ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Гризманн рекорд жаңартты, Мокин Мбаппенің пенальтиін қайтарды. Қазақстан – Франция матчы несімен есте қалды?

Қазақстан - Франция

Қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен Қазақстан – Франция матчы да (0:2) көзді ашып-жұмғанша өте шықты. 2019 жылдан бері Қазақстан алғаш рет сары қағаз алмады. Одан бөлек Мокин Мбаппенің пенальтиін қайтарды. Төрт футболшы Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы тұсаукесер ойындарына қатысты. Әлем чемпиондарына қарсы өткен кездесудегі осы және өзге де өзекті жаңалықтарды Meta-ratings.kz тілшісі тізіп шықты.

Матч алдындағы сұхбаттардың бірінде ұлттық құрама бас бапкері Талғат Маруаұлы: «Жеңіске жетеміз деген мақсат қойсақ, кемі тең нәтижеге қол жеткіземіз», деген еді. Бірақ жігіттер, өкінішке орай, жеңіліп қалды. Дегенмен ғайбат сөздермен жерге төпейтіндей емес, жастарға мүмкіндік берілген болашағы бар ойын дейтіндей жақсы ойнады оғландарымыз.

Жалпы матчқа келер болсақ, Қазақстан ұлттық құрамасы аса сақ ойнап, дөрекілікке жол бермей, таза өнер көрсетті. Соның арқасында жігіттер араға 11 матч салып, алғашқы рет бірде-бір сары қағаз алмады. Соңғы рет 2019 жылдың қыркүйегінде Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Ресейге қарсы ойында Қазақстан сары қағазбен «марапатталмаған» екен. Бұл да бір жетістік деп түртіп қояйық.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы

Байсуфинов мырза дүйім жұрт күткендей, бірден бес қорғаушы шығарып, қорғаныс арқылы ойнап, қарымта шабуылдарға иек артатынын білдірді. Ойын бойы да дәл солай болды. Қазақстан құрамасы кездесудің басым бөлігін қорғаныста өткізіп, ара-тұра шабуылға шығып отырды. Бірақ Уго Ллорис қорғаған қақпаға бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады. Францияның марғасқалары ондай мүмкіндікке жол бере қоймады.

Дидье Дешам да таңқаларлықтай ойын көрсетуге талпынбай, жасанды алаңда жұлдызды аяқдопшылары жарақат алып қалмауына аса мән беріп, қандай есеппен болса да, үш ұпайға иелік етуді көздегендей.

Қазақстан құрамасы жайлы тағы бір айта кетерлігі, төрт бірдей ойыншы елдің бас командасындағы тұсаукесер матчтарына қатысты. Атап айтсақ, Елхан Астанов, Руслан Валиуллин, Максим Самородов және Рамазан Кәрімов. Рамазан одан бөлек тағы бір ерекше көрсеткішке қол жеткізді. Ол ақтаулық «Каспий» сапынан соңғы 25 жылда ұлттық құрамада ойнаған алғашқы футболшы атанды.

Франция құрамасы сапында да айтарлықтай рекорд тіркелді. Шабуылшы Антуан Гризманн Франция құрамасының жейдесінде қатарынан 45-ші матчын өткізіп, Патрик Виейраның рекордын (44) жаңартты. Гризманнға «Астана Аренада» гол соғу бақыты бұйырмаса да, осындай бір тарихи жетістікке қазақ жерінде жетті.

Бәріңіз көргендей, Александр Мокин құрамадағы ең қарт ойыншы екеніне қарамай, үздік атанды. Ел мақтаған Мбаппенің бірнеше соққысына тосқауыл бола білді. Тіпті Килианның пенальтиін де қайтарып, Дешам мырзаның оң бағасына ие болды. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Дидье көкеміз: «Біздің екі-үш голға артық соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы біздің шабуылдарымызға тосқауыл бола білді. Қазақстан сапынан біреуді бөліп-жарып атағым келмейді. Дегенмен де, қақапашыларыңыз ерекше көзге түсті. Ол Мбаппенің пенальтиін қайтарды», – деді. Мокин қазіргі жасынан 15 жасқа жастау болғанда, өзімен бірге Францияға алып кетердей жылы қабақ танытты. Қазақ жанкүйерлері де Мокинге көгілдір экранның артынан болса да, тік тұрып қол соғып, өнеріне тәнті болды.

Александр Мокин Францияға қарсы ойында

Месси мен Роналдуға «Алтын допты» топырлатқан белгілі France Football да Александрды Қазақстан сапындағы ең сапалы ойыншы деп танып, сайт бетін мынадай сөздермен әрледі:

«Александр Мокин ойында бірнеше мәрте ерлік жасап, тіпті Килиан Мбаппенің пенальтиін қайтармағанда, Ллористің әріптестері бұдан да көп гол соғар еді»

France Football

Жалпы алғанда Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпиондарына қарсы лайықты өнер көрсетті. Байсуфинов шәкірттері мінез бен таза футбол көрсетпегенде, бұдан да ірі есеппен тас-талқан болып сан соғар едік. Маруаұлы айтқандай, енді жігіттер тұрақтылық сақтап, дәл осындай ойын көрсетер болса, жеңістің ауылы алыс емес екені анық. Ал қатарында жаһанның дүлділдері бар Франциядан екі гол ғана өткізгенімізді абырой көру, өзімізді кемсіткенмен пара-пар. Сондықтан бұл нәтижеге де қанағаттанбай, тек алға ұмтылу қажет. Жеңіс деген дүниеге шөлдеп жүрген команда болған соң, шөл қанғанша тоқтап қалмасқа керек.

Дешам мырза жас таланттарыңыз жетерлік, болашақтарыңыз жарқын дегендей, келесі ойындарда барынша жас ойыншыларға мүмкіндік беріп, бүгінгі күнді ғана ойламай болашаққа көз салып, келер күнде келген команданың екі аяғын бір етікке тығардай құрама жасақтауға талпыну қажет.

Ең өкініштісі, әлемдік деңгейдегі команда келгенде жанкүйерлеріміздің аренадан қиқулап ұлттық құраманы қолдай алмауы. Футболсүйер қауым еліміздің бас командасын стадионнан қолпаштап отырғанда, жігіттердің жігеріне жігер қосары айтпасақ та белгілі еді.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте