ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Лучшее приложение 2024*
Fonbet KZ
Самый честный бонус
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1
Winline KZ

«Жұмыссыз қалдым, Благоевич бағымды ашты». Ұлттық құрама қорғаушысы ҚПЛ-дағы алғашқы маусымы жайлы айтты

1 комментарий

«Каспий» футбол клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Мақсат Тайкенов Meta-ratings.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында ақтаулық командадағы жағдайлар, күтпеген жерден құрамаға келуі мен өзінің бағын ашқан бапкерлер жайлы айтып берді.

Мақсат Тайкенов

­— Сұхбатымыздың басын спортқа алғашқы қадамдарыңыздан бастасақ. Үлкен футболға қалай келдіңіз? Оған кім себепкер болды?

— Кішкентай кезден бастап балалармен есік алдында, аулаларда доп теуіп өстік. Футболға қызығушылық сол бала кезден басталды. Мен жеті жасымнан футболмен айналысып келемін. Менің футболшы болуыма себепші болған кісі әкем.

— Бала кезіңізде кімнің ойынына еліктеп өстіңіз және қазіргі таңда сүйікті ойыншыңыз бар ма?

— Бұрын Рональдиньоның ойыны қатты ұнайтын. Қазіргі таңда ешқандай кумирім жоқ.

— «Каспий» футбол клубының маусым барысында алға қойылған мақсаты орындалды ма? Келесі маусымнан маңғыстаулық жанкүйерлер не күте алады?

— Клуб басшылығының бапкерлік құрам мен командаға қойған тапсырмасы толықтай орындалды деп ойлаймын. Келесі маусымда тағы бірнеше сатыға жоғары көтерілеміз деп сенемін, әрине, жанкүйерлердің қолдауымен.

Максат на тренировке
Мақсаттың "Каспийдегі" алғашқы жаттығулары

— Осы маусым басталар алдында сіз негізгі команданың тізімінде болмаған екенсіз. Тек ОЖЖ-ның соңғы күндерінде команда сапына алынғандығыңыз рас па? Осы турасында айта өтсеңіз.

— Иә, ол рас. Өйткені клуб басшылығы менімен еңбек келісімшартын ұзартпады. Содан соң мен «Атырауға» барып, қаралымнан өттім. Ол жақта да командаға алынбадым да, жұмыссыз қалдым. Артынша карантин басталып, салдарынан Қазақстан чемпионаты тоқтатылды. Сол кезеңде мені Срджан Благоевич шақыртып алды. Ойыным бас бапкердің көңілінен шығып, өзімді жақсы жағымнан көрсеткеннен соң командаға қайта қосылдым.

— Срджан Благоевичтің сіздің мансабыңыздағы рөлі маңызды екен. Бұрынғы бас бапкеріңіз жайлы қандай ойдасыз? Оны «Астанамен» қандай жетістікке жетеді деп ойлайсыз?

— Елордалық клубта ол кісінің жұмысы ойдағыдай болады деп сенемін. Срджан Благоевич ең мықты жаттықтырушылардың бірі. Ойынның өзіне тән философиясымен ол жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады деп ойлаймын. «Астананың» мүмкіндіктері көбірек, оған қоса клубтың бюджеті де біршама жақсы. Бұл жағдайлар Срджан мырзаға елордалық ұжымға чемпиондық атақты қайтаруға мүмкіндік береді.

Срджан Благоевич
Мақсат үшін үлкен футболға жол ашқан Срджан Благоевич

— Сізді алматылық «Қайрат» сапына ауысуы мүмкін деген қауесеттер белең алуда. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?

— Бұл ақпаратты шындық деп айта алмаймын. Себебі, маған «Қайраттан» ешқандай да ұсыныс келген жоқ.

— «Оле-Бразил» академиясы жайлы не айта аласыз? Бұл жоба отандық футболға қаншалықты пайдалы болды?

— Өзім тәлім алған «Оле-Бразил» академиясы жайында, өз басым тек жақсы ойдамын. Өзіме қатысты айтсам, маған тигізген пайдасы орасан зор. Олай дейтінім, мен ол жерде көп нәрселер үйрендім, тәжірибе жинадым, көп пайдалы заттарды бойыма сіңіріп алдым. Соның арқасында мен осындай дәрежеде өнер көрсетіп жүрмін.

Макс дебют КПЛ

— Қазақстан Премьер-лигасындағы ең алғашқы ойыныңыз есіңізде ме?

— Әрине, есімде. ҚПЛ-да алғаш рет Алматыда «Қайратпен» болған ойында алаңға шыққанмын. Өкінішке орай, аталған ойында жеңіліп қалдық. Алғашқы ойын болғандықтан, ерекше сезімде болдым. Біріншіден, командаға көбірек көмегім тисе ғой деген ойда болдым. Ал екінші кезекте командаластарым мен бапкерлік құрамның сенімін ақтасам деген мақсат болды.

— Сіз үшін ҚПЛ-дағы ең мықты қарсылас кім, яғни қай футболшыға қарсы ойнау қиынырақ болды?

— Шынымды айтсам, оңай қарсылас болған жоқ. Әрбір футболшының өзіне тән жақсы жағы бар. Сондықтан барлық футболшыларға қарсы қиын болды дер едім.

— Биыл алғаш рет Қазақстан Ұлттық құрамасына шақырту алдыңыз. Бұл жағдай сіздің алғашқы маусымыңызда болады деп ойлап па едіңіз? Сол кездегі сезімдеріңіз бен құрамадағы атмосфера жайлы айтып бере аласыз ба?

— Біріншіден, осы сәтке жеткізген Аллаға шүкір! Екіншіден, Срджан Благоевич пен Талғат Маруаұлына ризашылығымды білдіргім келеді. Благоевич бапкерім маған мүмкіндік бермегенде, ұлттық құрамада да ойнамас едім. Ал Талғат Маруаұлы маған сенім артып, Қазақстан құрама командасына шақырып, алаңға шығарғандығы үшін рахметімді айтамын. Шынына келсек, мұндай жағдай болады деп күтпеген едім. Шақырту келгендігін алғаш естігенде керемет сезімде болдым. Құрамадағы атмосфера жақсы. Мені жігіттер жылы қарсы алды.

ұлттық құрама
Тайкенов Франциямен болған ойында "Бавария" шабуылшысы Кингсли Команға қарсы

— Әр командада алаңдағы және одан тыс көшбасшылар болады. Ақтаулық ұжым сапында және ұлттық құрамада сондай футболшы деп кімдерді атар едіңіз?

— Жеке атап өтетін болсам, «Каспий» сапында Руслан Сақалбаев, Нұрлыбек Аязбаев, Аслан Дарабаев сияқты жігіттер көшбасшылық қасиетке ие. Ал ұлттық құрамадағы барлық ойыншы көшбасшы деп есептеймін. Себебі, олар өз клубтарынан іріктеліп келген ең мықты футболшылар ғой.

— Болашақта өзіңізді қай клубтың сапында көре аласыз? Қандай армандарыңыз бар?

— Болашақта Еуропада ойнағым келеді. Әрине, Қазақстан ұлттық құрамасы бірінші орында. Арманым ел құрамасына жиі шақырылып, көк тудың астында елімнің намысын қорғап, ұлттық құраманың жеңістеріне өз үлесімді қосу.

Руслан Сақалбаевпен
Комментарии (1)
  • Максат Каралтаев
    3 года назад

    Осындай мақалаларды көбірек шығарып тұрсаңыздар екен, өзіміздің футболшыларымызды жақынырақ танитын

    0