ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Алғашқы медаль қоржында һәм қазақстандықтардың Олимпиада екінші күніндегі нәтижелері

Төрткүл дүние көз тіккен төрт жылдықтың басты додасының қазақстандықтар сынға түскен екінші ойын күні мәресіне жетіп алғашқы жүлде де қоржынымызға түсті. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі 24 шілде күні жарыс жолына шыққан отандастарымыздың нәтижесімен бөліспек.

Елдос Сметов

Дзюдо. Әйелдер. Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг)

Бүгін Қазақстан атынан бірінші болып шыққан дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг сәтті өнер көрсете алмады. Токио татамиіндегі алғашқы және соңғы белдесуінде қытайлық Ли Яняньге есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Естеріңізге сала кетсек, Галбадрах 2016 жылы Риода өткен Олимпиадада қола жүлдегер атанған еді.

Галбадрах Отгонцэцэг - Ли Янянь

Дзюдо. Ерлер. Елдос Сметов (60 кг)

Алтын жүлдеге басты үміткеріміз Елдос Сметов жарысты екінші айналымнан бастап, алғашқы кездесуін түркиялық Мехраж Аққұсқа қарсы өткізді және «иппон» әдісімен таза жеңді. Ширек финалда оңтүстік кореялық Ким Вон Джинмен күш сынасып, оны да «иппон» әдісімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Олимпиада қожайыны Наохиса Такатомен белдесіп, негізгі уақыт тең аяқталып, Golden Score-да қос балуан 7 минуттай айқасып, жапониялық дзюдошы бірінші болып әдіс жасап, финалға жолдама алып кетті. Ал қола медаль үшін таласта нидерландық Торнике Цакаджоемен күресіп, Golden Score-да асығы алшысынан түсіп, ел қоржынына Токио Олимпиадасындағы алғашқы жүлдені салды.

Елдос Сметов

Бокс. Ерлер. Серік Теміржанов (57 кг)

Боксшыларамыздан шаршы алаңға бірінші болып көтерілген Серік Теміржанов венгриялық Ролан Галошты сенімді түрде 5:0 (30:27, 30:27, 30:27, 30:25, 30:25) есебімен жеңді. Сонымен қатар Серік жекпе-жек барысында Роланды екі мәрте нокдаунға түсіргенін де айта кеткен жөн. Серік екінші кезеңде америкалық Дьюк Раганмен жұдырықтасады. 23 жасар қазақстандық пен АҚШ былғары қолғап шебері арасындағы жекпе-жек 28 шілде күні өтеді.

Серік Теміржанов - Ролан Галош

Теннис. Әйелдер. Жекелей сын. Елена Рыбакина

Үлкен теннистен кортқа алғаш болып шыққан Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 1 сағат 11 минутқа жалғасқан кездесуде австралиялық Саманта Стосурдан 6:4, 6:2 есебімен айласын асырды. Осылайша Елена мансабындағы тұңғыш Олимпиадасында екінші кезеңге өтті. Рыбакинаның келесі қарсыласы швециялық Ребекка Петерсон болмақ. Қос теннисші арасындағы кездесу 26 шілде күні елорда уақытымен 08:00-де басталады деп жоспарланған.

Елена Рыбакина

Теннис. Ерлер. Жекелей сын. Александр Бублик

Ерлер арасындағы Қазақстанның үздігі Александр Бубликке жеребе жолдас бола қоймады. Алғашқы айналымнан-ақ әлемнің екінші ракеткасы Даниил Медведевке (Ресей) түсіп қалды. 1 сағат 41 минутқа жалғасқан кездесуде Даниил 4:6, 6:7 (8:10) есебімен жеңіске жетті. Осылайша Бублик алғашқы Олимпиадасын сәтсіз бастады.

Александр Бублик

Теннис. Әйелдер. Жекелей сын. Зарина Дияс

Бұрымды теннисшілер арасындағы тағы бір өкіліміз Зарина Дияс алғашқы Олимпидасындағы алғашқы кездесуін соңына дейін жеткізе алмады. «Ролан Гаррос-2021» жеңімпазы Барбора Крейчиковамен өтіп жатқан ойында Заринаның Олимпиадаға дейін алған жарақаты екі мәрте сыр беріп, текетіресті аяқтауына кедергі келтірді. Осылайша Дияс таблода Барбораның пайдасына 2:5 есебі жанып тұрған кезде кездесуде ары қарай жалғастырудан бас тартты.

Зарина Дияс

Тас жолдағы велоспорт. Топтық жарыс

Аталған сынға Қазақстан атынан Алексей Луценко, Вадим Пронский һәм Дмитрий Груздев қатысты. Алайда көңіл көншітер нәтиже тіркелмеді. Басты үмітіміз Луценко 234 шақырымға созылған жарыста көшбасшы Антонио Карапастан (Эквадор) алты минут 20 секундқа артта қалып, 21-ші орыннан көрінді. Ал Груздев пен Пронский белгіленген межені толық басып өте алмай, мезгілінен бұрын жарыс жолынан шығып қалды. Бірақ бұл велоспорттан Қазақстан үшін соңғы жарыс күні емес, 28 шілде Алексей Луценко жекелей сында бақ сынайды.

Алексей Луценко

Теннис. Жұптық сын. Александр Бублик пен Андрей Голубев

Жекелей сында жолы болмаған Бублик жұптық сында біраз жерге жетуді қалады, бірақ бұл жерде де ұзаққа шаппады. Франциялықтар Гаэль Монфис пен Жереми Шардиге қарсы кездесуде отандастарымыз алғашқы сетте жеңіске жеткенімен, қалған екеуінде есе жіберді. 2 сағат 3 минутқа жалғасқан ойында 1:2 (7:6 (7:4), 6:7 (3:7), 8:10) есебі тіркелді. Осылайша қос теннисшіміз де Токиодағы жорықтарын аяқтады.

Бублик пен Голубев

100 метрге брасс әдісімен жүзу. Дмитрий Баландин

Баландин үшін Олимпиада сәтсіз басталды. 100 метрге брасс әдісімен алғашқы жүзуде 59,75 нәтижесін көрсетіп, тобында алтыншы орын алып, жартылай финалға шыға алмады. Бірақ жүлдеге әлі де дәмелі. Өйткені 27 шілде күні 200 метрге брасс әдісімен жүзуде сынға түседі. Естеріңізге сала кетсек, Дмитрий дәл осы межеде Рио Олимпиадасында топ жарған еді.

Дмитрий Баландин

Үстел теннисі. Әйелдер. Анастасия Лаврова

Өкіншке орай, Лаврова да жақсы нәтиже көрсете алмады. Алғашқы айналымда испаниялық Мария Сяомен кездесіп, 1:4 (9:11, 6:11, 4:11, 11:7, 3:11) есебімен есе жіберді. Анастасия Олимпиадаға жолдаманы наурыз айында Дохада өткен додада жеңіп алған еді.

Анастасия Лаврова

Спорттық гимнастика. Милад Карими

Аталған жарыстың жеті түрінен лицензия алған Милад үшеуінен финалға өтті. Көпсайыс бойынша Карими 82.565 ұпай жинап, финалға шығатын 24-тің ішінде 18-ші сатыға жайғасты. Гимнастикалық кермеде жаттығуда 14.766 ұпай алып, екінші орынмен ақтық сынға жолдама алды. Ал еркін жаттығуда да дәл осындай ұпай жинап, үздік сегіздікті қорытындылап, жүлдеге таласу құқығына ие болды. Көпсайыс бойынша финал 28 шілде күні, еркін жаттығу бойынша – 1 тамыз, гимнастикалық кермеде жаттығудың ақтық сыны 3 тамыз күніне жоспарланған.

Милад Каримидің финалға жолдама ала алмаған жарыстарының көрсеткіші:

Ат снарядындағы жаттығу – 11.900 ұпай (68-орын)

Шығыршық – 13.300 ұпай (49-орын)

Қол тіреп секіру – 13.866 ұпай (17-орын)

Гимнастикалық қоссырық – 13.400 ұпай (57-орын)

Милад Карими

24 шілде күніндегі нәтижелер бойынша үш алтын, бір қоламен Қытай көшбасында тұр. Италия мен Жапония бір алтын, бір күміспен екінші және үшінші орынға жайғасқан. Ал Қазақстан бір қола жүлдемен 19-шы сатыда келеді.

Сонымен қатар бүгінгі жарыс жолына шыққан спортшыларымыздың тек біреуін тікелей эфирде көрсеткен отандық арналар жанкүйерлер сынының астында қалды. Олимпиададағы алғашқы жүлдемізді де ғаламтор шарлап, Өзбекстан және Ресей арналарынан көруге мәжбүр болдық. Ал бұл жағдайды телеарналарымыз техникалық ақауға жауып, волейбол, үстел теннисі және әйелдер футболы сынды бүгін қазақстандық спортшылар бақ сынамаған жарыс түрлерін көрсетті.

Фото: Olympic.kz

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте