ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Барселона» мен «Челси» арасындағы тартыс - жазғы трансферлік терезенің басты жаңалығы

«Барселона» мен «Челси» жазғы трансферлік терезенің басты кейіпкерлеріне айналды. Каталондықтар өздері қалаған ойыншылардың барлығын дерлік алса, лондондық клубтың бұл жағынан жолы болмады. Осы жазда «Челси» «Наполиден» қорғаушы Калиду Кулибали, «Брайтон» қорғаушысы Марк Кукурелья және «Манчестер Ситидің» шабуылшысы Рахим Стерлингті сатып алды. Жақсы трансферлер жасағанымен, «аристократтар» өздері қалаған ойыншылардың бәрін қатарға қоса алмады.

Рафинья және Кристенсен

Нақтырақ айтсақ, «Челсиге» керек ойыншыларды «Барселона» жұлып кетіп отырды. Бар мәселе Антонио Рюдигерден басталды. Лондондық клубтың ойыншымен келісім-шартты ұзарту туралы келіссөздер жүргізуде қиындықтарға тап болғанын білген каталондықтар оны өзіне тартып алуға тырысты.

«Реалға» ауысқаннан кейін неміс футболшысы өзіне «Барселонаның» қызығушылық танытқанын мойындады. Алайда футболшы агентіне Мадрид пен лондондық клубтың арасында ғана таңдау жасайтынын айтты. Бұл жерде ойыншының қалауы шешуші рөл атқарды, себебі оның «Челсимен» келісім-шарты аяқталған еді.

Кристенсен

Рюдигерден кейін «Барселона» Андреас Кристенсенге көз тікті. «Челсидің» бас бапкері Томас Тухель қорғаушыға сенетінін ашық айтты. Алайда бұл даниялық ойыншыға әсер етпеді. Лондондық клубтың академиясында тәлім алған Кристенсен еркін агент ретінде Испанияға қоныс аударды.

«Челси» Рюдигердің орнына «Наполи» қорғаушысы Калиду Кулибалиді алды. Дегенмен, әлі күнге дейін Кристенсенді жоқтатпайтын футболшыны тапқан жоқ. «Аристократтар» көп ойланбай, бұл позицияға «Севильяның» қорғаушысы Жюль Кундені лайық деп тапты және трансфер жайлы клубпен де, ойыншымен де келісіп қойды. Алайда, «Челсидің» жасаған қысқа кідірісі француз футболшысының өз шешімін өзгертуіне сеп болды.

Кунде

«Біз «Челсимен» және ойыншының өзімен трансфер туралы ортақ мәміле жасасқан едік. Кенеттен бәрі тоқтап қалды. Дәл сол сәтте бізге «Барселонаның» спорттық директоры Матеу Алемани хабарласты. Олар Кундені алу үшін көп күш салды. Бірақ біз оны «Челсиге» сатайын деп жатқан едік. Ал лондондық клуб келіссөздерді тоқтатып, біраз күткісі келетінін айтты. Нәтижесінде, біз «Барселонаны» таңдауға мәжбүр болдық. Содан кейін «Челси» келіссөздерді қайта жаңартқысы келді, бірақ ол кезде «Барселонаның» ұсынысы жақсырақ болды».

«Севильяның» спорттық директоры Роман Мончи

Бұл «Челсидің» осы жаздағы алғашқы сәтсіз трансфері емес еді. Маусым айының соңында «аристократтар» бразилиялық шабуылшы Рафиньяға ұсыныс тастады. Өткен маусымда «Лидспен» Премьер-лигадан ұшып кете жаздаған футболшы болашақ туралы ойлайтын кез келгенін түсінді. Оған қаңтар айынан бері «Барселона» қызығушылық танытты. Бірақ «Лидс» сұраған ақшаны беруге шамасы жетпеді. Сондықтан ойыншы үшін күресте «көктер» көш бастады. Беделді ақпарат көздері «Челсидің» «Лидспен» Рафиньяны сатып алу туралы келісімге келгенін де хабарлады. Бірақ Испанияда ойнауды армандаған бразилиялық футболшы шілденің ортасында каталондық клубқа ауысты.

Рафинья

«Барселонаның» бұрынғы ойыншысы Деку дәл осы Рафиньяның агенті болып қызмет атқарады. Испаниялық клуб шабуылшы үшін 58 миллион еуро төледі, бірақ бұл «Челси» ұсынған ақшадан аз. Соған қарамастан бразилиялық футболшы «Барселонаға» ауысып, жолдастық матч аясында өткен Эль-Класикода гол соғып үлгерді.

Алонсо

Каталондықтар мұнымен тоқтап қалмай, «Челсидің» қорғанысын толығымен бұзғысы келді, нақтырақ айтсақ, Хавидің командасы Сезар Аспиликуэта мен Маркос Алонсоны сатып алуға дайын екенін мәлімдеді. Екі ойыншы да «Барселонаға» ауысуға өз келісімін берді, бірақ ашуға булыққан лондондықтар бұл трансферлерге тосқауыл қойды. Ақыры Аспиликуэта «ақсүйектермен» келісім-шартын екі жылға ұзартты. Ал Алонсоның позициясында ойнайтын Бен Чилуэлл жарақатынан айығып, қатарға қайта оралды, сондай-ақ Томас Тухель өз командасына «Брайтонның» қорғаушысы Марк Кукурельяны қосып алды. Сондықтан «Челси» басшылығы Алонсоны «Барселонаға» сатып жіберді. Бірақ испаниялық ойыншыны өз құрамына тіркей алмай жатқан каталониялық клуб бұл трансфер жайлы ресми ақпарат жарияламады.

Кунде, Рафинья секілді ойыншылардың лондондық клубқа ауыспағаны үшін Тодд Бёлиді жазғыруға да болады. «Челсидің» жаңа қожайыны жақсы менеджер шығар, бірақ спорттық директор ретінде мықты емес. Иә, оның көмегімен «көктер» Стерлинг, Кулибали және Кукурельяны алды. Бірақ қазір шабуылшы мен қорғаушы іздеп сабылуда. Марина Грановскаяның Рафиньяны да, Кундені де еш қиындықсыз сатып алатын қауқары бар еді. Бірақ «Челси» клубында қазір трансферлерге басқа адамдар жауап береді, нақтырақ айтсақ, соңғы шешімді Марина емес, Тухель қабылдайтын болады.

Обамеянг

Өз кезегінде «Челси» де қарап қалмай, «Барселонадан» ойыншы алуға кірісті. Лондондықтар бар назарын бұған дейін Томас Тухельмен бірге «Боруссияда» жұмыс істеген Пьер-Эмерик Обамеянгқа аударды. Хави 33 жастағы шабуылшыны жібергісі келмейді, бірақ Левандовскидің «Барселонаға» ауысуы жағдайды қиындатты. Габондық шабуылшы «Челсидің» ұсынысын қарастыруға қарсы емес. Ал каталондық клуб былтыр тегін келген бұл футболшы үшін 25-30 миллион еуро сұрауда.

Де Йонг

«Барселонаның» бас ауыртатын мәселесіне айналған Френки де Йонгке де жаңа команда табылған секілді. Голландиялық жартылай қорғаушы «Манчестер Юнайтедке» ауысудан үзілді-кесілді бас тартты. Ол Испанияда қалып, сол баяғы жалақысын алып жүре бергісі келеді. Ал «Барселона» оған бұрынғыдай жалақы беруге дайын емес, олай жасауға жағдайы да жетпейді. Футболшыны «Челси» қуана-қуана сатып алғысы келеді, енді бәрі тек де Йонгке байланысты. Каталониялық клубтың басшылығы оны командадан шеттетуде, ал «аристократтар» «Манчестер Юнайтед» секілді Еуропа лигасында емес, Чемпиондар лигасында ойнайды, сондай-ақ талап еткен жалақысын төлеуге дайын.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте