«Қызылжар» еурокубоктік турнирлердегі дебюттік матчын «Осиек» командасына қарсы өткізеді. Осы орайда хорватиялық ұжым жайлы азды-кем ақпараттармен бөлісуді жөн көрдік.
1945 жылы «Осиек» «Ударник» деген атаумен өнер көрсетті. Кейін, 1946 жылы, «Ударник» пен «Единство» командалары бірігіп, «Славония» пайда болды. Бір жылдан кейін «Словения» «Братствомен» қосылып, «Пролетарий» клубы дүниеге келді. Бұл 1947 жылдың 2 ақпанында орын алған оқиға еді. «Осиек» осы уақытты өзінің туған күні ретінде санайды.
«Осиек» 1992 жылы алғаш рет тәуелсіз Хорватияның жоғарғы дивизионына жолдама алды. Тұсаукесер маусымдарынан-ақ қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 1994/95 жылғы маусымда осы жетістігін қайталап, тұңғыш мәрте УЕФА Кубогінде өнер көрсету құқығына ие болды. Бірінші ойындарында словакиялық «Слованнан» жеңіліп, турнирмен қош айтысты. Жалпы еурокубоктік турнирлердің іріктеу кезеңінде 37 ойын өткізіп, 18 жеңіске жетіп, 15 рет жеңілістің ащы дәмін татып, төрт мәрте тең түскен. Алайда әлі күнге дейін топтық кезеңге шығып көрмеген. Әр жылдары «Вест Хэм», ПСВ, «Андерлехт», «Рейнджерс» һәм «Базель» сынды командалармен кездескен. Өздеріңіз білетіндей, бұл «Қызылжардың» еурокубоктік додалардағы алғашқы жорығы болмақ. Петропавлдық ұжым «Осиек» секілді тәжірибесімен мақтана алмайды.
Сонымен қатар «Осиектің» Хорватия чемпионатында топ жармағанын да айта кеткен жөн. «Ақ-көктердің» ішкі біріншіліктегі ең жоғарғы нәтижесі – екінші орын (2020/21 маусым). Ал 1998/99 жылдардағы маусымда Хорватия кубогін жеңіп алған.
«Осиек» ойыншыларының жалпы құны 37,5 миллион еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншылары – Ивица Ивушич, Дион-Дрена Бельо. Екеуінің де бағасы – 4,5 миллион еуро. Ал «Қызылжардың» құны – 5,75 миллион еуро. Ең қымбат футболшысы – Мирослав Лобанцев (600 мың еуро).
«Осиек» құрамының 37,1-%-ын (13 ойыншы) легионерлер құрайды. Қазіргі таңда өз ұлттық құрамаларында ойнайтын алты футболшысы бар. Олар: Ласло Кляйнхайслер (Венгрия), Миль Шкорич, Ивица Ивушич (екеуі де – Хорватия), Марио Юрчевич (Словения) және Мервейл Ндокит (Конго). Ал «Қызылжардың» 60,9%-ы (14 ойыншы) шетелдік футболшылар. Ұлттық құрамадағы аяқдопшылар саны – 1. Қазақстанның намысын қорғайтын – Еркін Тапалов.
«Осиек» сапында қазақстандық жанкүйерлерге белгілі Ласло Кляйнхайслер мен Михрет Топчагич бар. 28 жастағы Ласло 2017 жылдан жазынан 2018 жылдың соңына дейін «Астанада» өнер көрсетті. Елордалық клуб жейдесінде 54 ойын өткізіп, екі гол соқты. Ал 33 жастағы Топчагич 2014, 2015 жылдардағы маусымда «Шахтердың» намысын қорғады. Қарағандылық ұжым үшін 61 рет жасыл алаңға шығып, 20 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеп, бес нәтижелі пас берді.
Осиектіктердің бас бапкері – Ненад Белица. 50 жастағы маман осыған дейін де Қазақстанға ат басын бұрған. 2018 жылы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде загребтік «Динамоның» бас бапкері ретінде «Астананы» жарыс жолынан шығарған – 3:0 (2:0, 1:0).
Маусымаралық үзіліс кезінде «Осиекке» тоғыз ойыншы келді. Олар: Дарко Нехасмик, Никола Янич, Марко Хануляк, Огньен Бакич, Адриан Леон Барисич, Талис, Йосип Сполярич, Симе Грзан һәм Хосе Антонио Каро. Ал кеткендер: Дамьян Бохар, Винко Петкович, және Анте Эрцег.
«Осиек» өз алаңындағы ойындарды 18 мыңнан астам жанкүйер сыятын «Градски врт» стадионында өткізеді. Ал «Қызылжар» Петропавлдағы алаңның УЕФА стандарттарына сәйкес келмеуі себепті Конференция лигасындағы қарсыластарын «Астана Аренада» қабылдайды.
Астанаға ұшып келуге әрең ұшақ тапқан «Осиек» елордаға Түркия арқылы 5 сағат 40 минут жол жүріп, ойынның басталуына 40 сағат қалғанда келді. Жолдан шаршаған хорватиялық ұжымды қызылжарлықтар жеңіп кетуі әбден мүмкін. Бірақ отандық клубтың ойнының оңып тұрғаны шамалы.
Қос клуб арасындағы алғашқы ойын 21 шілде күні елордада, қарымта кездесу 28 шілдеде Хорватияда өтеді.
Фото: «Осиек» ФК