ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Қазақстан қысқы Олимпиадаларда қалай өнер көрсеткен һәм Бейжіңде ел намысын кімдер қорғайды

4 ақпан күні көптен күткен Бейжің қысқы Олимпиадасы бастауын алады. Қазақстан құрамасы да дүбірлі додаға дайындықты аяқтап қалды. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі еліміз осыған дейінгі ақ Олимпиадаларда қалай өнер көрсеткенін еске алып көрмек. Сонымен қатар Бейжіңде ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімімен танысамыз.

Владимир Смирнов

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде көк тудың астында алғаш рет 1994 жылы Лиллехамерде өткен қысқы Олимпиадаға қатысты. Норвегия жерінде жасаған жорығымыз тарихымыздағы алғашқы және ең сәттісі болып тұр. Өйткені осы уақытқа дейін ондай жетістікке жетпедік.

Қазақ спортында аты алтын әріптермен жазылатын шаңғышы Владимир Смирнов сол жылы тарихымыздағы алғашқы және әзірге соңғы алтын жүлдені алды. 50 шақырымға классикалық стильмен жүруден үздік уақытты көрсетіп, алтыннан алға тағынды. Сонымен қатар 10 шақырымға дәл осындай әдіспен жарысудан алтынға қол созым жерден тоқтап, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ 15 шақырымға еркін стильмен із қуу бойынша да күміспен күптелді.

Міне, «Даңқ» орденінің иегері осылайша үш түрлі қашықтық бойынша ел қоржынына жалғыз өзі үш медаль салып, Қазақстан бір алтын, екі күміспен жалпы есепте 12-ші орынға тұрақтады.

Аталған Олимпиадада көк туымызды трамплиннен секіруші Қайрат Биекенов Оразбайұлы ұстағанын да айта кеткен жөн. Норвегияға сегіз спорт түрінен 29 спортышымыз барып, Смирнов мырза ғана жүлдегерлердің қатарынан көрінді және қазіргі таңға дейін қысқы Олимпиада чемпионы атанған жалғыз спортшымыз болып тұр. Бейжіңде бұл олқылықтың орны толып, тағы бір, тіпті, бірнеше чемпионды көреміз деп үміттенеміз.

Владимир Смирнов

Одан кейін отандастырымыз 1998 жылы Наганоны бетке алды. Жапония жеріне сегіз спорт түрінен 60 спортшы барып, екі қолаға қол жеткізді. Тағы да Владимир Смирнов жүлдегерлер қатарынан көрінді. 15 шақырымға еркін стильмен із қуу бойынша қола жүлдегер атанды. Ал екінші қоланы конькиші Людмила Прокашёва алды. Людмила анамыз 5000 метрге конькимен жарысудан үздік үштікті қорытындылады.

Владимир Смирнов көк туды ұстаған Олимпиаданы екі қоламен аяқтап, жалпы есепте 20-шы сатыға жайғастық.

Араға төрт жыл салып, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиге ат басын бұрдық. Алайда АҚШ жеріндегі төрт құрлықтың басты додасы біз үшін сәтсіз аяқталды. Алғаш рет ақ Олимпиададан жүлдесіз қайттық. Жеті спорт түрінен барған 51 (20 ер, 31 әйел) спортшымыздың біреуі де жүлдеге қол соза алмады. Осылайша конькиші Радик Бикчентаев ту ұстаушы болған Олимпиада тарих қойнауында жүлдесіз қалған тұңғыш Олимпиада деген атпен қалды.

Бұл сәтсіз Олимпиаданы ұмытып, 2006 жылы Туриндегі турнирде топ жаруды көздедік. Алайда осы жолы да төрт жыл бұрынғы жағдай қайталанып, қатарынан екінші мәрте Олимпиада жүлдесінсіз қалдық. Хоккейші Александр Корешков бастап барған 4 спорт түрінен 67 спортшының бәрі жүлде ауылынан алыс қалды. Шаңғы жарысынан командалық спринтте алтыншы орын алған Николай Чебатько мен Евгений Кошевойдың нәтижесі ең жоғарғы болды.

Қазақстан алтын алған спортшыға сол Олимпиадаға қатысқан елдер арасындағы ең жоғарғы сыйақы 200 мың доллар, күміске – 150 мың, ал қолаға 50 мың АҚШ долларын береміз дегенмен, бұл спортшыларымызға қатты мотивация болмағандай, бірде-бір медаль еншілей алмадық.

Елена Хрусталёва

Одан кейін алдыңғы екі Олимпиададағы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2010 жылы Ванкуверге сегіз спорт түрінен 37 спортшы аттанды.

37-нің ішінен биатлоншы Елена Хрусталёва ерекшеленіп, жекелей сында 41:13,5 уақыт нәтижесін тіркеп, күміс жүлдеге қол жеткізіп, Канададағы жалғыз жүлдегеріміз атанды. Осылайша екінші орынға уәде етілген 150 мың долларға ие болды. Сол кездегі үкімет басшысы алтынға – 250 мың доллар, күміске – 150 мың, ал қолаға 75 мың тағайындаған еді.

Ашылу салтанында көк туымызды биатлоншы Диас Кенешев желбіреткенін де айта кеткен жөн.

2014 жылы көршілес Ресей елінің Сочи қаласындағы Олимпиадаға 11 спорт түрінен 58 спортшы барды. 58-дің ішінен мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ғана жүлдегерлер қатарына еніп, қоржынға қола салды. Сөйтіп, жалғыз қола медальмен жалпы есепте 26-шы сатыға жайғастық.

Алайда мәнерлеп сырғанаудан тарихымыздағы алғашқы Олимпиада жүлдегерінің ғұмыры ұзақ болмады. 2018 жылы бар-жоғы 25 жасында біреудің мүлкінен пайда іздейтін сұғанақ қол қарақшылардың қолынан қаза болды.

Қазақстан үкіметі уәде еткен сыйақыға келер болсақ, алтынға – 250 мың доллар, күміске – 200 мың доллар, ал қолаға 75 мың АҚШ доллары тағайындалды.

Денис Тен

Осылайша араға төрт жыл салып 2018 жылы Қазақстан Пхёнчханға аттанды. Оңтүстік Кореяға тоғыз дисциплинада бақ сынайтын 46 спортшымыз барды. Көк туымызды желбірету бақыты шорт-трекші Абзал Әжіғалиевке бұйырды.

Олимпиадаға төрт дүркін Азия чемпионы, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері болып аттанған Алексей Полтаранин мен өзінің соңғы Олимпиадасына бара жатқанын сезбеген мәнерлер сырғанау шебері Денис Тен сынды басты үміттеріміз жүлдеге қол соза алмады. Денис Тен Олимпиада алдында алған ауыр жарақатынан кейін бабына келе алмай, Пхёнчхан мұз айдынында сәтсіз өнер көрсетіп, үздік ондыққа да кірмей қалды.

Ал жалғыз жүлдеге фристайл-могулдан бақ сынаған Юлия Галышева қол жеткізді. Ол ел қоржынына қола медаль салды. Осылайша тағы да жалғыз жүлдемен жалпы есепте 28-ші орынға ие болдық.

Жалпы азат ел ретінде жеті ақ Олимпиадаға қатысып, барлығы сегіз жүлде алдық. Оның біреуі – алтын, үшеуі – күміс, төртеуі – қола. Ең үздік көрсеткішімізді Смирнов мырза бір алтын, екі күміс алған Лиллехамерде тіркедік. Жалпы есепте де содан кейін маңайына жуымаған 12-ші сатыға жайғасқан едік. Содан бері алғашқы Олимпиадамыздағы жетістікті қайталай алмаудамыз.

Юлия Галышева

Ал енді алдағы Олимпиадаға азды-кем тоқталып өтсек, Қазақстаннан Бейжіңге 34 спортшы, жалпы 100 адам шамасында барады. Бюджеттен Олимпиадаға қатысуға 228 миллион теңге бөлінеді екен. Ал дайындыққа 400 миллион теңгеге жуық қаражат кетіпті.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы сегізінші қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туымызды Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова желбіретеді.

Үкіметтен берілетін сыйақы мөлшері де белгілі: бірінші орынға – 250 мың доллар, екіншіге – 150 мың доллар, үшіншіге – 75 мың доллар.

Дүбірлі додаға үкілеп қосқан дүлділдеріміз мынадай ерекше дизайндағы сапалы әрі жылы формамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Қазақстан тарихында тұңғыш рет олимпиадалық құраманың формасы қазақша «QAZAQSTAN» деген атаумен шыққанын да айта кеткен жөн. Осыған дейін киімдерімізде «Kazakhstan» атауы жазылатын еді.

ҰОК ұсынған Бейжіңде көк туымызды желбіретуге барын салатын 34 спортшының тізімі төмендегідей:

Шаңғымен жарысудан еліміздің атынан екі ер адам және бес әйел адам сынға түседі. Олар: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.

Фристайл-могулдан бақ сынайтын спортшылар тізімі: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.

Шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев Қазақстан намысын қорғайды.

Тау шаңғысынан қазақстандық Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарыс жолына шығады.

Шаңғымен секіруден Сергей Ткаченко мен Данил Васильев Олимпиада жолдамасын иеленді, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаровқа сенім артамыз. Ол аталған спорт түрі бойынша Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған қазақстандық ретінде тарихта қалмақ.

Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузинге жанкүйер боламыз.

Шорт-тректен бес спортшы бақ сынайды. Олар: Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан қысқы спорт түрлерінен мықты елдердің қатарына кірмейді. Барған Олимпиадамыздан жалғыз жүлде алғанымыздың өзі үлкен жетістік болып саналады. Сондықтан Бейжіңге баратын 34 спортшымыздың кемі біреуі олжалы болады деген үміттеміз.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте