Рунет выбирает
77
79
75
76
80

Соғыс салдарынан Бакуге көшіп, тіпті бапкері қаза болған «Қайраттың» қарсыласы «Карабах» жайлы не білеміз

Читать полностью

Алматылық «Қайрат» Конференция лигасы топтық кезеңіндегі үшінші матчын әзербайжандық «Карабахқа» қарсы өткізеді. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі «арғымақтар» туралы белгілі-белгісіз деректермен бөліспек.

«Карабах» 1951 жылы Агдам қаласындағы стадионның салынып бітуіне байланысты «Мэхсул» деген атаумен құрылған. Араға 17 жыл салып, клубта қиындықтар пайда болып, құрдымға кетеді. Бірақ 1977 жылы «Шафаг» деген жаңа атаумен қайта құрылады. Дегенмен 1993 жылы клуб үшін қиын кезең тағы да басталады. Өйткені Агдам қаласының маңында, таулы Карабахқа алғашқы соғыс басталып, армениялық әскерлен қаланы басып алады. Осылайша команда Агдам қаласынан Бакуге көшуге мәжбүр болды. Сонымен қатар бапкерлерінің бірі Аллахберди Багиров соғыс кезінде көлігімен минаны басып жарылып, бақилық болады. Міне, осы сәттен бастап «Карабах» туған қаласы Агдамды тастап, Бакуге қоныс аударды және қазіргі уақытқа дейін Бакуде тұрақтап келеді. Сол маусымдағы жалғыз жақсы жаңалық — клубтың тәуелсіз Әзербайжан чемпионатындағы алғашқы чемпиондығы.

Содан кейін клуб жоғары нәтижелерге қол жеткізе алмады. Алайда 1999 жылғы Интертото кубогінде хайфалық «Маккабиді» жеңіп, еурокубоктің сырта алаңдағы матчында жеңіске жеткен алғашқы әзербайжандық клуб атанды.

«Арғымақтар» 2001 жылға дейін қаржылық қиындықтың зардабын шекті. Тек сол жылы әзербайжандық беделді компания демеушілік жасап, клуб атауын «Карабах-Azersun» деп өзгертіп, екі маусым осы атаумен өнер көрсетті.

Ал 2008 жылдан бастап Гурбан Гурбановтың дәуірі басталып, Әзербайжан құрамасының экс-шабуылшысы бакулік клубтың тізгінін ұстады. Сол кезден бері Гурбанов «Карабахты» баптап келеді. Алғашқы үлкен жетістігіне 2014/15 маусымда жетіп, «Карабах» екінші рет чемпион атанып, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алды. Дегенмен үшінші раундта сүрініп, Еуропа лигасының плей-офф кезеңінен ары асып, тарихында алғаш рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Сонымен қатар Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан «Нефтчиден» кейінгі екінші әзербайжандық клуб атанды. Осыдан кейін қатарынан екі маусым «Карабах» Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Ал 2017 жылы «Карабах» Әзербайжан футболының тарихында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен тұңғыш команда атанды. Жалпы «арғымақтар» 2013/14 маусымнан бері еурокубоктік турнирлердің топтық кезеңінен тыс қалмай келеді. Кәрі құрлықтың клубтық додаларындағы тәжірибесі мол ұжым.

Ал ішкі біріншіліктегі жетістіктеріне келер болсақ, «Карабах» сегіз мәрте чемпионатта топ жарып, алты рет Әзербайжан кубогін басынан асыра көтерді.

Трансфермаркт порталы «Карабахтың» жалпы құнын 12,28 миллион еуро деп бағаласа, бұл көрсеткіш «Қайратта» 21,40 миллион еуроны құрайды. Ал әзербайжандық клуб сапындағы легионерлер саны сегіз (команданың 33,3 пайызы) ойыншы болса, алматылық клубта 12 (команданың 48 пайызы) шетелдік аяқдопшы бар. «Арғымақтардың» орташа жасы — 26,8. «Қайраттың» орташа жасы — 26,3.

Жоғарыда көрсетілген деректер ойынға қандай да бір әсерін тигізе қоймасы анық. Дегенмен статистиканы жаны сүйетін қауым үшін қызықты болып қалуы мүмкін.

Оңтүстік астаналықтар топтан шыққысы келсе, Баку төрінде жеңіске жетуі міндетті. Сондықтан 21 қазан күні өтетін ойында Конференция лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы клубымызға сәттілік тіледік. Матч елорда уақытымен 22:45-те басталады деп жоспарланған.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+