Қазақстандық бұрымды теннисшілер бірінен соң бірі Олимпиададағы кездесуілерін жалғастырудан бас тартып, жарыс жолынан шығуда. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі спортшылармыз не себепті мұндай қадамға барып жатқанын түсіндіріп көрмек.
Әлқиссасында теннистен кімдер Токиодағы жорығын аяқтағанына тоқталып өтсек. Екі күннің нәтижесі бойынша Зарина Дияс, Юлия Путинцева, Александр Бублик һәм Ярослава Шведова жеңіліс тапты. Бублик әлемнің екінші ракеткасы Даниил Медведевке толыққанда ойын өткізіп есе жіберсе, қыздарымыз кездесулерін соңына дейін жеткізе алмады.
Алғаш болып Зарина Дияс чехиялық Барбора Крейчиковамен өткен текетіресті аяқтай алмады. Оған себеп Заринаның Лозаннонда өткен турнирде алған жарақаты болды. Диясты кездесу барысында жарақаты екі мәрте мазалап, түбі ойыннан бас тартуға әкеліп соқты.
Юлия Путинцева болса ауа-райының аптап ыстық болуы себепті аргентиналық Надя Подороскаға қарсы кездесуін соңына дейін жеткізе алмады. Ойын 0:1 (6:7 (4:7), 3:1) есебі кезінде тәмәмдалды. Бұл жағдайды Юлия былай түсіндірді:
«Өте ыстық! Менде бейімделуге уақыт болмады. Бұл үшін уақыт жеткіліксіз, сонымен қатар сұмдық ылғалдылық, дем алуға түк болмады! Мен допты көп ұстайтын қарсыласқа тап болдым және бір ұпайды ұзақ ойнатуға тура келді. Екінші сетте ойынға кірдім, ырғақты сезіндім, бірақ содан кейін менің басым қатты ауыра бастады. Дәрігерді шақырдым, қысым жоғары болды, дәрігер басмынан күн өткенін айтты. Матчтан кейін денем қалтырай бастады. Бұл сұмдық! Ұйымдастырушылар ойындарды неге кеш уақытқа қойғысы келмейтінін түсінбеймін»
Юлия Путинцева
Сонымен қатар Ярослава Шведова да шілденің шіліңгір ыстығына қарсы тұра алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Ол австралиялық Айла Томляновичке қарсы өткен алғашқы текетіресін мәресіне жеткізе алмады. Кездесу таблода 0:1 (5:7, 2:3) есебі жанып тұрған кезде аяқталды. Қазақстандық теннисші кездесуден кейін:
«Енді ғана өз-өзіме келе бастадым. Матчтың нәтижесі, өкінішке орай, көңіл көншітпейді. Мен жақсы ойнадым және барынша тырысып бақтым. Бәрі жақсы өрбіп келе жатты, бірақ бірінші сеттің соңында ыстыққа төтеп бере алмадым. Маған ыстық қатты әсер етті. Мен сонда да бірнеше гейм ойнауды жалғастырдым, бірақ одан сайын нашарлай бастадым, аяғым қатты ауырды. Өзімді қолға алып, күш жинауға тырыстым. Жарыс жолынан шықпай, ойынды соңына дейін жеткізгім келді. Бірақ, өкінішке орай, 3:2 есебі кезінде нашарлап кеттім, тыныштанып, дем алуға тырыстым. Ойынды жалғастыру немесе бас тарту таңдауы болды. Бірақ мен ойнай алмайтынымды түсіндім. Өйткені әрең тыныс алып тұрдым», – деді Шведова
Токио Олимпиадасында теннис бәсекелері жергілікті уақытпен 11:00-де, яғни күндізгі сессияда басталады. Сол уақытта Токиода сынап бағамы 30-34 градусты көрсетіп тұрады және тек қазақстандық емес басқа да спортшылардың басынан күн өтті. Осы орайда шет елдік теннисшілер Токиодағы ыстық ауа-райы жайлы қандай пікір білдіріп жатқанын шолып өтсек.
Ерлер арасындағы әлемнің үздік теннисшілерінің бірі сербиялық Новак Джокович ITF-ті сынап, мұндай ыстықты кейбір спортшылар көрмегенін айтты.
«ITF не себепті матчтарды кейінірек өткізгісі келмейтінін түсінбеймін. Орталық корттағы соңғы матч бүгін кешкі бесте аяқталды. ITF-пен қандай да бір шешімге қол жеткізуге болады деп үміттенемін. Барлық спортшылар Олимпиаданы армандайды және кортқа шығып, бір жарым сағаттан кейін жарысты аяқтай алмай шығып қалуды қаламайтыны анық. Бірақ бізде таңдау жоқ. Мұндай ыстықта үнемі шөл қысып, иығыңызда жүк бар сияқты сезімде боласыз. Өйткені ылғалдылық өте жоғары және қапырық. Аяқтарыңыз баяу жұмыс істейді. Әрине, біз бірінші рет ыстықта ойнап тұрған жоқпыз, бірақ киім ауыстыратын бөлмеде бірнеше ойыншы бұл олар өнер көрсеткен ең қиын ауа-райы жағдайы екенін айтты»
Новак Джокович
Ал қазақстандық Александр Бубликті жарыс жолынан шығарған ресейлік Даниил Медведев мынадай пікірде.
«Менің ойымша, матчтар Мексикадағыдай кешкі алтыда басталатын етіп жасау керек. Ыстық осы уақытта біршама басылып қалады. Турнир барысында бірдеңе өзгереді деп ойламаймын, бірақ оны жасауға болады. Тараптардың орын аламастыру кезіндегі бір минуттық үзіліс күлкіні келтіреді. 200 ойыншының 195-і менімен келіседі деп ойлаймын. Бір жарым минут болуы керек. Бірақ ойнауға тура келеді. Бұл Олимпиада, жан салып, медаль үшін күресуіңіз керек. Біз ыстыққа бола жылау үшін келген жоқпыз»
Даниил Медведев
Екатерина Александрова болса корттағы аса қиын ойыны бітіп, салқын жерге баратынына қатты қуанған.
«Бүгін өте ыстық болды, алғашқы болып ойнап, таңертеңгі сағат 11-ден басталған жылудың ең қиын үш сағаты тап болдық. Өте жоғары ылғалдылыққа байланысты одан да қиын болды. Ойын аяқталғанда салқындау бір жерге баратыныма қатты қуандым. Біздің киім ауыстыратын бөлмеде мұзы бар шағын бассейн орналасқан, су 14-15 градус шамасында немесе одан да суық. Ол жерде 10-15 минут жатып, жақсы болып қалдым»
Екатерина Александрова
Ал Карен Хачановтың ыстықтан миы қайнаған екен.
«Өте қатты ыстық. Ыстықтығы сонша – миың қайнайды. Сондықтан әркез дұрыс шешім қабылдай алмайсың», – деп қысқа қайырды Карен Хачанов
Ресейлік тағы бір теннисші Анастасия Павлюченкова кездесу барысында дәрігерге жүгінуге мәжбүр болған.
«Ыстықта ойнау маған өте қиынға соқты. Бразилияда да ыстық еді, бірақ төзімді болатын, Токиода адам төзгісіз ылғалдылық, 70 пайыз-ау шамасы. Ойыннан кейін әлі де бас ауырып тұр. Дәрігерлер суық душ қабылдау, жату, демалып, аяқты жоғары көтеруге және төзуге кеңес берді»
Анастасия Павлюченкова
Токиодағы аптап ыстық тек теннисшілердің ғана емес, сонымен қатар басқа да спорт түрлерінен сынға түсіп жатқан спортшылардың денсаулығына айтарлықтай әсерін тигізуде. Осындай ауа-райына алдын ала дайындалып, өзін қайрап келген шын мықтылар ғана Олимпиададағы жорықтарын жалғастыруда. Даниил Медведев айтқандай, бұл – күн ыстық деп жылап, беріле салатын аудандық сайыс емес ел намысын абыроймен қорғап, жүлде үшін жан-тәнімен күресетін төрткүл дүние көз тіккен төрт жылдықтың басты бәсекесі.