ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

48 матч бойы жеңілмеген «Црвена» Алматыда тізе бүкті. «Барселона» түлегі «Қайраттағы» тұсаукесер голын соқты

Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында белградтық «Црвена Звезданы» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, үшінші раундқа бір қадам жақындай түсті. «Орталықтағы» тартысты кездесуді алаңнан тамашалаған Meta-ratings.kz тілшісі матч жайлы азды-кем ақпараттармен бөліспек.

Қайрат

Ойын оңтүстік астаналықтардың қарқынды шабуылдарымен басталды. 8 минутқа дейін «Қайрат» қонақтарды өз жарты алаңына қысып бақты. Камо Оганесян бірнеше мәрте қауіпті шабуылдар ұйымдастарды. Жалпы осы Камо «Црвенаның» оң қапталына тыным бермеді. Жеке шеберлігі мен жылдамдығына сенім артып, бірқатар сәтті шабуылдарға арқау болды. Алғашқы гол да Оганесянның алып берген бұрыштама добынан кейін соғылды. Ғафуржан Сүйімбаевтың әуелете асырған пасына Хосе Канте бірінші жетіп, есеп ашқан еді.

Хосе Канте

Ал екінші таймда сербиялықтар ойын тізгінін қолға алғысы келіп, доппен көбірек жұмыс істеді. Шабуылға да жиі араласты. Бірақ өздері гол соға алмай, Микановичке арқа сүйеп, Диноны өз қақпасының торын өзі тулатуына мәжбүрледі. Бірақ «Қайрат» қарап қалмай, ара-тұра шабуылға бет бұрып тұрды. Сондай әрекеттердің бірінде каталондық «Барселонаның» түлегі Маки Баньяк «Қайрат» жейдесіндегі тұсаукесер голын соғып, командаға маңызды жеңісті сыйлады.

Матч алдында стадионда нағыз Чемпиондар лигасының атмосферасы тұрды. Жанкүйерлер арасында бірнеше ойындар ұйымдастырылып, шоу-бағдарламалар жүргізілді. «Қайратты» қолдауға келген жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Клуб басшылығы стадионның 20%-ына (4500) ғана көрермен кіргіземіз дегенмен «Орталықта» 15 мыңнан аса футболсүйер қауым жүрді. Бұл жағдай клубқа тек пайдасын тигізбесе, жамандығын тигізбеді. «Қайраттың» қайратына қайрат қосып, 90 минут тынбай қолдаған жанкүйерлерге тағар айыбымыз жоқ.

Вагнер Лав

48 ойын бойы жеңілістің не екенін білмей келе жатқан белградтықтардың жеңіліссіз сериясына нүкте қоюға жанкүйерлердің де септігі тиді. «Црвена Звезда» соңғы рет 2020 жылдың 23 қазанында Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында германиялық «Хоффенхаймға» есе жіберген екен. Одан кейінгі 48 матчтың тоғызында тең тарқасып, 39-ында асығы алшысынан түскен. Екі рет «Милан» одан бөлек «Шахтер Донецк», «Партизан» сынды адуынды командалар тізе бүктіре алмаған белградтықтарды алматылықтар сабасына түсірді. Дегенмен ерте қуануға болмайды, алда қарымта ойын бар. «Црвена» өз алаңында жеңу үшін бар күшін салары сөзсіз.

Осылайша «Матчтан бірнеше күн бұрын емес дәл сол түні барып, өз уақыт белдеуімізді сақтауға тырысамыз» деген Деян Станковичтің жоспары жүзеге аспады. Жеңіліске зығырданы қайнаған Сербия чемпиондарының бапкері матчтан кейін ашуын бір тал шылыммен басқанын да көзіміз шалып қалды.

Ал ойыннан кейін мынадай пікір білдірді «Интер» сапында Чемпиондар лигасында топ жарып үлгерген Станкович мырза:

«Қиын матч болатынын білдік. Бірақ Белградта тек жеңіс үшін ойнаймыз. Алғашқы таймда аздап жасқаншақтап ойнасақ, екіншісінде жақсырақ һәм сенімдірек көріндік. Біз олардың қалай ойнайтынын білеміз. Мен өз алаңымыз бен командама сенемін»

«Црвена Звезда» бас бапкері Деян Станкович

Осыған дейінгі өзара кім мықтыны анықтаған төрт матча қос клуб екі-екіден жеңіске жетсе, «Қайрат» соңғы жеңістен кейін жалпы есепте 3:2 есебімен алға шықты.

Бірақ бір өкініштісі, 12 минутта жарақат алып, алаңдағы орнын Ян Вороговскийге босатып берген Небойша Косовичтің Белградтағы қарымта матчқа қатыса алмайтыны туралы тараған жаңалықтар. Сонымен қатар бірінші таймның соңына қарай жарақат алып, екніші 45 минуттыққа шыға алмаған команда капитаны Ғафуржан Сүйімбаевтың да Сербия жерінде атой салуы белгісіз болып тұр. Ал кубоктік матчта жарақат алған Жоао Пауло да аталған кездесуде жасыл алаңға шыға алмайды.

Хайфалық «Маккабиге» қарсы ойында қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл жолғы матчта бой көрсетпеді. Аталған кездесуге «Ордабасы» клубының басшысы Бақтияр Байсейітов, бірнеше сыйлы қонақтар және Алдияр Жапарханов пен Марат Оралғазин бастаған бірқатар белгілі әртістер қатысты.

«Қайрат» 24 шілде күні Қазақстан Кубогі аясындағы «Тұранға» қарсы өтететін матчтан кейін «Црвенаға» қарсы жауапты кездесуге дайындалуды бастайды. Бұл туралы алматылықтардың бас бапкері де айтты:

«Барлық қайраттықтарды маңызды жеңіспен құттықтаймын. Оңай болған жоқ, бірақ жеңіске жете алдық. Алда бізді тағы бір матч күтіп тұр, бірақ кубоктік ойындарда. Ал одан кейін «Црвена Звездамен» өтер қарымта ойынға назар аударамыз»

«Қайрат» бас бапкері Кирилл Кекер

Қос матчтық текетірестен оза шапқан ұжым Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде «Алашкерт» (Армения) – «Шериф» (Молдова) жұбының жеңімпазымен кім мықтыны анықтайды. Ал қай жеңілгені дәл осы жұпта ұтылған ұжыммен Еуропа лигасының үшінші раундында кездеседі. «Шериф» пен «Алашкерт» арасындағы алғашқы ойында молдовалықтар сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіс тойын тойлағанын да айта кеткен жөн.

Қайрат

Естеріңізге сала кетсек, «Райко Митич» немесе «Маракана» деген атпен танымал стадиондағы екінші матч елорда уақытымен 28-ші шілдеден 29-на қараған түні 00:30-да басталады.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте