ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Қоңқабаев пен Нұрдәулетов кәсіпқойға кетті. Бокстан Әлем чемпионатына кімдер қатысады?

Сербия астанасы Белград қаласында өтетін бокстан Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды. Тізімде өзгеріс көп. Осы ретте Meta-ratings.kz тілшісі ұлттық құрамадағы жаңашылдыққа шолу жасап көрмек.

Бокстан Қазақстан құрамасы

АИБА-ның жаңа ережесі бойынша әлем біріншілігінде 13 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады.

Ең жеңіл салмақта Қазақстан атынан тәжірибелі Теміртас Жүсіпов барады. Негізі көпшілік оралдық жас талант Даниял Сәбит қатысатын шығар деп ойлаған. Бірақ Қайрат Сәтжанов бапкер 33 жастағы көкшетаулыққа сенім артқан жөн көрген екен.

Бес рет Қазақстан чемпионатында топ жарған, Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған Теміртас осыған дейін Әлем чемпионатына бірде-бір рет қатыспаған. Ұзақ уақыт 49 келіде Әлем чемпионаттарына Біржан Жақыпов барып жүрді. Ал 2017 жылы бапкерлер Жомарт Ержанға сенім артты. 2019 жылы Екатеринбургте бұл салмақта жүлделер сарапқа салынбады. Сондықтан Теміртасқа 33 жасында алғаш рет Әлем чемпионатында өнер көрсетуге тура келіп тұр.

Теміртас Жүсіпов

Осы Әлем чемпионатындағы қызық жағдай 13 салмақтың төртеуінде ағайынды боксшыларға мүмкіндік беріліп отыр. Алматы облысында дүниеге келген ағайынды Төлтаевтар бұл күндері Маңғыстау облысында тұрады. 2017 жылы жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Саматәлі Төлтаев 60 келіде ел намысын қорғаса, Санатәлі Төлтаев 63,5 келіде бокстасады.

Сонымен қатар елордалық ағайынды Оралбайлар бар. Екеуі де жастар арасында өздерін дәлелдеген боксшы. 80 келідегі Нұрбек Оралбай жастар арасындағы әлем чемпионы. Айбек болса жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Екіншісі Сербия шаршы алаңында 92 келіде сынға түседі.

Ағайынды Оралбайлар

Токио Олимпиадасында өнер көрсеткен 8 боксшының үшеуіне тағы мүмкіндік беріліп отыр. Оның ішінде 52 келіде қола жүлдегер атанған Сәкен Бибосынов өзгеріске ұшыраған 51 келіде қатысады. Сонымен қатар керекулік Серік Теміржанов (57 келі) пен қарағандылық Абылайхан Жүсіпов (67 келі) бар. Бұл боксшылардың екеуі бұған дейін Әлем чемпионаттарына қатысқан, жүлде алған тәжірибелі боксшылар. Бибосынов 2019 жылы қола медаль иегері атанған. Жүсіпов 2017 және 2019 жылдары үздік үштіктен көрінген.

Абылайхан Жүсіпов

Алғаш рет Әлем чемпионатының дебютаны атанып отырғандардың бәрі бірдей жас емес. Мысалы, 71 келіде қатысатын Асланбек Шымбергенов ұзақ уақыт көлеңкеде қалып жүрді. Соңғы 5 жылда ол Абылайхан Жүсіповтен әрі аса алған жоқ. Сондықтан әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына баруға мүмкіндік ала алмады. Енді 28 жастағы боксшының өзінің қарым-қабілетін Белградта көрсетуі тиіс.

Сол секілді Түркістан облысының тумасы Нұрлан Сапарбайдың жасы 24-те. Ол бірнеше жыл аса ауыр салмақта Иван Дычко мен Қамшыбек Қоңқабаевтан аса алмады. Енді екі боксшы кәсіпқойға ауысқан соң, Әлем чемпионатына қатысатын болды.

Асланбек Шымбергенов

Бокстан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев Токиодағы сәтсіздіктен кейін ұлттық құрамаға кәсіпқой боксшыларды тартатындарын айтқан. Әзірге келісім берген 2019 жылғы Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет болды. Ол 86 келіде ел намысын қорғайды.

Боксшы бірақ кәсіпқой бокстан да бас тартпайтынын айтты. Яғни екі жақты да қатар алып жүргісі келеді.

Ұлттық құраманың экс-бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев қызметінен кетер алдында Махмұд Сабырханға мүмкіндік бере алмағанына өкінетінін айтқан еді. 20 жастағы Махмұд былтырдан бері көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Өткен жылы ел чемпионатының финалында Сәкен Бибосыновты жеңді. Одан кейін Санкт-Петербургтегі халықаралық турнирдің финалына дейін жетті. Енді ол Әлем чемпионатында 54 келіде бақ сынайды.

Сонымен қатар Шымкенттің тағы бір тумасы 21 жастағы Нұрқанат Райыс бар. Ол қазіргі кезде жарыстарға Атырау облысының атынан барып жүр. Нұрқанат Әлем чемпионатында 75 келіде өнер көрсетеді. Былтыр Қазақстан чемпионатының финалында Әбілхан Аманқұлға ғана есе жіберген бұл боксшының болашағынан мамандар үлкен үміт күтеді.

Сәкен Бибосынов

Токио Олимпиадасына қатысқан боксшылардың арасында екеуі кәсіпқойға ауысты. Аса ауыр салмақтағы қола жүлдегер Қамшыбек Қоңқабаев Мәскеуге аттанды. Сол жақта кәсіпқой боксқа дайындалады.

Ал осыдан 2 жыл бұрын Екатеринбургте әлем чемпионы болған Бекзат Нұрдәулетов Ақтауда құрылған «ADAL Promotions» компаниясымен келісімшартқа отырды. Боксшыны кәсіпқой да жеке бапкері Марат Жақиев жаттықтырады. Әзірге Василий Левит ғана жоспарын нақты айтқан жоқ. Әбілхан Аманқұл жарақатын емдетеді. Сондықтан біраз уақыт бокстан қол үзетінін жеткізген болатын.

Бекзат Нұрдәулетов

48 келі – Теміртас Жүсіпов

51 келі – Сәкен Бибосынов

54 келі – Махмұд Сабырхан

57 келі – Серік Теміржанов

60 келі – Саматәлі Төлтаев

63,5 келі – Санатәлі Төлтаев

67 келі – Абылайхан Жүсіпов

71 келі – Асланбек Шымбергенов

75 келі – Нұрқанат Райыс

80 келі – Нұрбек Оралбай

86 келі – Бек Нұрмағанбет

92 келі – Айбек Оралбай

+92 келі – Нұрлан Сапарбай.

Әлем чемпионаты 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді. Біріншіліктің жүлде қоры 2,6 миллионды құрайды. Алғаш рет чемпионға АИБА тарапынан 100 мың доллар, күміс жүлдегерге 50 мың доллар, қола жүлдегерге 25 мың доллар қаржылай сыйақы берілмек.

Бек Төлеуов

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте