Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңі аясындағы «Қайрат» пен хайфалық «Маккаби» арасындағы қарымта матчта алматылықтар 2:0 есебімен жеңіске жетіп, екінші раундқа жолдама алды. Осыған орай, тарихи кездесуді алаңнан тамашалаған Meta-ratings.kz тілшісі ойын жайлы азды-кем ақпаратпен бөліспек.
Өздеріңіз тамаша білетіндей Израильде өткен алғашқы кездесуде есеп 1:1 болып, тең аяқталған еді. Өз алаңымыздағы ойыннан кейін жалпы есеп 3:1-ге айналып, «Қайрат» тарихында алғаш рет израильдік клубты айналып өтті. Осыған дейін алматылық ұжым Израильдің командаларымен үш рет кім мықтыны анықтап, үшеуінде де келесі кезеңнің жолдамасы бұйырмаған еді. Осы жолы тарих беттері қайта жазылып, «Қайрат» израильдік клубтарға қарсы текетірестегі жеңіссіз сериясына нүкте қойды.
Ал енді тойдың болғанынан боладысы қызық дегендей, матч алдында «Орталық» стадионда болған жағдайларға азды-кем тоқтала кетсек. «Орталықтағы» кездесу тамаша атмосферамен басталды. Жанкүйерлерге матч алдында көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін түрлі ойын-сауықтық шаралар өткізіліп, қолдаушылардың рухына рух қосылды. Этно-фольклорлық «Құлансаз» ансамблі қазақтың ұлттық аспаптарымен Чемпиондар лигасының әнұранын орындап, естен кетпес әсер сыйлады.
Матч басталар тұста көзге ілінген тағы бір дүние болды. Жанкүйерлер Палестина елінің туын стадионға іліп, бірнеше минут тұрғаны сол еді алаңның қызметкерлері бірден жақындап, жалауды алғызып тастады. Израиль мен Палестина арасында орын алған жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірмесек те біліп тұрғаныңыз белгілі.
Ойынның алғашқы минуттарында хайфалықтар сенімдірек көрініп, «Қайратты» өзінің жарты алаңына тықты. Алайда алматылықтар да қарап қалмай, бірнеше рет «Маккаби» қақпасына қауіп төндірді. Осындай шабуылдардың бірінде, 10 минутта, Вагнер Лав есеп ашып, оңтүстік астаналықтарды алға шығарды. Одан бөлек бірінші таймда тағы да сол Вагнердің қатысуымен үш-төрт қауіпті шабуылдар орын алды. Дегенмен біздің ойыншыларға мергендік жетіспей қалып жатты. Осылайша матчтың алғашқы бөлігі 1:0 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді.
Екінші таймның 66 минутында Айбол Әбікен таблодағы есепті 2:0-ге жеткізіп, алматылықтарды тарихи жетістікке жақындата түсті. Айбол соққан голдан кейін жанкүйерлер арқаны кеңге жайып, «толқын» жасауға кірісті. Тіпті, «Айбол! Айбол! Айбол!» деп біраз қиқулатты.
Хайфалықтар қанша соққы жасап, Покатилов қорғаған қақпаның кілтін тапқысы келгенімен, Стас тамаша өнер көрсетіп, бірнеше қауіпті сәтте команданы голдан аман алып қалды. Голкипердің бүгінгі ойынына бес деген баға берсек, әбден жарасады. 28 жасар қазақстандық қақпа күзетшісінің осал тұсын таба алмаған хайфалықтар «Қайраттың» қосалқы құрамдағы ойыншыларымен жаға жыртысуға дейін барды. Бірақ мәселе үлкен дауға айналмай, сәтті аяқталып, аса қызуғандылық танытқан Сергей Кейлер мен Мохамед Әли төрешінің қызыл қағазымен «марапатталды».
Осылайша «Қайрат» 16 жыл күттірген жеңіске қол жеткізді. Алматылықтар Чемпиондар лигасында соңғы рет сонау 2005 жылы словакиялық «Петржалкадан» айласын асырған еді.
Сонымен қатар Алматы Лондонның кейпіне еніп, матчта 90 минут бойы жаңбыр себелеп тұрғанын да айта кеткен жөн. Бірер сәтте аяқдопшылардың аяғы тайып, сүрінді демесеңіз бұл нөсер ойынға қатты бір әсерін тигізді деп айтуға келмейді.
Ал жанкүйерлерге келер болсақ, олар 90 минут бойы тынбай қолдау көрсетті. Гуілдерінен құлақ тұнардай қиқулатты. «Қайраттың» жеңісіне осы бір 12-ші ойыншының көп көмегі тигені айтпаса да белгілі. Израильден келген қонақтардың құлағына тыным бермей, бір жарым сағат ән айтып, ұранды да ұрандатты. Алаңда нағыз Чемпиондар лигасының атмосферасы болды.
Сондай-ақ маңызы жоғары матчта «Қайратты» қолдауға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев, әрине де клубтың қожайыны Қайрат Боранбаев һәм Нұрлан Қоянбаев, Марат Оралғазин, Мейіржан Төребаев, Ерке Есмахан сынды белгілі әртістер және оңтүстік астаналықтардың экс-ойыншысы Бауыржан Исламхан келді.
Сонымен қатар аталған матчтың 96 минутында Жоао Пауло Хосе Кантенің орнына жасыл алаңға шығып, «Қайрат» сапында еурокубоктік ойындардағы дебюттік кездесуіне қатысты.
Жалпы матч қай жағынан алып қараса да тартысқа толы болды. Екі команданың ойыншылары өліспей-беріспейтіндерін көрсетті. Алаңда жандарын салып, шын мықтысы келесі кезеңге жол тартты. Шын мықты туралы «Маккабидің» бас бапкері де мойындап, матчтан кейін:
«Мен ешқандай да таңғалып тұрған жоқпын. Өйткені лайықты түрде жеңілдік. Алғашқы он минутты есептемегенде, біз ойыннан толықтай шығып қалдық. Қазіргі таңда бізден бір бас жоғары командадан жеңілдік», – деді.
«Маккаби Хайфа» бас бапкері Барак Бахар
Айтпақшы, израильдік жанкүйерлердің басым көпшілігі «Маккабидің» алматылықтардан жеңіліп, ұшып кетуіне дәл осы Барак Бахардың негізгі құрамды дұрыс таңдамауы себеп болды деп отыр.
Ал «Қайраттың» бас бапкері қызметін атқарушы Кирилл Кекер мырза:
«Ойыншыларға үлкен рақмет, олар біз жоспарлаған нәрселереді толықтай орындауға тырысты. Сонымен қатар жанкүйерлерге мың алғыс. Олар бүгін ғаламат атмосфера жасады. Бәріңізді алдағы ойындарға шақырамын, сіздер бізге ауадай қажетсіздер», – деді.
Кирилл Кекер
Хайфалық «Маккаби» тізе бүккеннен кейін алматылықтарды екінші кезеңде сербиялық «Црвена Звезда» күтіп тұр. Қос ұжым бір-біріне таңсық емес, осыған дейін төрт рет кездесіп, екі-екіден жеңіс тойын тойлаған. Соңғы, 2015 жылғы Еуропа лигасының іріктеуінде алматылықтар қос матчта да басым түсіп, келесі кезеңге өткен еді.
Кирилл Кекер белградтық ұжым туралы: «Бұл біз үшін әзірге жұмбақ команда», – деп қысқа қайырды.
«Қайрат» екінші іріктеу кезеңіне өткені үшін қанша қаражатқа ие болады дегенге келер болсақ, алматылықтар алғашқы раундқа қатысқанына 331 000 доллар, ал екінші кезеңде ойнайтыны үшін тағы 450 000 доллар алады. Бұл жалпы 781 000 долларды құрайды.