ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Алтын доп» - Бенземада, Левандовски мен Мане де құр қол қайтпады. 17 қазандағы салтанатты рәсімнің нәтижелері

Кеше, 17 қазанда 2022 жылдың ең үздік ойыншысы анықталды. Ешқандай сенсация болған жоқ – «Алтын доп» біз күткендей «Реал Мадрид» пен Франция құрамасының шабуылшысы Кәрім Бенземаға бұйырды. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі аталмыш сыйлық пен рәсім барысында берілген басқа да жүлделерге тоқталмақ.

Кәрім Бензема

Бензема, сөзсіз, жеке және командалық жетістіктері үшін «Алтын допқа» лайық болды. Шабуылшы мансабының шыңына 34 жасында жетіп, «Реалмен» Испания чемпионы атанды және Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Өткен жылы Кәрім барлық турнирлерде 32 кездесу өткізіп, 28 гол соқты.

Осылайша, 2008 жылдан бері екінші рет «Алтын доп» Лионель Месси мен Криштиану Роналдуға бұйырмады. 2018 жылы мадридтік «Реалдың» тағы бір ойыншысы, хорватиялық жартылай қорғаушы Лука Модрич аталмыш жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Ал 2020 жылы «Алтын доп» коронавирустық пандемияға байланысты берілмеді. Ол кезде Роберт Левандовскидің жұлдызы жанып тұрған еді.

Қос жұлдыз ақырындап футбол сахнасынан кетіп бара жатыр. Месси (өткен жылдың үздік ойыншысы) 2005 жылдан бері алғаш рет «Алтын допқа» үміткерлер тізіміне енбей қалды. Ал Роналду 2005 жылдан бері бірінші рет 20-шы орынға жайғасты. Айтпақшы, Криштиану бұған қарамастан кеше марапаттау рәсіміне қатысты. Соңғы рет португалиялық шабуылшы бұл рәсімге бес жыл бұрын «Алтын допты» жеңіп алған кезде келген болатын.

Лионель Месси және Криштиану Роналду

20. Криштиану Роналду, «Манчестер Юнайтед»

17-19. Луис Диас, «Ливерпуль»

17-19. Душан Влахович, «Ювентус»

17-19. Каземиро, «Манчестер Юнайтед»

16. Вирджил ван Дейк, «Ливерпуль»

14-15. Фабиньо, «Ливерпуль»

14-15. Рафаэль Леау, «Милан»

13. Себастьян Аллер, «Боруссия Дортмунд».

12. Рияд Марез, «Манчестер Сити»

11. Хён Мин Сон, «Тоттенхэм».

10. Эрлинг Холанд, «Манчестер Сити»

9. Лука Модрич, «Реал Мадрид»

8. Винисиус Жуниор, «Реал Мадрид»

7. Тибо Куртуа, «Реал Мадрид»

6. Килиан Мбаппе, ПСЖ

5. Мохамед Салах, «Ливерпуль»

4. Роберт Левандовски, «Барселона»

3. Кевин Де Брюйне, «Манчестер Сити»

2. Садио Мане, «Бавария»

1. Кәрім Бензема, «Реал Мадрид»

«Барлығына көп рахмет! Бұл оңай жол болмады. Біраз уақыт ұлттық құрамада ойнамадым, бірақ қайта оралғанымды, жасаған жұмысым мен қиын кезеңдерді еңсергенімді мақтан тұтамын. Мен клубтағы және ұлттық құрамадағы әріптестеріме, сондай-ақ мені отбасымның бір бөлігі деп санайтын, маған мүмкіндік беріп, әрқашан қасында болған тамаша президентіме алғыс айтқым келеді. Бұл жеке нәтиже үшін берілген сыйлық, бірақ бұл жетістікке ұжымның арқасында қол жеткіздім. Менің бала кездегі арманым орындалды. Бұл қиын болды, бірақ мүмкін емес нәрсе жоқ. Мен гол соғу үшін емес, команда үшін ойнағанды жөн көремін. Бұл сіздің жұмысыңыз үшін берілген марапат. Анам маған көп көмектесті, мен оның бүгінгі кеште қасымда болғанына қуаныштымын. 30 жылдан кейін мұндай марапатқа ие болу – үлкен еңбектің жемісі. Соңғы кездері мүмкіндігінше басқаларға қарағанда көп жаттығамын, ол үшін мотивация керек».

Кәрім Бензема

Кәрім Бензема анасымен

Айта кетейік, Франция елінің өкілі «Алтын допты» соңғы рет 1998 жылы жеңіп алған болатын. Ол кезде «Ювентуста» ойнап жүрген Зинедин Зидан 244 ұпай жинап, мадридтік «Реалдың» хорватиялық ойыншысы Давор Шукер (68 ұпай) мен «Интердің» бразилиялық шабуылшысы Роналдоны (66) басып озды.

Кәрім Бензема және Зинедин Зидан

Бензема мен Зиданды есептемегенде, бұған дейін «Алтын допты» үш француз футболшысы иеленген, олар: Раймонд Копа (1958 жылы), Мишель Платини (1983, 1984, 1985) және Жан-Пьер Папен (1991).

Кәрім Бензема 1956 жылдан бері «Алтын допты» жеңіп алған ең егде жастағы футболшы атанды. Рекорд «Блэкпул» және Англия құрамасының 41 жастағы шабуылшысы Стэнли Мэттьюзге тиесілі. Дәл сол Мэттьюз аталмыш сыйлықтың алғашқы иегері болғанын да айта кетейік.

Чемпиондар лигасында Бенземамен бірге «Реал Мадридті» алға сүйреген Тибо Куртуа жылдың үздік қақпашысы үшін берілетін Лев Яшин сыйлығын алды. France Football бұл марапатты 2019 жылы тағайындаған еді. Бірінші болып бұл трофей «Ливерпуль» қақпашысы Алиссон Беккерге, ал 2021 жылы ПСЖ қақпашысы Джанлуиджи Доннаруммаға бұйырды.

Бұл жолы үміткерлер қатарында Алиссон («Ливерпуль»), Эдерсон («Манчестер Сити»), Мануэль Нойер («Бавария»), Яссин Боно («Севилья»), Эдуард Менди («Челси»), Мик Меньян («Милан»), Ян Облак («Атлетико»), Кевин Трапп («Айнтрахт») және Уго Льорис («Тоттенхэм») болды.

Тибо Куртуа

«Өткен маусым мен және менің командаластарым үшін керемет болды. Басқа да мықты қақпашылармен бірге осы марапатқа ұсынылу және оны жеңіп алу мен үшін үлкен мәртебе. Қиын кездерде жанымда болғандары үшін отбасыма, жұбайыма және балаларыма алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар ұлттық құрамадағы және клубтағы әріптестеріме алғысымды білдіремін».

Тибо Куртуа

«Барселонаның» жартылай қорғаушысы Гави «Үздік жас ойыншы» атанды. Бұл сыйлық жасы 21-ге толмаған ойыншыларға беріледі, ал Гави жақында ғана 18-дің табалдырығын аттады. Бұған дейін Килиан Мбаппе, Маттейс де Лигт және «Барселонаның» тағы бір жартылай қорғаушысы Педри «Алтын бала» деп танылған еді.

Гави

2022 жылы бұл жүлдеге Гавиден бөлек, Кәрім Адейеми, Джуд Беллингем (екеуі де - «Боруссия Дортмунд»), Эдуардо Камавинга («Реал Мадрид»), Райан Гравенберх, Джамал Мусиала (екеуі де – «Бавария»), Джошко Гвардиол («РБ Лейпциг») ), Нуно Мендеш (ПСЖ), Букайо Сака («Арсенал») және Флориан Вирц («Байер») таласып көрді.

Әйелдер футболында «Барселонаның» жұлдызы Алексия Путельясқа тең келер ешкім жоқ. Шабуылшы екінші жыл қатарынан «Алтын допты» жеңіп алды. Бірақ 28 жастағы испаниялық ару тізе жарақатына байланысты жаздан бері алаңға шықпаған және 2022 жылғы Еуропа чемпионатына қатыса алмады.

Алексия Путельяс

Әйелдер футболындағы «Алтын доп» 2018 жылдан бері беріліп келеді. Путельясқа дейін бұл жүлдені норвегиялық Ада Хегерберг пен америкалық Меган Рапино қанжығасына байлады.

«Алғашқы «Алтын допты» жеңіп алған кезде мен жаңа маусымда өз нәтижелерімді жақсартуға тырысып, жеке жетістіктерімді команда игілігіне бағыттауды жөн көрдім. Командаластарым болмаса, мен бұл жерге келмес едім. Мен оларды жоғары бағалаймын. Сондай-ақ бапкерлер штабына – күн өткен сайын дамуыма көмектесетін адамдарға алғысым шексіз. Мен клуб президенті мен жанкүйерлерге рахмет айтамын. «Барселона» сапында ойнау – үлкен абырой. Мен осы жобаның бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын».

Алексия Путельяс

Левандовски тағы да «Алтын доптан» құр қалды. France Football биыл да поляк футболшысы үшін «жұбаныш» сыйлығын дайындаған екен: «Барселонаның» жаңа ойыншысы жылдың ең нәтижелі шабуылшысы ретінде Герд Мюллер сыйлығына иелік етті.

Роберт Левандовски

«Алтын допқа» үміткерлер тізімінде Бенземадан кейін екінші орын алған африкалық Мане де Сократес атындағы трофейдің иегері атанды. Бұл жаңа сыйлық алаңнан тыс жерде өзін саяси немесе әлеуметтік салада жақсы қырынан көрсеткен ойыншыға беріледі.

Садио Мане

Чемпиондар лигасында «Реал Мадрид» топ жарды, бірақ жылдың үздік клубы ретінде «Манчестер Сити» танылды. АПЛ ойыншылары бұл рәсімде ештеңе алмағанымен, Пеп Гвардиоланың командасы Англияның туын жықпай, абыройын сақтап қалды.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте