ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Биыл үш не төрт кездесу өткіземін». Батыр Жүкембаев жаңа командасы, АҚШ жеріндегі дайындық және карьерасындағы қиындықтар туралы айтып берді

Meta-ratings.kz тілшісі қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаевқа хабарласып сұқбат алды. Әңгіме барысында бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін отандасымыз командасындағы жаңалықтар, АҚШ жеріне көшуі және алдағы уақыттағы жоспарлары туралы айтып берді.

Батыр Жүкембаев чемпиондық белбеулерімен

– Батыр, қалыңыз қалай? Жуырда сіз промоутеріңізді және менеджеріңізді ауыстырдыңыз. Жаңа командаңыз туралы айтып берсеңіз.

– Ассалаумағалейкум! Қал-жағдайымыз жақсы, Аллаға шүкір! Канадалық Eye Of The Tiger Management промоутерлік компаниясымен келісімшарт бұзылған жоқ. Әлі де Камиль Эстефан менің промоутерім болып қала бермек. Командамызға жаңа қосылған менеджерім Рик Мириджан – халықаралық беделі бар бокс маманы. Ол кіші Верджил Ортис, әлем чемпионы Хосе Карлос Рамирес секілді көптеген әйгілі боксшылармен жұмыс істейді. Енді жеке менеджерім ретінде кәсіпқой мансабымдағы менің де мүддемді қорғайтын болады. Рик MTK Global-дың өкілі болғандықтан, аталмыш менеджерлік компания енді ресми түрде менің «кеңесшім» атанды. Яғни, жекпе-жектерімді ұйымдастыру істеріне араласып, кәсіби әріптестік көмегін ұсынатын болады. Медиалық сұрақтарға жауапты PR-менеджерім Серік Ноян бар, жалпы «Batyr777» командасы мықты мамандармен толысып, жаңа деңгейде жұмыс істеуге кірісті. Мақсатымыз айқын, мен чемпион атану үшін аянбай тер төгудемін.

– Мұнда қандай бапкердің қол астында жаттығатын болдыңыз?

– Қазіргі жаттығатын жерім – Лос-Анджелес қаласындағы Мэнни Роблестің кешені. Бұл жердегі спорттық атмосфера мені бірден баурап алды. Бапкер қарастырған сәтімізде маған көптеген ұсыныстар келіп түскен еді. Ақырында Мэннимен кездесіп, ол маған бірден қызығушылық танытты. Жаңа бапкерім Мэнни Роблес – бокс әлемінде кеңінен танымал білікті жаттықтырушы. Оның қол астында аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанған Энди Руиз, жартылай жеңіл салмақтың чемпионы Оскар Вальдесті жаттыққан. Осындай жоғары санаттағы жаттықтырушыға келуім – менің кәсіпқой боксшы ретінде жаңа чемпиондық деңгейге өсуіме септік болмақ. Алла бұйыртса, бізді үлкен асулар күтіп тұрғанына сенемін.

Батыр Жүкембаев Мұхаммед Әли жүлдызының қасында

– Мансабыңыздың бел ортасында командаңызды неге ауыстырдыңыз?

– Жоғарыда айтып өткендей, менің командам толыққанды ауысқан жоқ, керісінше мықты мамандармен толықты. Қазіргі канадалық промоутерім Камиль Эстефанмен 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Жаңа бапкер мен жаңа менеджердің келуі – кәсіби мансабымның өрлеуіне және үлкен жекпе-жектерге шығуыма жол ашады. Алла бұйыртса, Америкалық бокс нарығын бағындырып, танымал әлем чемпионы болу дейтін командалық үлкен стратегияның бастамасы – осы деп білемін.

– Бұрынғы командаңызбен келісімшартты ұзақ мерзімге жаздыңыз. Ал жаңа командаңызбен келісімшарт қанша уақытқа жасалды?

– Қазіргі бапкерім Мэнни Роблес пен менеджерім Рик Мириджанмен келісімшарт ұзаққа жасалды. Бәріміз күш біріктіре отырып чемпион атану дейтін ұлы мақсат жолында тер төгеміз. Олар да, мен де ұзақ мерзімге ұласар әріптестікке мүдделіміз. Ісіміздің жемісті боларына мен сенімдімін.

– Кәсіпқой бокстың «меккесі» АҚШ екені анық. Сіз мұнда кеш келдім деп ойламайсыз ба?

-Өздеріңіз білесіздер, пандемия көптеген спортшылардың жоспарына күрделі өзгерістер алып келді. Осы АҚШ-қа ауысып, жаңа командалық стратегияны жүзеге асыру былтырға жоспарланған еді. Бірақ бәрі де Алланың қалауымен! Америкаға кеш келдім деп ойламаймын. Әр істің өз уақыты мен орны бар. Тек қойған мақсаттан тайқып кетпей, алға ұмтыла беру керек.

– Енді сіз жекпе-жектеріңізге АҚШ-та дайындаласыз. Ол жаққа үйреніп қалдыңыз ба?

– Қазіргі таңда Лос-Анджелес қаласында тұрып, жаттығып жатырмын. Америкаға бұған дейін де бірнеше рет келгенмін, сондықтан бұл ел мен үшін бөтен емес. Барлығына үйреніп қалдым, ауа-райы өте қолайлы, бәрі көңіліме жағады. Жалпы америкалық атмосфера қазақ боксшылары үшін таңсық емес.

Батыр Жүкембаев Рикардо Ларамен жұдырықтасу үстінде

– Канада мен АҚШ жеріндегі кәсіпқой бокстың айырмашылығын байқадыңыз ба?

– Әрине АҚШ – жаһандық кәсіпқой бокстың отаны. Бұл жақтағы бокс индустриясы өз алдына дамыған, ауқымы зор үлкен әлем. Канада - менің кәсіпқой бокстағы тұсауым кесіліп, алғашқы белбеулерімді ұтып, біраз жетістіктерге жеткен жерім. Сондықтан да бұл ел мен үшін өте ыстық. Ол жақтағы бокс жанкүйерлерінің ықыласы да әркез жадымда. Екі елдің боксын салыстыратын болсақ, әрине АҚШ-тың әлеуеті жоғары. Бірақ канадалық үлкен шоулар мен ол жақтағы боксшылардың деңгейін – әлемдегі ең үздік индустрияның бірі деп айта аламын.

– Америкада Қазақстанның намысын қорғайтын жігіттер көп. Бірақ олардың көбісі қаржылық қиындықтарға тап болып жатады. Ашығын айтқанда демеушілері жоқ. Бұл тұрғыда сіздің жағдайыңыз қалай?

– Америка болсын, әлемнің кез келген елінде жаттығып, жекпе-жектерге шығып жүрген кәсіпқой қазақ боксшылары әркез қаржылай қиындықтарға тап келеді. Қазақстандық кәсіпқой бокс федерациясы тарапынан, жеке маған ешқашан қолдау болған емес. Бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерімізге ең бірінші Алланың қалауымен, екінші өзіміздің еңбегімізбен жеттік. Боксшыларды шетелге экспорттау қажеттігі жайлы дұрыс бизнес түсінік елімізде енді пайда болуда. Кәсіпқой бокс инвестиция салуға тұратын – өте табысты бизнес моделі. Оған лайықты Қазақстанда талантты боксшылар жеткілікті.

– Шаршы алаңға шықпағаныңызға бір жылдан асып кетті. Келесі жекпе-жегіңізді қашан өткіземін деп отырсыз?

– АҚШ-қа келіп орналасып, толыққанды жаттығуларға кіріскеніме көп уақыт өткен жоқ. Келесі жекпе-жек жайлы алдағы уақытта белгілі болады. Менеджерім мен промоутерім бұл тұрғыда келіссөздер жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде, әлемдік IBF, WBC, IBO және Boxrec рейтингтерінде өте жақсы позицияларда тұрмын. Алла бұйыртса, осы жылы 3-4 жекпе-жек өткізіп титулды айқасқа шығу жоспарымызда бар.

Батыр Жүкембаев кезекті жекпе-жегінің алдында

– Жуырда сіздің келесі қарсыласыңыз Сабриэль Мартинес болады деген ақпарат шықты. Бұл қаншалықты рас?

– Күні бұрын осы боксшымен шығамыз деп дөп басып айту қиын. IBF тұжырымының бірінші жартылай орта салмақтағы рейтингінде 1-2-ші орындар қазір бос. Мен бұл рейтингтегі тізімде 8-ші болып тұрмын. Осы дивизиондағы үздік 15 боксшының арасынан, жақын уақытта чемпиондық белбеуге үміткерді анықтайтыны түсінікті. Менеджерім мен промоутерім осы мақсаттағы тиісті жұмыстарды жасау үстінде.

– Карьераңызда «қап, әттеген-ай» деген кездер болды ма?

– Кәсіпқой бокстағы бастапқы екі мүмкіндігім сәтсіз аяқталған еді. 2015 жылы қыркүйекте алғаш айқасқа шығып, екінші раундта қарсыласпен қақтығыста құлап тіземді жарақаттадым. Жекпе-жекті тоқтатылып, кейін аяғыма ота жасалып, үш ай емделдім. 2016 жылы наурызда канадалық боксшымен жұдырықтасып, ол жарақат алып қалды. Осылайша қос жекпе-жегім де саналған жоқ. Осы қиындықтар, мен үшін ауыр сынақ болғаны рас. Сол кезде өкініп, қиналған едім. Аллаға шүкір, мойымай еңбек етіп бүгінгі дәрежеге жеттік. Енді мақсат тек чемпиондық шыңды бағындыру.

– Соңғы сұрағым болсын, алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз ...

– Жоспарымыз чемпион атану! Биыл кем дегенде 2-3 жекпе-жек өткізгім келеді. Батыр Жүкембаевтың мұрасы дейтіндей кәсіпқой бокстың тарихында қалатын жолды жүріп өткім келеді. Осы ұлы мақсаттар жолында аянбай тер төгуді жалғастырамыз.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте