Осы аптадағы Еуропа Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі матчтарда көптеген қызықты оқиғалар орын алды. Бір командалар алғашқы ұпайларына қол жеткізсе, екіншілері плей-офф кезеңіне өтіп те үлгерді. Meta-ratings.kz тілшісі 4-турдағы есте қаларлық бірнеше ойынға тоқталып өткен еді.

Симеонені сан басымдығымен емес, тактикалық тұрғыдан жеңген Клопп. Ливерпуль – Атлетико (2:0)
«Ливерпуль» Мохамед Салахқа 2013 жылдан бастап қызығушылық танытқан. Liverpool Echo басылымы берген ақпаратқа сүйенсек, британдық клуб сол кездері египет ойыншысы намысын қорғаған «Базель» басшылығына бірнеше мәрте хабарласқан. Алайда, вингер лондондық команданың бас бапкері Жозе Моуриньоның өзі жасаған қоңыраудан кейін «Челсиге» өтуді жөн санаған.
Сегіз жыл ішінде Салах Жозеден көрмегенді көрді, екі италиялық командаға жалға берілді, чемпион да болды және «Алтын допқа» үміткер болып та үлгерді. 4 қарашада Мохамедтің қапталы «Ливерпульдің» «Атлетикодан» басым түсуіне көмегін тигізді.

Алаң иелерінің бастапқы минуттардағы басты жоспары оң қапталды мейдінше қанықтыру болды. Салахқа әріптестері Джордан Хендерсон мен Диогу Жота жақын ойнады, оған қоса Трент Александер-Арнольд та көмегін аяп қалмады. «Ливерпульдің» бүкіл шабуылдарының жартысы алаңның дәл осы аймағы арқылы өрбіді.
Матчтағы алғашқы гол осы тактиканың жемісі болды. Хендерсон өзімен бірге Атлетиконың үш бірдей ойыншысын оң қапталдағы Салахтың ойын аймағына тартты, сол әрекеті арқылы команда капитаны Александр-Арнольдқа айып алаңына пас асыратын бос кеңістікті сәтті ашып берді. Ал ағылшынды қорғаушы өз стиліндегі дәл пасымен Диогу Жотаның көзге түсуіне септігін тигізді. Жасыл алаңнан жұмсақ қана серпілген допты португалиялық шабуылшы басымен қақпаның жақын бұрышына бұра бағыттап, Облактың қорғаушыларға дауыс көтеруіне себеп болды.
Клопптың ойлап тапқан бұл шешімі екінші голда да көрініс берді. Садио Маненің пасынан кейін Хендерсон оңға қарай доппен жылжыды. Джорданды Марио Эрмосо күтіп алды. Қорғаушының бұл әрекеті командасының жылдам шабуылына көмектескен Трентке пас беруге арналған кеңістікті босатты. Ағылшындық футболшы өз кезегінде айып алаңына соққы тәріздес пас берді, ал Садио Мане испандық команданың қорғаушыларынан допқа жетіп, оның бағытын қақпашы күтпеген бағытқа өзгертті. Осылайша, таблодағы есеп те Энфилдтегі жанкүйерлердің пайдасына өзгерді.
«Атлетико» «Ливерпульдің» бұл тәсіліне қалай тосқауыл қоюды білмей дал болды. Диего Симеоне Салахқа қарсы екі адамды бекітті: египеттік желаяққа қарсы Эрмосо мен Янник Карраско ойнады. Алайда мадридтіктердің бапкері Мохамедтің маңайындағы ойыншыларды қалай бейтараптандыруды білмеді.

Тактикалық мәселелерге байланысты Фелипенің алаңнан қуылуы анау айталықтай шешуші рөлде болмады. Бразилиялықтың қызыл қағаз алуы «Атлетиконы» ойын құрылымын ауыстыруға мәжбүр етті: Киран Триппьер үшінші орталық қорғаушы позициясында ойнай бастады. Дегенмен, қонақтардың қиын жағдайы одан ертеректе көрінген. Ойыншылар саны тең болған кезде де Симеоне жаттықтырған жігіттер Алиссонның қақпасына бір де бір соққы жасай алмады. Тек айып алаңының сыртынан ғана бақтарын бір сынап көрді.
Қорыта айтсақ, Клопп Симеонені қызыл қағазға дейін-ақ жықты. «Ливерпульдің» сенімді ойнағаны сонша, Юрген үзіліс барысында эксперимент жасап, екі бірдей тоғыздықпен ойнауға көшті . Немістің бұл тәжірибесіне Роберто Фирминоның жарақаты кедергі жасады.
Симеонені бұл үшін кінәлауға бола ма? Жауап беру қиын. Оған екі себеп: қосалқы құрамның аздығы мен ойын күнтізбесінің жеңіл болуы.
«Ливерпульмен» болған ойынға әртүрлі себептермен Антуан Гризманн, Тома Лемар, Маркос Льоренте және Стефан Савич қатыса алмады. Аталған футболшылардың әрқайсысы «Атлетиконың» ойынына: француздар –позициялық шабуылда, испандық – әмбебаптығымен, черногориялық – қорғаныстағы қосымша күш беруімен әсер ете алатын еді. Ойыншысы алаңнан қуылғаннан кейін Симеоне ротацияның аздығынан қапталдағы ойынға ғана өзгеріс енгізе алды, Ренан Лоди мен Шиме Врсалько «Ливерпульдің» қапталдағы ойыншыларына қысым жасау арқылы шабуылға шығып отырды.
Мерсисайдтық ұжымның бас бапкері Юрген Клопп матч соңында берген сұхбатында ойын жайлы былай деді:
«Екінші таймда біз жарақаты салдарынан Фирминодан айрылдық. Жанкүйерлер голдардың көп болуын қалайды, бірақ біз соған ұмтылдық және қауіпті сәттер көп болды. Меніңше, «Ливерпуль» ойынды идеалды деңгейге жақын дәрежеде өткізді. Біз нағыз керек кезде гол соқтық. Ойын басында қарсыластарымыз алдыңғы матчқа қарағанда белсенді шабуылдады, дегенмен біз де ойынды жақсы бастадық. Шабуылдарды керемет түйіндедік, бұл әсіресе Маненің голында айқын көрінді. Қызыл қағазға тоқталар болсақ, бұндай жағдай бізге аса қатты ұнамайды. Өйткені мен 10 адамға қарсы ойнағым келмейді, алайда ақырында біз 2:0 есеімен жеңдік, бұл бір керемет кеш болды. Арбитр ойынды бақылауда ұстады, бірақ мен Манені алмастыруға мәжбүр болғандығы үшін наразымын. Әуедегі допқа таластың әрқайсысы аяғы немен аяқталары белгісіз болды. Сондықтан, мен оны ауыстырғым келмесе де, солай жасауым керек болды. Біздің негізгі мақсатымыз топтан шығу болды. Және біз мұны топтық кезеңнің аяқталуына екі тур қалғанда жасай алдық. Мен бұлай болар деп ойламадым, бірақ бұл жігіттердің еңбекпен жеткен жетістігі дер едім».
Боруссия Д – Аякс (1:3). Басы дауға қалған Майкл Оливер
Дортмундте «Боруссия» мен «Аякс» «С» тобындағы кезекті текетірестерін өткізді. «Сигнал Идуна Парктегі» ойынның тағдыры қызыл қағазға байланысты болды деуге болды. Майкл Оливердің бұл шешімі өрескел қателікке ұқсайды. Еуропалық аренадағы абыройлы ағылшындық төреші Матс Хуммельсті бірінші таймның 29-шы минутында аса қатты өрескел емес фол үшін алаңнан қуа салды.
Матс бразилиялық Антониға қарсы ойын ережесін бұзды, алаңды сырып келіп алдына құлаған неміс қорғаушысына алдымен допты тоқтатып үлгерген«Аякстың» шабуылшысы өзі келіп соқтығысты да, жасыл шөпке бар актерлік қабілетін сала құлады. Оливедің бразилиялықтың айласына сенген-сенбегені белгісіз, бірақ Антонидің өзі төрешінің бұл шешіміне таңданулы секілді. Хуммельс алаңнан кетіп бара жатқанда Антони оның қасына барып қолымен бетін жапқан күйде оны аяған кейіп танытып, қорғаушыға бірнәрселер айтып үлгерді.

Дортмундтық команданың қорғаушысы Матс Хуммелс Чемпиондар Лигасындағы алғашқы қызыл қағазы туралы наразылығын былай білдірді:
«Алаңнан қуылғаннан кейін бірден мен бұл сәттің видеосын қарадым. Маған неліктен қызыл қағаз көрсетілгенін мүлде түсіне алмадым. Төрешінің Чемпиондар Лигасының матчында мұндай шешімді неге сүйеніп қабылдағанын түсінсем бұйырмасын».
«Боруссия» ойыншыларының аздығына қарамастан бірінші болып пенальтиден есеп ашты. Бұл жерде де бас төреші қателесті, ол Беллингемге қарсы ойын ережесінің бұзылғандығын байқамады, дегенмен ВАР Оливердің бұл жолғы қателігін білдірмей жіберді. Аалйда алаң иелері кейіннен өз қақпаларына үш доп жіберді: «Аякс» мүмкін болған 12 ұпайды толық еншіледі және плей-оффтағы өз орнын белгілеп қойды.
Ал «Дортмунд» Хуммельссіз келесі турда «Спортингпен» 1/8 финалға өтуді шешетін матчты ойнайды. Қазір қос ұжымның да қоржындарында алты ұпайдан.
РБ Лейпциг - ПСЖ (2:2). Месси мен Ди Мария Паредестің жағдайына алаңдаулы
«РБ Лейпциг» пен «ПСЖ» Мессисіз өткен матчта Германияда – 2:2 есебімен тең тарқасты. Екі гол соққан Джорджиньо Вейналдум ойынның қаһарманы атанды.
Кездесу париждіктер үшін жақсы бастала қоймады: жылдам гол жіберіп алды, голды өзінен түлеп ұшқан Кристофер Нкунку соқты. Ол аз болғандай пенальтиден тағы жіберер еді, егер қақпада Доннарумма тұрмағанда. Одан соң Джорджиньоның жұлдызды шағы келді. Ойынның 21-ші минутында голландиялық айып алаңына атылған оқтай ағылып кіріп Мбаппе берген пасты қақпаға дәл бағыттады. Матч барысында бұл жағдай бірнеше рет қайталанды – Вейналдум жылдам шабуылдарға белсенд араласып, Мбаппе, Неймар мен Ди Мариядан бөлек тағы бір шабуылшының рөлін атқарды.

Үзіліске кетер шақта Джорджиньо бұрыштама добынан тағы бір гол соқты: Маркиньос голландиялыққа допты жеткізді, ал ол өз кезегінде офсайдта қалмай алыс бұрышта доптың қақпа торынан табылуын қамтамасыз етті. Бас төреші бастапқыда оффсайд болды деп голды есепке алмады, бірақ ВАР Вейналдумның бұл сәтте дұрыс позицияда болғандығын анықтады.
Ойынның соңғы сәттерінде «Лейпциг» есепті теңестірді, «ПСЖ» қақпасына екінші пенальти беогіленді, бұл жолы Донарумма командасын құтқара алмады, есеп 2:2. Поччетиноның командасы «А» тобында екінші орында келеді және плей-офф кезеңіне жолдаманы ала қойған жоқ. «Лейпциг» бірінші рет ұпай алса да, келесі кезеңге өту мүмкіндігінен айрылды.
Бұл Вейналдум үшін париждік клубтағы алғашқы голдар болды. Айата кетерлігі, бұл жағдайдың голландиялық ойыншының жаңа командасына бой үйретудегі қиындықтары жайлы әңгімелер өрбіп жатқанда орын алуы.
Француздық L’Equipe басылымы жақында мынадай ақпар таратқан: Вейналдумға қарсы «ПСЖ»-ның аргентиналық диаспорасы – Ди Мария, Икарди, Месси мен Паредес күш біріктірген. Оның себеі Джорджиньо позиция бойынша Паредестің бәсекелесі. Ал аргентиналықтар Леандроның негізгі құрамнан шығып қалуын қаламайды. Сондықтан, жаттығу кезінде Вейналдумға қолдау білдірмей жүрген көрінеді. Нәтижесінде, жартылай қорғаушы соңғы ойындарда алаңға негігі құрамда шыға алмауда (1-Лиганың соңғы 7 матчында ол негізгі құрамға 2 рет іліккен) және бұл жағдайдың өзіне ұнамағандығын жайлап жеткізген:
«Ливерпульде» біз бір құраммен көп жылдар ойнадық. Чемпиондар Лигасында жеңіске жету үшін біз команда ретінде өстік. Қазір «ПСЖ»-да өзімді «Ливерпульдегі» алғашқы маусымдағыдай сезінудемін – біз бір-бірімізге үйренудеміз. Бізде жаңа команда, біз енді ғана танысып жатырмыз».
Вейналдум «Лейпцигке» қарсы ойында өзінің «Ливерпульде» неліктен бағалы болғандығын барлығына (аргентиналықтарға да) дәлелдеді. Бәлкім, енді оның ұжымына бой үйренісуі жеңілдей түсер.
92-ші минутта жеңісті уыстан шығарып алған париждік команданың бас бапкері Маурисио Почеттино аталған матч жайлы пікірін былайша білдірді:
«Бүгінгі ойынға ризамын деп айту қиын, себебі біз ойынның тең аяқталғанына разы емеспіз. Менің көзқарасым бойынша, бұл матчтың жеңімпазын шешіп тастайтын қауіпті сәттер бізде жеткілікті болды, дегенмен жалпы алғанда, нәтиже әділ деуге болады. Барлығына талдау жасау қажет, бірақ кейде қарсыласты бірнәрсеге лайық деп айтатын кездер болады, олар шынында мықты команда болды. Біздің топта «Манчестер Ситиден» кейін екінші орында тұруымыз біз үшін ештеңе өзгертпейді. Біз Манчестерге жеңіске деген жігермен барып, топтағы тізгінді ұстауға барынша тырысуымыз қажет. Біздің мақсат – плей-оффқа өту және Манчестерге біз осы ниетпен ғана барамыз».