ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Хави «Барселонадағы» қызметіне кірісті: айыппұлдар шартын қайта іске қосты, жаңа қызметкерлерді тағайындады

Атағынан ат үріккен «Барселонаның» соңғы жылдардағы жағдайы аянышты болып барады. Чемпиондар Лигасын былай қойғанда, ішкі чемпионаттың өзінде ортаңқол командаларға тіс батыра алмай жүрген ұжымдағы қиын жағдайды шешуге жаңа бапкер келді. Команданың дүрілдеп тұрған кездегі басты қаһармандаының бірі, қазіргі таңда бапкерлік мансабында біршама жетістіктерге жетіп үлгерген Хави Эрнандес бірер күн бұрын өзі футболшы болып қалыптасқан, талай сәттерді өткерген қара шаңырағына қайта оралды. Оның командаға келе сала қандай шаруамен айналысып жатқандығын Meta-ratings.kz тілшісі көрермен назарына ұсынбақшы.

Лапорта мен Хави

9 қараша Хавидің «Барселона» футбол клубының бас бапкері ретіндегі алғашқы жұмыс күні болды. Ол келе сала жұмысты командадағы қызметкерлер құрамын өзгертуден бастады. Сонымен қатар ұжымдық режимге бірқатар өзгерістер енгізіп үлгерді. Енді бұдан былай ойыншылардың тамақтану процесін диетологтар қадағалайды. Жаттығулар реті қатаңдай түсті, футболшылардың экстремалды спорт түрлерімен айналысуына тыйым салынды. Одан бөлек олардың имидждері жайлы да сөз қозғалды. Айыппұлдар жүйесі жолға қойылмақ.

6 қараша күні «Барселонаның» баспасөз қызметі Хавидің клубтың бас бапкері қызметіне тағайындалуы туралы хабарлады. Испаниялық бапкер араға үш күн салып алғашқы жұмыс күнінде-ақ қызметкерлер құрамын қолға алып, оған қоса команданың режиміне бірқатар түзетулер жасады.

Жаңа тәртіп бойынша футболшылар ендігі жерде жаттығуға таңғы ас ішіп, өздері жұмысқа толық дайын болулары және әрқайсысы жеке дайындалулары үшін бір жарым сағат бұрын келулері керек. Ал бапкерлік құрам олардан бұрын, яғни жаттығуға екі сағат бұрын келеді. Ойыншылар диетологтардың жіті қадағалауымен базадан ғана тамақтанулары қажет. Бас бапкердің ойынша, дұрыс диета олардың мейлінше жарақат алмауына септігін тигізеді

Хави, сонымен қатар қойылған шарттарды бұзған ойыншыларға айыппұл салу жүйесін қайта жаңғыртты. Бұл жүйе командадан Луис Энрике кеткен кезеңнен бастап алынып тасталған еді. Айыппұлдар қайталанған жағдайда, оның сомасы геоматериялық прогрессия бойынша өседі. Футболшылар матчтан 48 сағат бұрын түн ортасына дейін өз үйлерінде болуы керек. Бұл шара олардың ойынға физикалық тұрғыда толық дайын болулары үшін енгізілген. Кім де кім осы шарттарды орындамаса, айыппұлмен қоса, екінші командаға кетіп қалу қаупі бар екендігі айтылды.

Хави бапкерлермен

Бір қызық жайт, енді ойыншылардың спортқа тікелей қатысы жоқ жұмыстары да бақыланып отырады. Егер кім де кім бос уақытында қала сыртына шыққысы келсе, ол үшін бапкерлік құрамның рұқсаты керек болады. Ойыншыларға денсаулыққа зияны тиюі мүмкін істермен айналысуға тыйым салынды. Атап айтсақ, футболшыларға серфинг немесе электровелосипед, скейтборд тебуге, парашютпен секіруге болмайды. Бұлай жасаса, олар өздерінің еңбек келісімшартын бұзған болып саналады. Мұның себебі, бұған дейін осындай жағдайлар кезінде жарақат алып, қатардан шығып қалған ойыншылар болған.

Ойыншылар – клубтың негізгі бөлігі. Олар жанкүйерлермен жақсы қарым-қатынаста болуы керек, олармен сөйлесіп, қолтаңба беріп және еш уақытта олармен жанжалға түспеуі керек. Сонымен қатар команда мүшелері өздерінің жүріс-тұрысына мән беруі керек, себебі олар өзге адамдарға үлгі болады.

Одан бөлек Хави бас бапкер қызметіне кіріскен соң бірнеше жаңа қызметкерлерді тағайындады. Бапкер командадағы бас физиотерапевті Хуанхо Брау мен физикалық дайындық жөніндегі бапкер Альберт Рокені қызметтерінен босатты. Олардың орнын Хавимен «Аль-Саддта» бірге жұмыс жасаған Карлес Ногейра және Иван Торрес басатын болады.

Қатарда бар және ұлттық құрамаларына бармаған футболшылар 20 қарашада Ла Лига аясында «Эспаньолмен» болатын ойын алдындағы жаттығуға жиналған сәтте жаңа бас бапкер ойыншыларға батыра сөз айтты. Ол бірнеше күн бұрын 3:3 есебімен аяқталған «Барселона» мен «Сельта» арасындағы кездесу жайлы айтып өтті:

«Сендердің қолдарыңнан бұдан үлкен нәрсе келеді. Үзіліс алдында 3:0 есебімен ұтып жатып, қарсыласқа есепті теңестіруге мүмкіндік беруге қақыларың жоқ. Бұл мүмкін емес»

Хави мен Пике

Команданың ардагері және бас бапкердің қзақ жылдар бойы командаласы болған ескі досы Жерар Пикенің El Hormiguero бағдарламасына бермек болған сұхбатын Хави болдырмай тастады. Ол Пикеге тілшілермен сөйлесуге тыйым салды. Хави испаниялық қорғаушының көп сөзге әуес екендігін және футболға қатты қатысы жоқ жиындарда бой көрсетіп жүргенін байқаған. Енді мұндай жағдай орын алмайды. Оның бұл жағдайды жақын досынан бастағандығы клубтың басқа ойыншыларына біраз нәрсені айтып тұрғандай.

Каталондық клубпен ойыншы ретінде 25 трофей ұтқан Хави Эрнандестің жаңа клубтағы алғашқы орын алатын трансфері жайында баспасөз беттерінде жарыса жазылып жатыр. Todofichajes.com басылымының мәліметінше, команданың оң қапталдағы қорғанысына ұзақ жылдар бойы сәтті жауап берген футболшы Дани Алвестің Камп Ноуға оралуы мүмкін. Бразилиялық ойыншы қазіргі уақытта еркін агент болып саналады. Хавидің ойынша, 38 жасар латераль Барсаның жас буынына өз тәжірибесімен бөлісу арқылы командаға көмегін тигізеді. Каталондықтар сапында 23 кубок жеңіп алған ардагер ойыншымен клуб қосымша бір жылға ұзартуға болатын 6 айлық келісімшарт жасаспақ.

Хави мен Алвес

Сонымен қатар Хави шабуыл шебіне жақын өнер көрсететін жас жартылай қорғаушы Тринкауды Англиядан уақытынан бұрын алдыруды көздеп отыр. Португалиялық футболшы 6 миллион еуроға ағылшын премьер-лигасында өнер көрсететін «Вулверхэмптон» сапына жалға берілген болатын. Бас бапкер бұл ойыншыға сенім артып, басшылықтан оны неғұрлым тез арада командадан көргісі келетіндігін жеткізген.

«Барселонаның» президенті Жоан Лапорта Хавидің командаға бас бапкер болып тағайындалуына байланысты бірер ауыз ойын айтып өтті:

«Біз Хавиге толықтай сенім артамыз. Ол ұжымға қиын жағдайда келіп отыр, себебі ол әлі өзгерістер жасалуы және ойыны қойылуы керек команданың тізгінін ұстады. Кезінде Франк Райкардта да осылай болған. Ал Хосеп Гвардиоланың жағдайында барлығы оңайырақ болды, себебі ол келгенде команда жасақталып қойылған болатын»

Хави «Барселонаның» бас бапкері ретіндегі алғашқы ойынын сенбі, 20 қарашада өткізеді. Ол күні каталондық клуб Ла Лига аясында өз алаңында «Эспаньолді» қабылдайды.

Аты аңызға айналған ұлы ойыншының «Аль-Саддтағы» жетістігін өзінің өскен командасында қайталай ала ма, жоқ па, ол, әрине, уақыттың еншісінде. Ең бастысы, туған командасына бұрынғы рух пен Еуропа футбол аренасындағы абыройын қайтара алса болғаны дейміз.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте