«Мұсылмансымақ, екіжүзді». Ағасы Погбадан 13 млн еуро талап етуде және Мбаппеге қатысты бар шындықты айтпақшы

Погба әулеті бірін-бірі әуреге салуда. Польдің ағасы Матиас інісіне сес көрсетіп, қомақты қаражат талап етуде және Польге, оның агенті Рафаэль Пиментеге, тіпті, Мбаппеге қатысты бар шындықты жайып салып, шу көтеремін деп отыр.

Погбалар

Осыған дейін олардың қарым-қатынасы жақсы сияқты көрінді. Матиас үлкен ағасы ретінде Польді қолдады. Мысалы, Матиас ойыншының МЮ-ден кетуін қалап, інісінің ол клубта бақытсыз екенін айтты, Франция құрамасының әр матчын трибунадан тамашалады. Олардың бірлескен қайырымдылық қоры болды – оның соңғы шарасы Манчестерде наурыз айында өтті. Екі ағайынды бірге ойнап-күлді және ешкім олардың арасында араздық бар екенін байқамады.

Бірақ France Info басылымының мәліметтеріне сүйенсек, кикілжің сол қайырымдылық кешінен кейін басталаған.

Бопсалау тарихы наурыз айында басталды. Басылымның хабарлауынша, қаруланған бірнеше адам, олардың арасында Погбаның достары болған, оны пәтерге қамаған. Ол кезде футболшы Парижде шағын демалыста еді. Сөйтіп олар одан 13 жыл бойы жасырын күзеткендері үшін 13 миллион еуро талап еткен. Сонымен қатар қаруланған топ Польге «Бала кездегі достарыңа бұрын жақсы қараушы едің. Жұлдыз болғалы көмектеспейтін болдың», деп шағымданған.

Погбалар

Матиас Погбаның бұл оқиғаға қандай қатысы бар? Бұл іске оның да араласып жүргені Туринде белгілі болды. Жоғарыдағы оқиғадан кейін де Погба тыныштық таппаған. Сес көрсеткендерді бірнеше мәрте «Ювентус» базасының маңайынан байқаған және ағасының да қатысы бар екенін білген. Сөйтіп клубтың заңгерлеріне жүгініп, олар полицияға хабар беріп, құқық қорғау органдары «бопсалау ісі» бойынша тергеуді бастады. Жұмыстар Италия, Англия һәм Франция елдерінде жүргізілуде.

Поль полицияға жолдастарына ылғи көмектесіп жүргенін, тек бір досын банк картасынан 200 мың еуро ұрлағаннан кейін үйден қуып шыққанын айтқан.

Погба мен Мбаппе

Поль жайлы бар шындықты айту үшін барлық әлеуметтік желіден аккаунт ашқан Матиас інісі жайлы былай дейді:

«Хахахаха, менің інім ақыры шынайы бейнесін көрсетті. Полицияға өтірік айтуды сол бастады, барлығына мені кінәлі қыла алмайсыз. Павел («Ювентустың» вице-президенті Недвед болуы мүмкін), сіз менің өтірік айтып, түрмеден бір-ақ шыққанымды қаладыңыз, осыдан күдіктенген едім. Сөздерімді дәлелдеуге және өтіріктеріңізді ашуға менде дәлел жеткілікті. Тағы да айтамын: бауырым, адамдарға айла-шарғы қолдану дұрыс емес! Мәселе ақшада емес: сен мені осыған тарттың, мен сенің кесіріңнен өле жаздадым, мені былыққа батырдың, бірақ өзің сүттен ақ, судан таза болғың келеді. Бар шындық ашылған кезде, адамдар сенен асқан қорқақ, сатқын және екіжүзді адам жоқ екеніне көз жеткізеді. Килиан, енді түсіндің бе? Саған ешқандай жаман ойым жоқ, менің сөздерімнің саған тек пайдасы тиеді, өйткені бұл рас, менде дәлел бар, бақсы белгілі! Мен сиқыршылыққа бас иген мұсылмансымақ бауырым барына өкінемін. Екіжүзді және сатқын адаммен бірге жүру – өте қорқынышты!».

Матиас Погба

Погбалар

Өткен маусымды Францияның төртінші дивизионында ойнайтын «Бельфор» командасында өткізген 32 жастағы Матиас Погба айтқандарын көпшілік есту үшін барлық әлеуметтік желіден аккаунт ашты. Мынау сондай бір желіге тараған сөздері:

«Танымал болған кезде, бүкіл әлем сізбен бірге және билік сізді мұқият тыңдайды. Бірақ бұл сені заңнан жоғары қоймайды, полиция сенің күндестерің емес. Не болса да, күтіңіздер – жақында бәрі айтылады!».

Матиас Погба

Бірақ көпшілік түсінбеген ең басты мәселе – Килиан Мбаппенің қатысы. Погбаның ағасы қандай шындықты ашпақшы? France Info дерегіне сенсек, Поль бақсылардан ұлттық құрамадағы серіктесі Мбаппенің жолын байлауды сұраған. Погбаның өзі полициямен әңгімеде мұны жоққа шығарды. Ал Матиас осы туралы тұшымды ақпараттармен бөлісіп, бақсының есімін де атамақшы.

Ал The Score басылымының хабарлауынша, егер Погбаның Мбаппені дуалағысы келген рас болса, онда ол Франция ұлттық құрамасынан қуылып, Әлем чемпионатынан тыс қалуы мүмкін.

Қалай болғанда да, әлем Погбаның үлкен ағасының не дайындағанын сарыла күтуде.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте