ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Қызметінен кетуге дайын болды». «Ақсу» директоры – бас бапкерге қатысты жағдай мен клубтағы мәселелер туралы

«Ақсудың» директоры Әлихан Лесов клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Руслан Костышиннің қызметінен кетуіне және Константин Горовенкомен болған келіссөздерге қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ сәтсіз трансферлер мен Айбол Әбікенмен болған жағдай туралы түсініктеме берді.

Әлихан Лесов

— БАҚ беттерінде Руслан Костышиннің «Ақсудан» кеткені туралы ақпарат пайда болды.

— Команданың соңғы кездегі сүреңсіз нәтижелеріне байланысты біз талдау жасап, бұл жағдайдан шығудың түрлі нұсқаларын қарастырдық. Оның ішінде бас бапкерді қызметінен босату туралы да нұсқа болды. Себебі нәтижеге ең алдымен жаттықтырушы жауап береді. Бапкерлік штабпен келіссөздер жүргізіп, олардың ойын білдік. Руслан Владимирович түсіністістікпен қарап, клубтан кетуге дайын болды.

— Бас бапкер қызметіне Константин Горовенконың тағайындалуы туралы ақпаратқа қатысты не айтасыз?

— Ол кісімен де келіссөздер жүргіздік. Біз ең алдымен командада қалыптасқан механизмді бұзғымыз келмеді. Маған Константин Горовенконың жұмысы қатты ұнайды. Оның бұған дейінгі клубтарда қалай еңбек еткенін көптен бері бақылап жүрмін. Арамызда болған келіссөздерге қарамастан, ол біздің соңғы шешімімізге құрметпен қарады. Сол үшін Горовенкоға алғыс айтамын және сәттілік тілеймін.

Руслан Костышин

— «Ақсу» ойыншылары Руслан Костышиннің кетуіне қарсы болған екен. Бұл рас па?

— Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз ойыншылармен, бапкерлік штабпен және басшылықтағы адамдармен бірге жиналыс өткіздік. Ашық әңгіме болды. Барлығымыздың мақсатымыз бір: Премьер-лигада тұрақтап қалғымыз келеді. Ойыншылар бір ауыздан бас бапкерге сенім артанынын мәлімдеді. Футболшылардан бастап, клуб басшылығы да, қызметкерлер де алға қойған мақсатымызға жету үшін барын салады. Себебі Павлодар – футболдың қаласы, тарихы тереңде жатыр. Сондықтан бұл өңірдің футболсыз қалғанын қаламаймыз.

— Жазда клубқа трансферлік шектеу қойылды. Мұның себебі неде?

— «Екібастұз» клубы ойыншылар мен қызметкерлерге қарыз болғандықтан, бізге трансферлік шектеу қойылды. Бәріңіз білесіздер, бұл клуб биылдан бастап «Ақсудың» қарамағына енді. Сондықтан бұл командаға біз жауапты болдық. Бірақ жағдайды оңтайландырып, қарыздардан құтыла бастадық. Қазір бізден трансферлік шектеуді алып тастады.

Айбол Әбікен

— Айбол Әбікеннің допинг дауына іліккені туралы қандай пікір білдіресіз?

— Айбол бізге 27 ақпанда, яғни оқу-жаттығу жиынының соңында қосылды. Бірақ алғашқы турдан бастап ол өзін жақсы қырынан көрсетті, командамыздың көшбасшысына айналды. Бұл жаңалық бізді қатты есеңгіретті. Хабарламаны ала салысымен, Айбол екеуміз Алматыдағы антидопинг орталығына барып, жағдайдың мән-жайын білдік. Ол допингке қарсы тестті Қазақстан құрамасы сапында Молдовамен болатын ойын алдында тапсырған. Ол кезде ұлттық құрамада «Ақсу» клубының екі ойыншысы болды: Ғафуржан Сүйімбаев және Айбол Әбікен. Айболдың қанынан тыйым салынған «милдронат» препараты табылды. Біздің клубта мұндай заттарды ешкім тұтынбайды. Медициналық штабтың жұмысына көп көңіл бөлінеді. Маусым басында антидопинг орталығының мамандары Павлодарға келіп, ойыншыларға дәріс өткізді. Әрине, бұл жағдайда бар жауапкершілік ең алдымен футболшының өзіне түседі. Себебі кез-келген ойыншы не ішіп жүргенін қадағалауы қажет. Қазір біз Айболмен жиі байланысып тұрамыз.

Джонсон мен Махлангу

— Кейбір трансферлердің қате болғанын мойындайсыз ба?

— Иә, мойындаймын. Қаржының аз болуына байланысты, арзандау, бірақ сапалы ойыншыларды қарастыруға мәжбүр болдық. Шетелдік футболшылар үшін Қазақстанға бейімделу қиын болып жатады.

— «Super ball» жобасының қатысушысы Жақсылық Кенжебаевпен келісім-шарт жасастыңыздар.

— Біз оның жобадағы ойынын бақылап, командамызға шақырдық. Ол – Павлодардың тумасы. Заводта еңбек ететін. Бірақ өзінің арманына жету үшін жұмысын тастады. Іріктеуден сәтті өтіп, финалдық ойынға дейін жетті. Осындай жігіттерге мүмкіндік беру керек. Енді бәрі тек өзіне байланысты.

— Дәл қазіргі сәтте клубтың қаржылық жағдайы қалай?

— Тұрақты. Ешкімге қарыз емеспіз. Осы үшін облыс басшылығына алғыс айтамын.

— Қазақстандағы футболдың дамуы өңірдегі әкімдерге байланысты деген пікірмен келісесіз бе?

— Осы тұста өз ойымды айтқым келеді. Көптеген адамдар Прмеьер-лигадағы командалардың нәтижесіне қарап, осылай ойлайды. Бірақ одан бөлек, сол өңірдегі балалар футболының, инфрақұрылымның, қоғамдық спорттың қалай дамып жатқанына назар аудару қажет. Біздің өңірде өте сапалы алаңдар соғылуда, балалар футболы дамып келеді. Футбол орталығындағы жеткіншектерге барлық жағдай жасалған. Қазір Павлодар облысындағы футбол федерациясына Игорь Веретнов басшылық етуде. Ол кісі өңірге академия салуды және қаладан шалғай жатқан жерлерден клубтың бөлімшелерін ашуды көздеп отыр. Біздің облыста балалар футболына көп көңіл бөлінуде. Бірнеше жылдан кейін мұның да жемісін көрерміз.

Біз де облыс басшылығынан көп ақша талап етіп, қымбат ойыншылар сатып алу арқылы чемпионатта жүлделі орындарға таласа аламыз. Сол кезде Павлодардың әкімін футболды жақсы көретін адам деп айтатын шығар. Облыс әкімімен болған алғашқы кездесуде-ақ бір-бірімізді жақсы түсіндік және ең аз қаражатпен клубты дамыту туралы мақсат қойдық. Биыл «Ақсудың» негізгі командасына 900 миллион теңге бөлінді, оның он екі пайызы салыққа жұмсалады.

Ақсу ФК

— «Ертіс» жанкүйерлері тарапынан қысым болып жатыр ма?

— Иә, әрине. «Ертістің» Павлодардағы жанкүйерлер үшін орны бөлек. Бұл клуб Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды. Жанкүйерлердің талаптарын да жақсы түсінемін. Олар жеңіске үйреніп қалған. Бірақ «Ертіс» пен «Ақсуды» салыстыруға келмейді. «Ақсудан» «Ертістің» жетістіктерін талап ету дұрыс емес. Біздің команда 2018 жылы құрылды. Үш жыл бойы Екінші лигада ойнады. Биыл алғаш рет Премьер-лигаға жолдама алды. Оның үстіне, қазіргі «Ақсу» мен кезіндегі «Ертістің» бюджеті жер мен көктей. Қазақстан чемпионатында ең аз бюджетпен ойнайтын клубтардың біріміз. Алдағы уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Қазіргі кезде жастарға мүмкіндік беріп, болашаққа арналған жоспарды құрып жатырмыз. Бұл жігіттер алдағы уақытта команданың тірегіне айналатын болады. Бұған біраз уақыт керек.

Алдымызда екі түрлі таңдау болды. Біріншісі – әкімдіктен көп ақша сұрап, қымбат ойыншыларды сатып алу. Екіншісі – жастарға мүмкіндік беріп, клубты дамыту. Біз екінші нұсқаны таңдадық. Бір-екі жылда мұның жемісін көретінімізге сенімдімін. Жанкүйерлерден тек қолдау көрсетуін сұраймын.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте