«Астананың» бұрынғы қорғаушысы Марин Аничич «Тобылға» ауысуы мүмкін, деп хабарлайды KazFootball.kz.
Еске салайық, Марин Аничич «Астана» сапында 2014-2019 жылдар аралығында өнер көрсеткен. Бес жыл бойы елордалық клуб сапында 200-ден астам матч өткізіп, 11 гол соққан және жыл сайын Қазақстан чемпионы атанды. Одан бөлек, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде біршама ойын өткізген.
2019 жылдың тамызынан осы күнге дейін босниялық қорғаушы түркиялық «Коньяспор» клубының намысын қорғап келеді. Түркиядағы дебюттік маусымын сәтті өткізгенімен (28 матч, 1 гол), соңғы бір жарым жылда жарақатына байланысты бар болғаны 6 матчқа қатысты. Оның «Коньяспормен» келісім-шарты осы жазда аяқталады.
Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне дейін қорғаныс шебін күшейткісі келетін «Тобыл» жағдайды бақылап отыр. Мүмкіндік болса, қостанайлық клуб Аничичті жалға алатын болады.
Айта кетейік, «Тобыл» «Астананың» тағы бір экс-қорғаушысы Жарко Томашевичпен келісім-шартқа отырды.