Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 42-сатыда тұрған украиналық Ангелина Калининамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда украиналық теннисші сәттірек ойнады – 6:4. Екіншісінде Е.Рыбакина артығымен есе қайырды – 6:2. Үшінші, шешуші сетті брейкпен бастаған А.Калинина көп ұзамай алға кетті – 4:2. Ақыры ол матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана білді – 6:4.
Екі сағат 18 минутқа созылған матчта Е.Рыбакина 10 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Калинина ширек финалға шығу үшін әлемнің 34-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен таласады.