу тең нәтижемен аяқталған.

Бұл «Челсидің» алғашқы финалы емес, лондондықтар 2008 және 2012 жылдары Чемпиондар лигасының ақтық кезеңінде өнер көрсеткен. Екеуі де матч соңындағы пенальти сериясына дейін созылып, алғашқысында «Манчестер Ситидің» бітіспес қарсыласы «Манчестер Юнайтедке» есе жіберсе, екіншісінде мюнхендік «Баварияны» тізе бүктіріп, чемпион атанған. «Ақсүйектердің» үшінші финалында да пенальти сериясын көріп жатсақ, таңқалудың қажеті жоқ.

Шынымен де мәселе пенальти сериясына жетіп жатса, мына бір статистикалық ақпаратты біле жүріңіз. «Манчестер Сити» еурокубоктік ойындарда екі мәрте дәл осындай жағдайға түсіп, екеуінде де жеңіске жеткен. «Челси» болса алты рет «лотереяда» бақ сынап, екеуінде жеңіп, төртеуінде жеңілістің ащы дәмін татқан.

"Челси" Чемпиондар лигасының кубогімен

Ал «Манчестер Сити» үшін бұл тарихи жетістік. Пеп Гвардиола клубты алғашқы Чемпиондар лигасының финалына алып шықты және манчестерліктер Еуропалық чемпиондар кубогінің (Чемпиондар лигасының) 42-ші финалисі атанды. Аталған тізімге қатарынан үшінші жыл өзгеріс енгізілуде – 2019 жылы «Тоттенхэм», 2020 жылы ПСЖ алғашқы финалдарына қатысты.

Сонымен қатар «Сити» Еуропалық чемпиондар кубогінің 23-ші иегері атануы мүмкін. Осыған дейін бұл тізімді 2012 жылы «Челси» чемпион болып, жаңартқан екен.

«Қалалықтар» финалға тұңғыш рет шығып тұрғанымен, команда сапында финал көрген ойыншы бар. Ол – Илкай Гюндоган. 2013 жылы дортмундтық «Боруссия» «Бавариядан 1:2 жеңілген кезде «аралардың» жалғыз голын соққан да осы қаны түрік неміс азаматы.

Роман Абрамовичтің командасы финалда үшінші мәрте дегенмен де, қазіргі құрамда финалдың дәмін татқан Тьяго Силва ғана. Бір қызығы, Силва финалда, былтыр, қазіргі бас бапкері Томас Тухельдің қол астында, ПСЖ сапында өнер көрсеткен. Париждіктердің «Баварияға» есе жібергені бәріңізге мәлім. Осы тұста тағы да айта кетерлігі, Тухель мырза екі жыл қатарынан екі түрлі командамен Чемпиондар лигасының ақтық кезеңіне шыққан алғашқы бапкер атанды. Ал Гвардиола «Манчестер Сити» тізгінінде «Челсиді» тізе бүктірсе, екі клубпен Еуропалық чемпондар кубогін ұтқан алтыншы бапкер атануы мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, Хосеп каталондық «Барселонамен» 2009 және 2011 жылдары Чемпиондар лигасында топ жарған еді.

Пеп Гвардиола мен Томас Тухель

Ақыры жаттықтырушылар туралы әңгіме қозғағаннан кейін, қос клубтың бас бапкерлері ойын алдында қандай пікірде екенінен де хабардар ете кетейік.

«Манчестер Ситидің» тізгініндегі Хосеп Гвардиола мырза командасының ойынға дайын екенін, «Челсидің» оңай қарсылас еместігін және финал алды екі матчтағы жеңіліске қатты мән бермеу керектігін тілге тиек етті:

«Менің ойыншыларым Чемпиондар лигасының финалына дайын. Идеяларым бар, бірақ Портудағы матчқа шығатын бастапқы құрам туралы әлі шешпедім. «Челси» кез келген командаға қиындық тудырады, алайда біз оларға қаншалықты қиындықтар тудыратынымыз туралы ғана ойлауымыз керек. Оларды ойыншыларының шеберлігі, бапкерлері мен ойынға деген жоспарлары себепті тоқтату қиын. Соңғы екі матчтағы жеңістерімен құттықтаймын. Дегенмен алда тағы бір ерекше матч, финал күтіп тұр. Сенбі күні кешке не боларын көреміз».

Хосеп Гвардиола

«Челсидің» бас бапкері Томас Тухель де ағырғы екі ойындағы жеңіс ешқандай басымдылық бермейтінін, Гвардиола командасына қарсы ойнау өте қиын екенін және Хосеп жеңіске жетуге арналған машиналар құрғанын айтты:

«Оларды екі мәрте жеңдік, бірақ «Сити» финалда мүлде басқа команда болады. Бұл бізге ешқандай да басымдылық бермейді. Финал жаңа парақтан басталатынын және тағы да жоғары деңгейдегі ойын көрсету керектігімізді түсінеміз. Гвардиоланың командасына қарсы ойнау әрқашан да өте қиын. Мен оның «Бавариясына» қарсы ойнадым, «Манчестер Ситиімен» де кездестім. Жылдар бойы оның «Барселонасының» қалай дамығанын, футбол ойнауды, қалай шабуылдау һәм қалай қорғану керектігін үйренгенін бақыладым. Ол жеңіске жетуге арналған машиналар жасады. Соны дәл қазір Англияда да істеді. Біз айырмашылықты қысқартуға тырысамыз, ал футбол мұны 90 минутта да істеуге мүмкіндік беретінімен жақсы. Мұны жасауға болады және финалда осыған қол жеткізуге тырысамыз».

Томас Тухель

Қос клубтың соңғы матчтардағы нәтижелеріне тоқталсақ, «Челси» ақырғы бес ойынның үшеуінде жеңіліп, екеуінде жеңіске жеткен. Ал «Манчестер Сити» үшеуінде басым түсіп, екеуінде есе жіберген. Өзара өткізген соңғы бес кездесулеріне келер болсақ, үшеуінде «Челси» жеңіс тойын тойлап, екеуінде «Манчестер Ситидің» асығы алшысынан түсіпті.

Командалар төмендегідей бастапқы құраммен шығуы мүмкін:

«Манчестер Сити»: Эдерсон; Кайл Уокер, Джон Стоунз, Рубен Диаш, Александр Зинченко; Бернарду Силва, Фернандиньо, Илкай Гюндоган; Рияд Марез, Кевин де Брюйне, Филип Фоден.

«Челси»: Эдуар Менди; Андреас Кристенсен, Тьяго Силва, Антонио Рюдигер; Сесар Аспиликуэта, Жоржиньо, Нголо Канте, Бенджамин Чилуэлл; Кай Хваерц, Тимо Вернер, Мэйсон Маунт

Финал жайлы азды-кем

Чемпиондар кубогінің 66-шы финалы бастапқыда Стамбулдағы «Ататүрік» стадионында өтуі тис еді, алайда Түркия Ұлыбританияның короновирусқа байланысты «қызыл аймағына» еніп, ақтық ойын Портудағы «Драгау» алаңына ауыстырылды.

Ашылу салтанатында белгілі музыкант һәм продюсер Marshmello өнер көрсетеді.

Ойынның бас қазысы 44 жасар испаниялық маман Антонио Матеу Лаос болады.

Матчты QAZSPORT телеарнасының тікелей эфирінен мамырдың 29-нан 30-на қараған түні елорда уақытымен 01:00-де тамашалай аласыздар.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте