ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Қайрат» «Мараканада» масқара болып, Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады

Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңі аясындағы «Црвена Звездамен» қарымта матчта 5:0 есебімен оңбай ұтылып, биылша «қалқаң құлақ» кубокқа таласу бақытынан айырылды. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі біз үшін өкінішті аяқталған ойын туралы ойымен бөліспек.

"Қайрат"

«Райко Митич» немесе «Маракана» деген атпен танымал стадиондағы ойынның алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері шабуылға кірісіп, «Қайратты» өз жарты алаңына тықсырып бақты. Алматылықтардың қақпасында тәжірибесі толыспаған жас қақпашы тұрғанын пайдаланып, бірнеше мәрте алыстан соққы бағыттап көрді белградтықтар және 9 минутта Александр Катайдың тепкен добы Данил Устименко қорғаған қақпаның төрінен табылды. Бұл сәтте Айбол Әбікеннің соңына дейін күреспегенін айта кеткен жөн. Катаймен қатарласып, таласып келді де бір сәтте лезде тоқтап, Александрдың емін-еркін соққы жасауына мүмкіндік берді.

Осы бір голдан кейін оңтүстік астаналықтар оянып, шабуылдауға тырысқандай болып еді, бірақ мұнысынан түк шықпады. Александр Драгович бастаған тәжірибелі қорғаушылар қайраттықтардың адымын аштырмады. Керісінше 21 минутта Луи Диони көрерменнің қызметін атқарған «Қайрат» қорғаушыларының қателігінен кейін алаң иелерінің екінші голын соғып кетті. Ал 41 минутта Камо Оганесян айып алаңына жақын тұста ереже бұзып, «Црвена» айып добын тебуге мүмкіндік алды. Устименко «ұйықтап қалып», Катайдың жай ғана тепкен добы сербиялықтарға қуаныш сыйлады.

Айбол Әбікен соққы жасау барысында

Екінші тайм бастала салысымен қазақстандық клубтың ойыншылары тағы да өрескел қателік жіберді. Оганесян мен Әбікен бір-біріне соғылып, «Црвена» футболшысының допты емін-еркін алып кетіп, командаласына нәтижелі пас беруіне тамаша мүмкіндік жасап берді. Ал араға 7 минут салып, иә, тағы да қорғаушылар жұлдыз санап қалды. Филиппо Фалько «Қайраттың» төрт бірдей ойыншысының жанынан құдды бір жазық далада жалғыз желігендей өте шығып, Устименко қақпасының торын бесінші мәрте тулатты. 88 минутта қақпа бағанасы болмаса, есеп 6:0 болып, «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы ең ірі жеңіліс бойынша «Астананың» рекордын жаңартар еді. Естеріңізге сала кетсем, 2017 жылы елордалықтар «Селтиктен» дәл осындай, 5:0 есебімен жеңілді.

Осылайша «Мараканада» 15 мыңдай бүлдіршіннің алдында ұятқа қалдық. «Қайратты» ақтап, ойынға Стас Покатилов, Ғафуржан Сүйімбаев, Яцек Гуральский һәм Небойша Косович сынды негізгі ойыншылар қатыспауы себепті жеңілді деуге болады, алайда «жұлдыздар» қақпаға Стас тұрмақ Буффонды әкелсең де, тас-талқаныңды шығарардай қарқында ойнады. «Қайраттан» бір емес екі бас жоғары дәрежедегі ойын өрнегін көрсетті. Алматылықтардың қорғанысы өте төмен деңгейде екенін тағы бір дәлелді. Шабуыл шебінің де жетістірген түгі жоқ. Бас бапкер Кирилл Кекер де тактика таңдаудан жаңылды. Алғашқы минуттардан өз жарты алаңымызға тығылып, қорғаныс арқылы ойнаудың пайдасынан зияны көп болды. Қырғыз маманы матчтан кейін бар кінәні өз мойнына алатынын да айтты.

«Бас бапкер ретінде бұл жеңілістің жауапкершілігін өзіме алғым келеді. Біз білгенімізден жаңылып, өз футболымызды көрсете алмадық. Матчқа дейін мүмкіндіктеріміз 50/50 болды. Өкінішке орай, 5:0 есебімен есе жібердік. Енді бір аптадан кейін басқа еурокубоктік турнирде жағдайымызды жақсартатын мүмкіндік болады», – деді Кекер мырза.

Иә, «Қайрат» еурокубоктік ойындардағы жорығын жалғастырады. Нақтырақ, Еуропа лигасының үшінші раундында Арменияның төрт дүркін чемпиондары «Алашкерт» клубымен күш сынасады. Қос клуб бір-біріне таңсық емес, 2015 жылы дәл осы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде кездесіп, қос матч қорытындысы бойынша 4:2 есебімен алматылықтар басым түскен еді. Осы жолы да «Алашкерт» алынбайтын қамал емес, бастысы қорғаныстан қор болмасақ болғаны.

«Қайрат» пен «Алашкерт» арасындағы алғашқы кездесу 5 тамыз күні Алматыда, қарымта матч 12 тамыз күні Ереванда өтеді.

«Алашкерттен» сүрінбей өтсек, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама аламыз, ал армениялықтардан да айламызды асыра алмасақ, Конференция лигасының плей-офф раунды күтіп тұрады.

Жалпы 28 шілде қазақтандық спортшылар үшін айтарлықтай жеңілістер алып келді. «Қайраттың» Чемпиондар лигасынан ұшып кетуінен бөлек, Токио Олимпиадасында алтын болмаса да үздік үштікке енеді-ау деген үкілі үміттеріміз төрт жылдықтың басты додасындағы жорықтарын аяқтады. Бокстан Әлем чемпионы деген дардай атағы бар Бекзат Нұрдәулетов алғашқы жекпе-жегінде-ақ жеңілсе, Рио Олимпиадасында 200 метрге брасс әдісімен жүзуде чемпион атанған Дмитрий Баландин дәл осы қашықтықта финалға шыға алмады. Сәрсенбі сәтті күн болмай, тек жалғыз жағымды жаңалық болды. Ол – теннисші Елена Рыбакинаның испаниялық әлемнің экс-бірінші ракеткасы Гарбинье Мугурусаны жеңіп, Олимпиаданың жартылай финалына жолдама алуы.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте