Футзалдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов Италиямен өтетін ойын алдында арнайы сұхбат берді:
— Италиямен өтетін ойыннан не күтесің?
— Италиямен өтетін ойынға дайындық жақсы жүріп жатыр. Олардың өткен ойындарының видеоларын қарап, талдау жасадық. Кездесуде жеңіске жетеміз деп ойлаймын.
— Қазақстан құрамасы алғашқы екі матчта ойынды баяу бастап, екінші таймға қарай жылдамдығын арттырды. Ал кездесу соңына қарай қарқынын тағы күшейте түсті. Мұның себебі неде?
— Өткен ойындарда бірінші болып гол өткізіп алдық. Нақты себебін білмеймін. Бәлкім, психологиялық сәттер әсер еткен шығар. Бұл жолы ойынның алғашқы минуттарынан қатты бастағымыз келеді.
— Еуропа чемпионатының алдында Қазақстан құрамасының дайындығы толық болмады. Көптеген қиындықтар кездесті. Алайда, қазіргі уақытта команданың көңіл-күйі жақсы сияқты. Ол үшін қандай жұмыстар атқарылды?
— Көптеген қиындықтардың болғаны туралы айтылды. Сол қиындықтардың бәрін еңсердік деп айтуға болады. Енді жақсы ойын көрсетіп, оң нәтижеге қол жеткізу қажет. Елдің абыройы үшін күрсемеіз. Үшінші ойынға бар күш-жігерімізді саламыз.
— Аренаға алғаш рет жанкүйерлер жиналады. Қандай ойдасың?
— Біздің ойынымыз ең алдымен жанкүйерлер үшін деп ойлаймын. Қазақстан халқы интернет арқылы көп қолдау көрсетіп жатыр. Жанкүйерлердің аренадағы қолдауы да үлкен күш берері анық.