«Рубин» футбол клубының спорттық директоры Олег Яровинский «Спорт Экспресс» басылымына берген сұхбатында «Астананың» экс-ойыншысы Джордже Деспотовичтің казандық командаға ауысуы туралы айтты, деп хабарлайды prosports.kz порталы.
Клуб өкілінің айтуы бойынша, сербиялық шабуылшы бұдан бұрын да Ресейдің мықты клубтарына ауысуы мүмкін болған. Оған ЦСКА қатты қызығушылық танытқан екен.
«Біз өте ризамыз. Ол алаңда және одан тыс та команда үшін маңызды ойыншы. Жоғары дәрежелі, сапалы шабуылшы. Деспот Қазақстанда, дәлірек айтсақ «Астанада» ойнаған кезде ЦСКА оны қатарына қосқысы келді. Ол уақытта ойыншыға сұраныс жоғары болды. Джордженің қолынан бәрі келеді, нағыз өткір шабуылшы.
Ұжымда мықты жігіт, әзілге жақын, өз ісіне берілген нағыз көшбасшы", - дейді Яровинский.
Қазақстан Премьер Лигасында Деспотович "Астанадан« бөлек «Қайрат», «Жетісу», «Тобыл» командаларында доп тепкен. ҚПЛ-да жалпы саны 96 матчқа қатысып, 30 рет қақпаны дәл көздеген.