Почеттино жұлдызды ойыншылардан жасақталған команданы өрге сүйрей ала ма?

Францияда ең көп трофейге ие болған ПСЖ кәрі қүрлықтың басты додасында топ жара алмауда. Биыл Нассер Аль-Хелаифи клубты тізгіндегеніне 10 жыл толуына орай командасын жұлдызды ойыншылармен толықтырды. Ал бас бапкер Маурисио Почеттино бұл ойыншылардың тілін таба ала ма? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Почеттино және Месси

Ия, бұл суреттегі Месси мен Почеттино екі түрлі клубтың намысын қорғап жүрді. Бірақ тағдыр екі аргентиналықтың жолын бір арнаға тоғыстырды. «Барселонаның» аңызы алдағы күндері «Тоттенхэмнің» экс-бапкері жаттықтыратын «Пари Сен-Жермен» командасына қосылады. Бұл ғана емес, Почеттино Чемпиондар Лигасын жеңу үшін командаға Жоржиньо Вейналдум, Ашраф Хакими, Серхио Рамос және Еуропа чемпионатының үздік ойыншысы Джанлуиджи Доннарумманы алдыртты. Енді бұл футболшылардың ойынын бір жүйеге келтірсе, париждік клуб көптен күткен жүлдесіне қол жеткізеді.

Почеттино қандай бапкер? Оның мінезі қандай? Жаттығу процесін қалай өткізеді? Бұл жайлы «Тоттенхэмнің» қорғаушысы Бен Дэвис: «Мен ұлттық құрамаға келіп, қанша жаттығатынымызды айтатынмын, бірақ маған ешкім сенбейтін еді», - деп пікір білдірді. Ал Джек Корк: «Почеттино қалағандай ойнау үшін сізге екі жүрек керек. Мусса Дембеле осындай қиындыққа шыдамағандықтан, «Тоттенхэмнен» кетіп қалды», - деді

Почеттино және Бен Дэвис

«Эспаньол», «Саутгемптон», «Тоттенхэм» клубтарында Почеттино шәкірттерінен жоғары қарқынмен ойнауды талап етті. Ол үшін маусымалды дайындық өте маңызды, себебі ол осы уақыттағы қиын жаттығулар командаға маусым бойы керемет ойнауға мүмкіндік береді деп есептейді.

Почеттино үшін прессинг маңызды рөл атқарады. Бұл оның барлық клубтардағы басты қаруы болды. Оның тактикасына сәйкес, прессингке барлық ойыншы қатысуы керек.

2018/2019 жылғы маусымда «Тоттенхэм» алғашқы 16 матчта 36 ұпай жинап, үшінші орынға жайғасты - бұл клуб тарихындағы ең жақсы нәтиже болды. Бірақ осыдан кейін Маурисионың бұл тактикасы жұмыс істемеді. Бар күшінен айырылған «Тоттенхэм» ойыншылары қысым жасауды тоқтатты және қарсыластың құрған ойынына еріп, солардың дегенімен ойнай бастады.

Маусым соңына дейін осылай жалғасты. Бірақ «Тоттенхэм» ойыншылары Чемпиондар Лигасында бар күшін салып, алғаш рет финалға шықты. Ақтық сында жолы болмаған Почеттино келесі маусымда сүреңсіз ойынымен көзге түсіп, ақыр соңында командадан кетті.

"Тоттенхэмнің" "Аяксты" жеңіп, финалға шыққан сәті

Почеттино Парижге келе салысымен командаға жаңа леп береді деп күтілген еді. Бірақ ПСЖ нашар ойнады. Чемпиондар Лигасынан ұшып кетті, чемпиондықтан айырылды және Почеттино алты ай ішінде шейхтар дәуіріндегі ең нашар көрсеткішке ие болған бапкер атанды, ал жақында ПСЖ Франция Суперкубогінде «Лилльден» жеңіліп қалды. Аргентиналық маман бұл сәтсіздіктің себебін маусымалды дайындықтың болмағанымен түсіндірді

Жазда оның париждік клубтан кететіні туралы қауесет тарады. Бірақ ПСЖ басшылығы Почеттиномен келісім-шартты 2023 жылға дейін ұзартты. Олар жаттықтырушының көңілінен шыққанын және оған сенетінін айтты.

Почеттино ПСЖ-мен келісім-шартын ұзартты

Почеттино жұлдызды ойыншылардан жасақталған құрамды басқара алатынана сенімді болып отыр. Тіпті футбол аңызы Лионель Мессимен де тіл табыса алатынын айтты.

«Месси - тарихтағы ең үздік футболшылардың бірі. Барлық жаттықтырушылар үздік ойыншыларды жаттықтыруды армандайды», - деді Почеттино

Почеттино және Мбаппе

Маурисиоға бас ауыртатын кез келді. Енді ол Месси, Неймар және Мбаппенің бірге ойнауына мүмкіндік беретін схема табу керек. Себебі Мессидің келуі Мбаппенің клубтағы болашағына әсер етпейді.

"Мессидің командаға қосылуы Мбаппенің кетуін білдіре ме? Жоқ. Біздің спорттық директорымыз бен президентіміз команданы барлық жағынан күшейту үшін жұмыс жасауда", - деді бас бапкер.

Маурисио өз дәуірінің атақты ойыншысы болғанын тілге тиек етейік. Ол кезінде дәл осы клубтың намысын қорғаған және үш мәрте «қалқанқұлақ» кубокті басынан жоғары көтерген. Сондықтан бұл трофейді жеңу үшін не істеу керектігін біледі. Бапкер ретінде бір рет финалда сүрінген аргентиналық маман бұл мүмкіндікті пайдаланатын шығар.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте