Армения құрама командасының қорғаушысы Вараздат Ароян және қазақстандық шабуылшы Роман Мұртазаев «Астананың» Түркиядағы ОЖЖ-на келіп қосылды, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.
28 жастағы Ароян өткен маусымда «Тамбов» футбол клубының құрамында РПЛ-ында сегіз матч өткізген. Сонымен қатар, футболшы «Урал», ирандық «Падиде», армяндық «Пюник» және «Патани» командаларында ойнаған.
27 жасар Мұртазаев өткен маусымда чемпионатта екінші орын алып, конференция Лигасына жолдама алған «Тобыл» футбол клубының сапында ойнады. Оған дейін 2017-2019 жылдар аралығында «Астанада» доп тепкен. Ойыншы футболдық мансабының басында «Ертіс» пен қарағандылық «Шахтер» командаларында ойнаған. 2016 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып жүр.
«Астана» Қазақстан Премьер-лигасының өткен маусымын үшінші орынмен аяқтағанын айта кетейік. Маусымаралық үзілісте командадан Юрий Перцух, Пиерос Сотириу, Юрий Логвиненко, Алексей Щеткин, Дмитрий Шомко, Урош Радакович, Рунар Мар Сигурьонссон секілді ойыншылар басқа командаларға ауысқан болатын.