Рунет выбирает
77
79
75
76
80

«Теріс жағын бірден көреміз». Адиев - жанкүйерлерге ұнамаған ойыншылар мен өзін құттықтаған адамдар туралы

Читать полностью

Ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев Sports.ru Қазақстан порталына берген сұхбатында маусым айында өткен ойындарды қорытындылап, әр ойыншыға жеке-жеке тоқталып өтті.

– Магомед Мұсаұлы, Қазақстан құрамасының нәтижесіне Ресейдегілер қалай қарады? Құттықтағандардың ішінде Сіз күтпеген адам болды ма?

– Маусым айындағы матчтардан кейін БАҚ пен жұртшылықтың назары арта түсті. Көптеген мамандардың қызығушылығы қазір Қазақстан құрамасына ауып отыр. Бұл бүкіл команданың еңбегі, дегенмен маңызды ойындар әлі алда екенін ұмытпау керек. Біз әлі ештеңеге қол жеткізген жоқпыз, енді қыркүйектегі кездесулерге назар аударамыз. Топтық кезеңде қазіргі позициямызды сақтап қалу маңызды. Мен күтпеген құттықтауларға келетін болсақ, Станислав Черчесов маған қоңырау шалды, бұл мен үшін үлкен абырой. Ол керемет жетістіктерге жеткен, тәжірибесі мол бапкер.

– Мұндай нәтиженің сыры неде? Команданы қалай біріктірдіңіз? Ойыншылармен жеке-жеке әңгімелестіңіз бе, әлде бұл істі көмекшілерге жүктедіңіз бе?

– Бұл жаттықтырушылар штабымен бірлесіп атқарылған жұмыс деп айтар едім. Біз ұжыммен үнемі сөйлесіп тұрамыз. Командамен танысу үшін өте аз уақыт берілді және мен ойыншылармен көп әңгімелесу керектігін білдім. Оларды жақынырақ білу қажет болды. Бұл шын мәнінде үлкен жұмыс болып саналады және ол үшін қарсыластарды және жаттығу циклін талдауға қарағанда көп күш жұмсалды.

2-3 күннен кейін бір-бірімізді түсінгеніміз, ойыншылардың мені қабылдағаны белгілі болды. Оларды тани бастағандықтан, әрқайсысының қандай қасиеттері бар екенін, кімге көбірек және кімге аз сену қеректігін шамамен түсіндім. Менің ойымша, біз жақсы жұмыс жасадық, ең бастысы, ойыншыларды таңдау кезінде қателескен жоқпыз.

– Маусым айындағы матчтарға тек 15 футболшыны қолдандым деп айттыңыз.

— Оқу-жаттығу жиынына көптеген ойыншылар шақыртылды, өйткені командаға енді ғана келгендіктен, мүмкіндігінше көбірек ойыншылармен танысуға тура келді. Мен оған дейін Премьер-лиганың матчтарына қатыстым, футболшылардың ойынын бақыладым, бірақ видеодан көрген бір бөлек, жеке танысу бір бөлек нәрсе. Мен әрқашан киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфера мен ойыншылардағы мінездің маңыздылығын ерекше атап өтемін. Көптеген футболшылар сандарға, тактикаға көп мән береді. Ия, бұл дұрыс. Бірақ мен өмірімде ешқашан футболшының жүрегін қандай да бір схемадан немесе сандардан төмен қоймаймын. Мен үшін статистика соншалықты маңызды емес. Футболшы адам ретінде бәрінен де жоғары тұрады.

Сондықтан командамен «байланыс» болуы керек. Біз көптеген ойыншыларды жақынырақ тану үшін және кімге сенім арту керектігін түсіну үшін шақырдық. Мысалы, Әзербайжанмен болған ойында жеңілсек, онда құрамда үлкен өзгерістер болатын еді. Нәтиже болған кезде, сіз оған қол жеткізген ойыншыларға назар аудара бастайсыз. Футболшы командаға енуі үшін бас бапкерге өз шеберлігін көрсетуі керек.

– Мен Сізбен әр ойыншы туралы жеке-жеке сөйлескім келеді. Қақпашының позициясынан бастайық. Қазір бірінші нөмірлі қақпашының Игорь Шацкий екені анық, бірақ оның да жарақат алу қаупін жоққа шығара алмаймыз. Сіз үшін командадағы екінші нөмірлі қақпашы кім? Покатилов соңғы оқу-жаттығу жиынына неге шақырылмады?

– Покатиловтан бастайық. Ол жаттығу жиынына шақыртылды. Бірақ кеңейтілген тізім жарияланған бойда маған Стастың өзі телефон соғып, отбасылық жағдайына байланысты келе алмайтынын айтты. Ол ұлттық құрамаға көмектесуге әрқашан дайын екенін анық айтып, тізімге қосқаным үшін алғысын білдірді. Егер адамның ұлттық құрамаға келуіне мүмкіндік бермейтін отбасылық жағдайлары немесе басқа да проблемалары болса, біз әрқашан түсіністікпен қараймыз.

Иә, қазір Шацкий ұлттық құраманың негізгі қақпашысы болып саналады және ол мұны өз ойынымен тағы да дәлелдеді. Бірақ мен әрқашан ойыншыларға айтамын, олар өздерінің қарым-қабілетін көрсетіп, өз клубтарында тиісті деңгейде ойнаулары керек. Біз футболшыларды клубтағы жағдайына қарай оқу-жаттығу жиындарына шақырамыз. Біздің назарымызда жүрген бірнеше қақпашы бар, олардың арасынан Данил Устименконы ерекшелеп айта аламын.

– Исламбек Қуат туралы не айтасыз? Благоевичпен әңгіме болды ма? Сірә, Қуат «Астананың» негізгі құрамына қайта оралмайтын шығар. Оған жаңа команда табуға кеңес берілді ме?

— Мен Қуатпен сөйлестім, әрине, ұлттық құрама бапкері ретінде оның жағдайы мені алаңдатады. Жағдайдың қалай өрбитінін көрейік, менің ойымша, біраз күту керек. Исламбек келісім-шарт бойынша өз міндетін кәсіби түрде орындағысы келеді. Бұл оның таңдауы, біз оған тек ақыл айтып, жақсы нәрсе тілей аламыз. Сондықтан ол қандай шешім қабылдаса да құрметтеп, қабылдауымыз керек.

Қуатты ұлттық құрамаға шақырмас бұрын Благоевичпен сөйлестім. Спорт директорымен де байланысқа шықтым. Жалпы, менің сөзімді жерге тастамаған «Астанаға» ризамын. «Егер сізге қандай да бір ойыншы қажет болса, біз өз тарапымыздан толық қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді клуб басшылығы.

— Ғафуржан Сүйімбаев. Бір жыл бұрын ғана ұлттық құрамада Ғафуржан негізгі ойыншы болатын. Қазір қосалқы құрамда отыр. Онымен бөлек әңгіме болды ма, ол өзін қалай сезініп жүр?

— Әрине, ол уайымдайды. Бұл қалыпты жағдай, бірақ Шацкий туралы айтқанымды Ғафурға да айтайын. Еңбегі сіңген футболшы мансабын аяқтаған кезде біз оның жетістіктерін әрқашан мойындаймыз. Бұл оның маңдай терімен келген нәрсе, сондықтан сіз оның түйіндемесінен бұл жетістіктерді алып тастай алмайсыз.

Сіздің кеше не істегеніңіз маңызды емес, бүгін істеп жатқан дүниеңіз маңызды. Демек, Ұлттар лигасының матчтары арасындағы 3 ай – көп уақыт. Осы оқу-жаттығу жиынына шақырылған кез келген ойыншы клубтарда мүмкіндігінше көбірек ойнап, ең жақсы ойынын көрсетуі керек екенін біледі. Біз ойыншының сол кездегі формасына қараймыз. Егер біздің талаптарымызға сай келсе, жиынға шақырылады және ойнайды. Ғафурға келсек, ол ұлттық құрамада болғанымен, оның позициясында өнер көрсеткен басқа ойыншылар әлдеқайда тиімдірек болды.

— Стас Басманов «Астанада» көбірек ойнай бастады. Ол ұлттық құрамаға шақыртыла ма?

— Ол жақын арада шақыртылады деп айтпас едім. Ол біздің назарымызда, мен оның бірнеше ойынын тікелей эфирден көрдім. Бірақ бүгінде Астанов, Самородов, Кеңесов сынды жастар құрамасынан алынған ойыншыларды ұлттық құрамаға жақынырақ деп есептейміз. Сол Астанов көп жағдайда шешуші рөл атқарды. Макс ұлттық құрамадағы дебютін жасап үлгерді. Өкінішке орай, Кеңесов соңғы ойындарға қатыспады, бірақ біз оны әрі қарай да бақылайтын боламыз.

Қайрат Нұрдәулетов екеуміз үнемі сөйлесіп тұрамыз. Біз оның пікірін ескереміз, бірақ бүгінгі жағдай осылай болып тұр. Қыркүйекте не болатынын көре жатармыз. Жақында Қазақстанға келіп, ойындарды тамашалайтын боламын. Басқа үміткерлерді де қарастырамыз.

— Михаил Габышев. Сіз оның Словакияға қарсы ойындарда көмектесетінін алдын ала білдім деп айттыңыз. Оның қандай қасиеттерін ерекшелеп айта аласыз және оған қандай міндеттер жүктелді?

— Менің ойымша, оның қапталда ойнауы үшін өте құнды қасиеттері бар, мысалы, допсыз жүгіру және қарсыластың жарты алаңында доп үшін күресе алады. Бұл жаттықтырушы ретінде мен үшін өте құнды қасиет. Біздің командаға мұндай ойыншылар керек, бірақ ондайлар аз.

Мысалы, өз алаңымызда Словакиямен өткен матчты алайық. Позициялық шабуылда қарсыластың доппен көбірек болатынын білдік. Біз позициялық ойынымызбен оларға қарсы тұра алмаймыз - бұл жағынан олар әлдеқайда күштірек. Сондықтан біз басқа жолдарды іздеуіміз керек. Габышевтың допсыз жақсы жүгіретінін ескерсек, словактарға қарсы ойындарда оған сенім артатынымды бірден түсіндім. Мысалы, Вороговскийдің голы. Габышев шабуылға қосылып, пас алды, допты айып алаңына жеткізді, біз гол соқтық.

Сондай-ақ оның жақсы антропометриясы бар. Словактар ​​стандартты жағдайларда өте қауіпті. Сондықтан Қайыров пен Габышев арасындағы таңдау Мишаға түсті.

— Бауыржан Байтана. Бастапқыда оны төрт матчта да Оразовтың орнына ойнайды деп жоспарладыңыз ба? Бауыржанға не жетпеді?

– Біз екі вингермен ойнадық. Әзербайжанмен өткен алғашқы ойында белсендірек және агрессивті ойнағымыз келді. Жаттығу кезінде вингер позициясына Оразов, Байтана, Астанов, сонымен қатар Самородов пен Васильевті қарастырдық. Оразов, Байтана және Астанов оқу-жаттығу процесінде тиімдірек болып көрінді. Осы үш ойыншыны негізгі құрамға алу керектігін ұқтым. Бірінші ойында Байтанаға сенген едік. Әзербайжанмен болған матчта ол шабуылға серпін береді деп ойладым. Әрине, бірінші таймның соңын қалай өткізгенімізді ескерсек, Оразовты алаңға шығару ойымда болды. Әзербайжан алғашқы таймда қауіптірек көрінді, сондықтан ойын барысын өзгерту үшін өзгерістер қажет екенін түсіндім. Жаттығу барысын ескере отырып, Байтананы Оразов алмастыру керек деп шештім. Негізінде ойынымыз Оразов шыққаннан кейін жақсарды. Біз қалаған нәтижеге қол жеткіздік. Сондықтан Оразов қалған ойындарда негізгі құрамда шықты.

Байтанаға не жетіспеді? Оның қолынан келмеді деп айта алмаймын. Мен бапкер ретінде оған негізгі құрамнан орын берер едім, бірақ бұл позицияда өзін жақсы қырынан көрсеткен басқа да ойыншылар болды. Оның үстіне Вороговскийдің де шабуылда ойнай алатынын, ал қапталдағы қорғаушы ретінде Тимур Досмағамбетовтің бар екенін ойымда ұстадым. Бұл шешімдер тез қабылданды, эксперимент жасауға уақыт жетпеді. Оның үстіне, осындай қиын-қыстау сәтте тәжірибе жасауға батылым жетпеді.

— Артур Шушеначев. Оған көп мүмкіндік берілмеді. Сіз ол туралы не ойлайсыз және оны ұлттық құрамаға неге шақырдыңыз?

– Біз сын айтуды жақсы көреміз, өйткені сынау оңай, ал адам бойынан жағымды қасиеттерді табу қиынырақ. Теріс жағын бірден көреміз. Мен Шушеначевті сынайтындардың бәріне сұрақ қояр едім: «Оның орнына басқа біреуді ұсыныңыз. Шушеначевті алмасақ, екінші шабуылшы кім болады?» Жанкүйерлердің кімді айтатынын да білемін, бірақ мен бұл шабуылшылардың бәрін жақсы танимын. Мен жаттықтырған «Шахтерде» де ұлттық құрамаға үміткер ойыншылар бар.

Дегенмен, Шушеначевтің ұлттық құрамаға көмектесу мүмкіндігі бар деп есептеймін. Өміртаевқа да сенім артамын. Ол жақсы формада болды, бірақ оқу-жаттығу жиынына дейін жарақат алып, қатардан шығып қалды. Абылайхан Жұмабек күш жинап келе жатқан жігіт, оның да ұлттық құрама сапында дебют жасайтын кезі келеді. Бірақ Жұмабек болашаққа арналған ойыншы. Мен оның әлеуетін білемін, оны ұлттық құраманың атмосферасын сезіну үшін шақырдым.

Бәрібір де Айымбетовті негізгі шабуылшы деп ойлаймын, бірақ оны ауыстыратын футболшы керек болды. Менің ойымша, Шушеначев оның орнын баса алады, сондықтан ол кейбір ойындарда алаңға шықты. Кейбіреулер оны командаға көмектеспеді деп есептейді, бірақ олай емес. Артурдың арқасында Абат келесі кездесулерге күшін сақтап қалды. Кез келген футболшының алар асуы мен құлдырайтын кезеңі болады. Мүмкін ол қазір нашар кезеңді бастан кешіріп жатқан шығар, бірақ Артур оны жеңіп, қайта күшейе алады.

— Бұл циклде ұлттық құрама жанкүйерлерге жақын болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында киім ауыстыратын бөлмеде болған оқиғалар көп жарияланды. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Шынымды айтсам, бұған қарсымын. Киім ауыстыратын бөлмеде болып жатқанның бәрі сонда қалуы керек. Бірақ, екінші жағынан, мен әлемнің қатты өзгергенін түсінемін, біз ашық болуға тырысамыз, бірақ толығымен ашық болғанымызды қаламас едім. Менің ойымша, киім ауыстыратын бөлмеде қалуы керек нюанстар бар.

– Словакия құрамасының бұрынғы бапкері Қазақстаннан жеңілгеннен кейін бізді жағымсыз пікірлер айтқан болатын. Осы жайлы не ойлайсыз?

— Менің ойымша, ол пікір ойынға байланысты айтылмады. Бұл біздің санамызда қалыптасып қалған нәрсе. Егер журналистердің өзі команданың әлсіз екенін айтса, мұның бүкіл әлем естиді. Алғашқы күннен-ақ олай жасамау керек деп айтқан болатынмын. Өзімізді өзіміз сыйламасақ, бізді сырттан кім құрметтейді? Осындай көзқарасты өзіміз қалыптастырамыз. Біз өз командамызды масқаралаймыз, сондықтан қарсыластарымыз бірауыздан біздің аутсайдер екенімізді айтты.

Біз ел намысын қорғайтын ойыншымыз. Олар қалағанын айтсын. Бірақ бәрі нәтижеге және біз ойнаған ойындарға қарай бағаланады. Біз барлық наразылығымызды, бізге сенбейтіндерге деген ренішімізді нәтижемен көрсетуіміз керек. Тек осылай ғана жағдайды өзгерте аламыз, сондықтан біз сөзге емес, ойынға көбірек көңіл бөлдік.

— Баспасөз мәслихатында сіз Беларусь құрамасына қарсы матчтың Нұр-Сұлтанда өтетінін айттыңыз. Алматыда немесе Ақтөбеде ойнау туралы жоспар жоқ па?

— Бұған қарсы емеспін. Мүмкіндігіміз болса, басқа қалаларда да ойнау керек. Ұлттық құрама – Қазақстанның қазынасы, сондықтан жанкүйерлер өз командасын еліміздің түкпір-түкпірінен көруі тиіс. Бірақ, өкінішке орай, барлық стадиондар ұлттық құрама матчтарын өткізуге арналған УЕФА стандарттарына сәйкес келмейді.

Ақтөбедегі жанкүйерлердің өз командасының матчтарына қалай баратынын көрдім. Олар ұлттық құраманы да жақсы қарсы алар еді деп ойлаймын. Бірақ бүгінде біз ойындарды тек Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана өткізе аламыз. Сондай-ақ жөндеуден өткен Қостанайдағы Орталық стадион УЕФА-дан тиісті санат алуы керек. Маусымдағы ойындарға дайындық тұрғысынан және логистика жағынан бізге ыңғайлы болғандықтан, Нұр-Сұлтанды таңдадық.

Алдағы Беларусь құрамасына қарсы ойын «Астана Аренада» өтеді. Әрине, келесі матчтарды біз Алматыда немесе басқа қалаларда өткізу мүмкіндігін қарастырамыз, бірақ басқа стадиондардың УЕФА талаптарына сай емес екенін түсінуіңіз керек.

– Қазақстан футболындағы басты мәселе ретінде нені айтар едіңіз?

– Біріншіден, жақсы стадиондардың жоқтығы. Осыған тиісті көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Федерация басшылығы қазір елде футболды дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарып жатқанын атап өтейін.

Қазақстанда футболды жақсы көретін адамдар көп. Жастар мен бұқаралық футболды дамыту болашақ ұрпаққа үлкен пайда әкеледі деп ойлаймын. Сонда бірінші нөмірлі спорт түріне адамдар көптеп тартылады.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 4
Реклама 21+