ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Қазақстан Өзбекстан теке-тіресі, Пакьяоның ізбасары – Аманқұлдың басты қарсыласы. Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкерімен сұхбат

Боксшыларды Токио Олимпиадасының қарсаңындағы соңғы жарыс күтіп тұр. Яғни 21 мамыр мен 1 маусым аралығында бокстан Қазақстан құрама командасы Дубайда (БАӘ) өтетін Азия чемпионатына қатысады. Осы дүбірлі бәсекенің алдында боксшылардың елордадағы жаттығуына қатысып, бас бапкер Ғалымбек Кенжебаевпен сұхбаттасып қайтқан едік.

Ғалымбек Кенжебаев

– Ғалымбек Қалиұлы, алда Азия чемпионаты өтеді. Құрлық біріншілігіне дайындықтарыңыз қалай?

– Биылғы Азия чемпионатын аяқ астынан БАӘ-нің Дубай қаласы қабылдайтын болды. Өйткені Үндістанның Дели қаласы пандемияға байланысты өткізе алмады. Дайындығымыз жақсы, жігіттердің бәрі сақадай-сай. Құрлық біріншілігіне алдымен Олимпиада жолдама алған 8 боксшыны қостық. Сонымен қатар АИБА ережесімен өтіп жатқандықтан мұнда 10 салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынады. Сондықтан 49 келіде Даниал Сәбит пен 56 келіде Махмұд Сабырханды алып отырмыз. Екеуі де соңғы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары. Бұл жерде Махмұдты бір салмаққа көтердік. Ол Қазақстан біріншілігінде 52 келіде топ жарған. Есесіне, Олимпиадаға 57 келіде қатысатын Серік Теміржан Азия чемпионатына 60 келіде барады.

– Махмұд Сабырхан 56 келіде қатысатынын айттыңыз. Алдағы уақытта да осы салмақта бақ сынай ма?

– Оның салмағы аса қатты ауыр емес. Жылдың аяғына дейін 52 келіде бокстаса береді. Әрине, жас спортшы, сондықтан алдағы уақытта салмағы өсуі мүмкін. Ол жағын уақытысында көре жатырмыз.

– Серік Теміржанов Олимпиада ойындарында 57 келіде өнер көрсетеді. Бірақ Азия чемпионатында басқа салмақта қойған екенсіздер. Бұл өзгеріс Олимпиадада әсер етпей ме?

– Жоқ, әсері болмайды. Азия чемпионатында 60 келіде қатысса, Олмпиадаға 57 келіде барады. Мұнда ондай салмақ жоқ. Ал 56 келі үшін тағы бір келі салмақ түсіру керек. Оңай емес. Сондықтан осындай шешім қабылдадық. Олимпиаданың алдында салмақ қуғызып, шаршатпағанымыз дұрыс. Оның үстіне, Серік Теміржанов 60 келіде бұрын да бокстасып көрген.

Боксшылар

– Дубайда бокстан мұндай деңгейдегі жарыс өтпеген болар?

– Иә, дұрыс айтасыз, Дубай бұрын-сонды әуесқой бокстан құрлық біріншілігі, әлем чемпионаттарын қабылдап көрмеген. Алғаш рет өткізгелі отыр. Ешқандай халықаралық жарыстар да болмаған. Дубай санитарлық талаптары сақтап отырған қалалардың бірі. Сол себепті АИБА сеніп тапсырды.

– Биыл мақсаттарыңыз қандай? Өйткені соңғы екі Азия чемпионатында Қазақстан жалпы командалық есепте Өзбекстаннан қалып қойған еді...

– Мақсатымыз бар, әрине. Дайындығымыз жақсы екенін айттым. Осы жолы реті келсе есе қайтаруға тырысамыз. Өзбек боксшылары да мықты. Әлемдегі ең үздік команда болып тұр. Бірақ біз де осал емеспіз.

– Дубайдағы шаршы алаңда кімдерден жүлде күтесіз?

– Әрине, барлық боксшыдан жүлде күтеміз. Азия чемпионаты оңай болмайды. Қазір әлемдегі ең мықты боксшылар сол Азия елдерінде деп айтуға болады. Біздің қарсыластарымыз – Өзбекстан, Үндістан, Тайланд, Корея, Қырғызстан, Иордания боксшылары, Филиппины, Жапония, Қытай, Монғолия... барлық мемлекеттерде бокс жақсы дамып жатыр.

Нурдаулетов Бекзад

– Санкт-Петербургте өткен турнирде Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Бобо-Усмон Батуровтан есесін қайтарды. Осыдан кейін Абылайхан Батуровты қалай жеңуге керектігін түсінген шығар?

– Батуровты 4 жылдан бері жақсы білеміз. 2018 жылғы Азия ойындарының финалында және 2019 жылғы Азия чемпионатында да Шымбергеновтен басым түскен еді. Осы жолы Асланбек жақсы дайындықпен барып, Санкт-Петербургте есесін қайтара алды. Абылайхан онымен екі рет жолығып, екеуінде де жеңген. Сондықтан әбден қыр-сырын біледі. Мәселе жоқ деп ойлаймын.

– 75 келідегі Әбілхан Аманқұл филиппиндік Эумир Феликс Марсиальдан бір рет жеңілгені бар. Осы жолы оған арнайы дайындалуға мүмкіндігі болды ма?

– Марсиаль әлемдегі мықты боксшылардың бірі. Карантин кезінде отандасы Мэнни Пакьяоның промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасып, АҚШ-та Фредди Роучтың қарамағында жаттықты. Ал қазір құрама командасына қайта оралып, Азия чемпионатына қатысады. Осы жолы кездесіп жатсақ, реванш аламыз деп ойлаймын.

Ғалымбек Кенжебаев

– Карантин кезінде Абылайхан Жүсіпов, Бекзат Нұрдәулетов, Қамшыбек Қоңқабаев үшеуі карантин кезінде кәсіпқой бокс кештеріне қатысты. Осының пайдасы тиді ме?

– Әрине, пайдасы тиді. Өздеріңіз білесіздер, карантин кезінде әуесқой бокстан ешқандай жарыс болмады. Боксшыларға практика қажет. Онсыз қиын. Сондықтан кәсіпқой бокстан жарыстар өтіп жатқандықтан ұсыныс түскенде, келісім бердік.

– Азия чемпионатынан кейін Олимпиадаға қайда дайындаласыздар?

– Токио Олимпиадасына Қазақстанда дайындық жүргіземіз. Дубайдан келген соң, 5 күн Ақбұлақтағы АИБА-ның базасында оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Мұнда физикалық күш қуатты арттыратын жаттығуларға мән береміз. Одан кейін бір апта боксшыларды үйлеріне жіберіп, сосын қайта жмналамыз. Басқа да Олимпиадаға қатысатын боксшылар келеді. Спаррингтік жекпе-жектер өтеді. Сөйтіп, Олимпиадаға Алматыдан 16 шілдеде аттанамыз.

21 мамыр мен 1 маусым аралығында Дубайда өтетін бокстан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы:

49 келі: Даниял Сәбит;

52 келі: Сәкен Бибосынов;

56 келі: Сабырхан Махмуд;

60 келі: Серік Теміржанов;

64 келі: Закир Сафиуллин;

69 келі: Абылайхан Жүсіпов;

75 келі: Әбілхан Аманқұл;

81 келі: Бекзат Нұрдәулетов;

91 келі: Василий Левит;

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев.

Бек Төлеуов

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте