ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Қазақстан Суперкубогі. «Тобыл» 2011 жылы кеткен есені қайтара ала ма?

Қазақстан Суперкубогінің финалында елордалық «Астана» мен қостанайлық «Тобыл» күш сынасады. Аталған ойында кімнің асығы алшысынан түспек? Ел чемпиондарын жарыс жолынан шығарған қостанайлықтар елордалықтардың да апшысын қуыруға қауқарлы ма, әлде «Астана» «Тобылды» 2011-дегідей тізе бүктіре ме? Осы және басқа да сұрақтарға Meta-ratings.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Айызды қандырған жартылай финал

Қостанайлықтар жартылай финалда алматылық «Қайратпен» футболға шөлдеп жүрген жанкүйердің шөлін басардай тамаша ойын көрсетіп, екеуара алты бірдей гол соғып (3:3), матч соңындағы пенальтиден «Тобыл» жеңімпаз атанды. Ал елордалықтар қарағандылық «Шахтерді» ұзаққа созбай негізгі уақытта-ақ жауапсыз қос голмен жазалап, 2:0 есебімен жарыс жолынан шығарды.

Осылайша үшінші орынға оңтүстік астаналықтар мен «кеншілер» таласып, төрешілердің әділ төрелігіне күмән тудыратын тартысты ойында «Қайрат» жеңіліп жатып, 2:1 есебімен жеңіспен қоса қола медальді де жұлып әкетті. Сонымен қатар үшінші орын үшін тігілген 5 миллион теңгені де олжалағанын айта кеткеніміз жөн.

Ал енді Қазақстан Суперкубогінің финалында бақ сынайтын бақытты клубтарға келсек, «Астана» мен «Тобыл» өзара 33 рет кім мықтыны анықтапты. Соның 19-ында елордалықтардың мерейі үстем болса, жеті ойында «Тобыл» жеңіс тойын тойлапты. Қалған жеті кездесуде тең есеп тіркелген. Статистиканы жаны сүйетін жандарға тағы да мынадай бір сандар бар: нұр-сұлтандықтар «Тобыл» қақпасына 50 гол соқса, қостанайлықтар 28 мәрте «Астана» қақпасының кілтін тауыпты. Қос тараптың соңғы он кездесуінде «Тобыл» тек екі мәрте жеңіске жетсе, «Астана» алты рет басым түскен.

Негізгі ойыншыларынан айырылған қос финалист

Сандарға сөз берсек «Астананың» айқын басымдылығы байқалады. Бірақ қазіргі таңда қаржылық қиындықтарға байланысты бірнеше негізгі ойыншыларынан айырылып қалған, чемпиондықты «Қайратқа» беріп қойған елордалықтар «Тобыл» сескенердей баяғы «Астана» емес. Бірақ Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарында құры қарап қалмай, босниялық Семир Смайлагич, армениялық Вараздат Ароян сынды сапалы легионерлерді алды. Сонымен қатар команданың негізгі ойыншысы Марин Томасовты клубта сақтап қалды. Сондай-ақ жергілікті жас ойыншыларға көптеп мүмкіндік беруді шешті. Осы дүниелер «Астананың» кубокты басынан асыруға себепкер болуы мүмкін.

Қостанайлықтар да маусымаралық үзілісте Джаба Канкава, Ника Квеквескири сынды белді футболшыларымен қоштасса да, екі грузиялықты жоқтатпайтын тағы бір грузиялық ойыншы Элгуджа Лобжанидзені қатарға қосты. Сонымен қатар «Ливерпульдің» гвинея-бисаулық түлегі Тони Сильва мен дебюттік ойнында-ақ мергендігімен көзге түскен Асхат Тағыберген және Түркияның «Ризеспорынан» аттай қалап алдырған сербиялық Душан Йованчичпен толықты. «Қайратқа» қарсы жартылай финалдық ойында «Тобылдың» негізгі құрамында тоғыз қазақстандық аяқдопшы алаңға шықты. Соның бесеуі (Нұрғалиев, Мокин, Малый, Мужиков, Тағыберген) «Астананың» экс-ойыншылары екен. Одан бөлек бас бапкер Григорий Бабаян да нұр-сұлтандық клубта еңбек еткенін білесіздер. Финалдық ойында аталған футболшылар алаңға шықса, бұрынғы клубтарына қарсы ерекше талпыныспен ойнап, қалай да жеңіске жетудің жолын іздейтіні анық. Ал «Астананың» сапында бұрын қостанайлықтар намысын қорғаған екі ойыншы бар. Олар қақпа күзетшісі Непагодов пен шабуыл өтіндегі Мұртазаев. Непогодов негізгі құрамнан шықса, Мұртазаев қосалқы құрамнан қосылуы әбден мүмкін.

«Тобылдың» 2011 жылы кеткен есесі...

Клубтардың қазіргі жағдайы жайлы азды-кем айтып болсақ, 2011 жылғы Суперкубоктағы текетірес жайлы да тілге тиек етейік. 2011 жылдың 2 наурызы «Астана Аренадағы» 4 мыңнан аса жанкүйердің алдында 2010 жылғы Қазақстан чемпиондары «Тобыл» мен кубок иегері кейіннен «Астанаға» ауысқан «Локомотив» күш сынасты. Алғашқы минуттардан белсенді болған елордалықтар 15 минутта Игорь Бугаевтің голының арқасында есепте алға шықты. Ал «Тобыл» екінші таймда оянып, 54 минутта Александр Кислицын есепті теңестірді. Бірақ дәл осы Кислицын қаһарманнан антиқаһарманға айналып, 60 минутта айып алаңында ереже бұзып, Игорь Бугаевтің пенальтиден көзге түсіп, ойындағы екінші және жеңісті голын соғуға септігін тигізді. Осылайша «Локомотив» молодовалық сұрмегеннің қос голының арқасында алғашқы Суперкубогін қоржынға салды. Одан кейін «Локомотивтен» «Астанаға» ауысып, тағы да төрт (2015, 2018-2020) суперкубокты олжалады. «Тобылды» екінші рет жеңсе, елордалықтар алтыншы жүлделеріне қол жеткізеді. Сонымен қатар «Астана» 2013, 2016 және 2017 жылдары қарсыласқа жол беріп, күміспен күптелген.

Ал «Тобыл» Суперкубокта жеңіске жетіп көрмеген. 2008, 2011 жылдары кубокқа таласқанымен, 2008 жылы «Ақтөбеге», 2011 жылы «Астанаға» тізе бүкті. Алғашқы кубокты ұтуға берілген үлкен мүмкіндік пен кеткен есені қайтару үшін қостанайлықтар жан беріп ойнайтыны сөзсіз.

«Астана» алтыншы рет суперкубокта жеңіске жете ме, әлде «Тобылға» алғашқы рет суперкубокты басынан асыра көтеру бағы бұйыра ма? Бұл сұрақтың жауабын 6 наурыз «Түркістан Аренада» Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-де QAZSPORT телеарнасы мен ресми сайтындағы тікелей көрсетілімнен біле аламыз.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте