ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Ұрыс естисің». «Оле Бразил» түлегі – Благоевич пен Костовтың айырмашылығы, шетелдік клубтардың ұсынысы туралы

Қазақстан ұлттық құрамасы мен ақтаулық «Каспийдің» қорғаушысы Мақсат Тайкенов «Adilbek Kenzhe» YouTube-арнасына берген сұқбатында «Оле Бразил» іріктеуінен өтуі, Қазақстан мен Бразилия футболындағы айырмашылық, Срджан Благоевичтің біліктілігі және Қазақстанның Ұлттар лигасындағы жетістігі туралы айтты.

Тайкенов

— Футболға қалай келдің?

— Үй жақта ойнаған кезде қызығушылығым оянып, әкеме футболға апаршы дедім. Сөйтіп, 7 жасымда футболға келдім. Алғашқы бапкерім Басенко Евгений Алексеевич болды. Алғашында футболға барып, арасында футзалға ауысып, екі жақта жүрдім, бірақ түбінде осы футболға ден қойдым.

— «Оле Бразилдің» іріктеуінен өтуің туралы айтып берсең.

— Қазан айында Шымкент қаласында турнир болып, оған бразилиялық маман Тьяго Козловский келіп, командалардан ерекше көзге түскендерін түртіп алды. Ақтаудан төрт бала ілініп, жалпы 24-25 футболшы 2012 жылдың наурыз айында Бразилияға аттандық.

— Бразилияға шенділердің, көкесі барлардың балалары барды деген ақпарат бар. Сол қаншалықты шындыққа жанасады?

— Жоқ, ондай болмады. Барлығы тырысып, өз күштерімен жолдама алды.

— Бұл жоба неліктен нәтиже бермеді?

— Кейбіреулер өзін көрсете алмады, бақтары жанбады. Ал енді біреулердің жол болып, бақтары жанды. Қазір Мұханов Олжас, Владислав Васильев, Демият Сламбеков, Тоқтарбай Бекжан және Едіге Оралбайдың кәсіби түрде айналысып жүргенін білемін, қалғандары әуесқойлар арасында жүр-ау.

Тайкенов

— Қазақстан мен Бразилияда жеткіншектерді даярлау бойынша қандай айырмашылықтар бар?

— Бразилияда кішкентай нәресте дүниеге келгенде, оған доп береді. «Доппен өссін, Пеле сияқты болсын» дейді. Ал Қазақстанда ондай жоқ. Бізде футболға көп көңіл бөлмейді деп ойлаймын. Қазір «Жаңа Қазақстан» болғасын назар аударып бастаған шығар. Ал Бразилияда ол бұрыннан келе жатқан дәстүр. Олар алдымен техниканы дамытуға көп жұмыс жасайды. Ойыншылары қорықпай, алға баса береді. Бапкерлері білікті және көп нәрсе үйретеді. Бізде сондай мамандар болғанда, қазір жоғары орындардан көрінетін едік. Қазақстанда физикаға көп көңіл бөліп, қорғаныспен ойнайды және қателессең, сынның астына алады. Бразилияда қателікке жол берсең, қолдап, арқаңнан қағады.

— Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы дебюттік кездесуіңді Финляндияға қарсы өткіздің. Сол туралы айтып өтсең.

— Ойынның алдында қатты қобалжу болды. Бірақ алғашқы сәтті пастан кейін үйрене бастадым. Алғашқы матчым болған соң командаластарым қолдау көрсетті. Одан кейін Босния және Герцеговинаға қарсы кездесуге қосалқы құрамнан шықтым.

Тайкенов

— Францияға қарсы кездесуде не жетіспеді?

— Франциямен ойынға көп футболшыларымыз жарақатына байланысты шыға алмады. Сонымен қатар бапкер кейбір жігіттерді Тәжікстанға қарсы жолдастық ойынға сақтады. Алайда бірінші не екінші құрам деп бөліп қарауға болмайды. Ұлттық құрамаға шақырту алғандардың барлығы мықтылар.

Менің позициямда Кингсли Коман мен Антуан Гризманн ойнады. Тәжірибелері мол, әлемнің мықты клубтарында өнер көрсеткен футболшы екендері көрініп тұрды. Франция Әлем чемпионатын ұтқан құрама болған соң оларға қарсы ойнау біз үшін үлкен тәжірибе болды. Кейін балама «әкең Францияға қарсы ойнап, 8:0 жеңіліп қалды», деп айтамын (күледі). Олар FIFA симуляторындағыдай мықты ойнайды. Допты алсаң, 2-3 секундтан кейін доп олардың аяғында жүреді. Олардың паспен ойнауына ілесу де оңай емес. Бәрі біз сияқты адамдар, алайда деңгейлері бөлек. Еуропада балалар футболына қатты көңіл бөледі. Ал бізге Срджан Благоевич көп нәрсе үйретті. Еуропада жас балаларға үйрететін дүниелерді бізге 20 жастан асқанда шетелдік маман келіп көрсетті.

Тайкенов пен Коман

— Срджан Благоевичтің қандай ерекше тұстарын айтар едің.

— Жақсы бапкер. Білгенінің бәрін үйретеді. Қалай ашылу керек, допты қалай алып жүру керек, жарақат алмау үшін не істеу керек, позиция таңдау деген секілді. Жанындағы көмекшілерінің де септігі көп тиді. Солардың айтқандарын әлі күнге дейін жасаймыз.

— Благоевич пен Костовтың айырмашылықтары қандай?

— Екеуі де жақсы бапкер. Екеуі де Еуропада өнер көрсетті. Екеуі де шабуылға көп көңіл бөдеді. Допты жөнсіз алдыға тебе берсең, ұрыс естисің. Қасыңдағы әріптесіңмен паспен ойнағанды құп көреді. Бізге тики-така мәнерін үйреткісі келеді.

— «Каспий» маусым басында керемет өнер көрсетіп, ортасында сәтсіздікке ұшырайды. Неліктен? Команда алдына қандай мақсат қояды?

— Мақсат – Премьер-лигадан ұшып кетпеу. Басқа мақсат жоқ. Бірінші айналымда белсенді болған ойыншылар екінші айналымда шаршайды. Сонымен қатар трансферлік кезең ашылғанда бізбен Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарында болмаған, тактикамызды толық түсінбейтін жаңа ойыншылар келеді. Бұл да айтарлықтай әсер етеді. Ол ойыншымен түсінісуге маған да уақыт керек. Сөйтіп жүргенде маусым да бітіп қалады.

— Командада атмосфераны құрушы кімдер?

— Бәріміз жұдырықтай жұмылсақ, атмосфера күшті болады. Алайды онсыз да командадағы атмосфера жақсы. Бәрі бір-біріне әзілдейді, шетелдік пен қазақстандық болып бөлінбейді. Бәріміз бір командамыз, жиналып әңгіме айтамыз.

Тайкенов

— «Каспий» осы құрамымен біразға бара ала ма?

— «Каспий» – шағын клуб. Бізде «Астана» және «Қайрат» командаларындағыдай ойыншылар және солардағыдай бюджет болса, жоғары орындардан көрінетін едік.

— Келісімшартың осы жылы аяқталады. Мақсаттың алға қойған мақсаты қандай?

— Иә, ағымдағы жылдың соңында аяқталады. Әзірге басқа командалардан ұсыныс жоқ. Қазір бар ойлайтыным – маусымды сәтті аяқтап, ешқандай жарақат алмау. Қалғанын әрі қарай көреміз.

— Агентің кім?

— Агентім Әлішер Апсалямов. Ол кісімен Амандық Нәбиханов екеуміз үш жылға жарамды келісімшартқа қол қойғанбыз. Бәрін агентіміз арқылы шешеміз.

— Сені «Шахтерға» ауысады және шетелдік клубтардан ұсынысы бар деген сыбыстар болды. Неліктен ол трансфер орын алмады?

— Ондай ұсыныстар келген жоқ. «Астанаға» да «ұзатқандар» болды.

— Шетелде ойнауға көзқарасың қандай?

— Шетелде ойнағым келеді – арманым. Әсіресе, Англия чемпионатында өнер көрсетуді қалаймын. Еуропада футболдың қандай екенін және өзімді сынап көргім келеді. Ұсыныс болса, баруға дайынмын.

— Шетелдік ойыншыларға Қазақстанның азаматтығын беруге қалай қарайсың?

— Егер мықты ойнаса, беруге болады деп ойлаймын. Көптің бірі болса, керек емес. Мысалы, Игита мен Дуглас бұрыннан елдің намысын қорғап келеді. Қазақстан үшін жандарын беріп, бар күштерін салады. Сондай шетелдіктер болса, қуанамын. Деңгейлері жоғары болса – жақсы, бірақ олар тым көбейіп кетсе де дұрыс емес.

Тайкенов

— Ресей чемпионатында ойнауға қалай қарайсың?

— Ұсыныс түссе, агентіммен, отбасыммен ақылдасып көремін.

— Қазақстанның Ұлттар лигасындағы жетістігінің сыры неде?

— Бапкерде шығар. Мотивация көп береді. Жігіттер содан күш алады. Адиевті көп танымаймын. «Шахтерда» Конференция лигасында жақсы нәтиже көрсетті.

Осындай сәтте құрама сапында болмағаныма да өкінемін. Бірақ жігіттер үшін қуаныштымын.

— Благоевич «Астанадан» кетіп, венгриялық клубты тізгіндеді. Көп бапкерлер бұрын командасында болған ойыншыларды өзіне тартады. Мақсат Тайкеновті Венгрия чемпионатында көреміз бе?

— Ол жағын уақыт көрсетер. Егер шақырып жатса, баруға дайынмын. Жалақы жағы да проблема болмайды. Ең бастысы – ойнау. Өз атымды шығарсам, әрі қарай барлығы болады.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте