Жақында ғана футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлігіне тағайындалған Талғат Байсуфинов журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді.
Сұхбат барысында ұлттық құрамаға легионерлерді алудың қажеттілігі, команда капитаны Бауыржан Исламханның жағдайы, іріктеу кезеңіндегі топтағы құрамалар жайлы сөз қозғалды.
«Ұлттық құрамадағы жігіттердің техника-тактикалық дайындықтары өз клубтарында жүргізіліп те жатыр. Бізге бірінші кезекте рухты оятып, футболды жүрекпен ойнау керек. Бүкіл елдің намысы үшін аянбай тер төксек қана жетістікке жетуге болады».
«ҚПЛ-да ойнайтын шетелдік ойыншыларды натурализациялау жайлы айтар болсақ, ол әрине команданың сапасын жақсартуы мүмкін. Мәселен, «Ордабасыда» ойнайтын Жоао Паулоны алдық делік. Иә, ол керемет футболшы, голды да соғады, доппен де жақсы жұмыс жасайды. Алайда, оның позициясында ойнайтын қазақ жігіттер де жетерлік. Мен алдымен жергілікті футболшыларға мүмкіндік беруім керек».
«Бауыржан - біздің капитанымыз, керемет футболшы. Онымен телефон арқылы сөйлестім, ол өзінің ісін аяғына дейін жеткізетінін айтты. Ол мықты жігіт, әрдайым біздің жанымызда болады, бірге жаттығады. Енді жігіттер өздері үшін де, Бауыржан үшін де ойнайтын болады».
«Алдағы Әлем чемпионатына іріктеу сынында алға қойған мақсатымыз - белгілі бір ұпай жинау деп айта алмаймын, болашақта мықты құрамалармен терезесі тең дәрежеде доп тебе алатын құрам жасақтап шығару».