Рунет выбирает
77
79
75
76
80

«Шындықты бәрі білуі керек». Роналду - «Манчестер Юнайтедтегі» мәселелер мен клубтан кететіні туралы

Читать полностью

Әлемдегі үздік ойыншылардың бірі, бес дүркін «Алтын доп» иегері Криштиану Роналду қиын кезеңдерді бастан өткеруде. «Манчестер Юнайтедке» оралғаннан кейін негізгі құрамдағы орнынан айырылды, матч аяқталмай жатып стадионды кетіп қалатын әдетті шығарды, бас бапкермен жанжалдасып, қосалқы құрамға мықтап жайғасты. Осындай қиындықтарға шыдай алмаса керек, португалиялық футболшы британдық журналист Пирс Морганға резонансты сұхбат берді. Осы ретте Meta-ratings.kz тілшісі бір жарым сағаттық әңгіменің алғашқы үзінділерін жариялауды жөн көрді.

«Менің өмірімдегі ең қиын кезең» - Роналду өмірінің соңғы жылын осылай сипаттады

«Манчестер Юнайтед» маған опасыздық жасады деп ойлаймын. Мен бұл сұхбатты не үшін ұйымдастырдым? Адамдар шындықты білуі керек. Иә, мен сатқындықтың жасалғанын сезіндім - тек биыл ғана емес, бұған дейін де солай болды.

Сонымен қатар Роналду бір жыл ішінде «Манчестер Юнайтедті» баптаған үш жаттықтырушы туралы өз ойын қысқа қайырды:

Оле Гуннар Сульшер: «Ол менің досым, мен оны құрметтеймін, арамызда сыйластықтан басқа ешқандай мәселе болған жоқ»

Ральф Рангник: «Ол бапкер ретінде 10 жылдан артық жұмыс істемеген. Онда «Манчестер Юнайтедті» қалай тізгіндеді? Мен ол туралы ешқашан естіген емеспін».

Эрик Тен Хаг: «Мен оны сыйламаймын, өйткені ол мені сыйламайды. Сен мені құрметтемесең, мен саған ешқашан құрмет көрсетпеймін».

Роналду Уэйн Руниге де жауап берді

— Ол мені неге сонша қатты сынайтынын білмеймін. Мүмкін, футболшы ретінде мансабын аяқтағандықтан осылай жасайтын шығар, ал мен әлі күнге дейін жоғары деңгейде ойнап жүрмін. Мен өзімді Руниден мықтымын деп айтпаймын. Бірақ шындық осы.

Баласынан айырылған сәтте адамдардың көрсеткен қолдауын да тілге тиек етті

«Мен бұлай болуы мүмкін деп елестете де алмадым», - деді Криштиану «Ливерпуль» жанкүйерлерінің әрекеті туралы. Естеріңізде болса, «Манчестер Юнайтедпен» болған матчтың жетінші минутында (Роналдудың нөмірі) трибунадағы мерсисайдтық клубтың жанкүйерлері You'll Never Walk Alone әнін шырқаған еді.

Португалиялық футболшы «Манчестер Юнайтедтің» басқа клубтармен салыстырғанда аз қолдау көрсеткенін атап өтті. Шілде айында оның жаңа туған ұлы реанимацияға түсті, ал Криштиану өзін нашар сезінгендіктен жаттығуға орала алмады. Роналдудың айтуынша, дәл сол сәтте манкуниандық клубтың басшылығы оның адалдығына күмәнмен қараған.

«Мен үшін отбасым бірінші орында тұрады. Әсіресе, басымыздан өткен қайғылы оқиғадан кейін», – деп қысқаша түйіндеді футболшы.

Қайғылы жағдайға байланысты Роналду ең маңызды матчты өткізіп алды. Бірақ «Энфилдке» жиналған футбол сүйер қауым оған құрмет көрсетті.

Роналду неге «Манчестер Юнайтедке» қайтып оралды?

«Мен жүрегімнің үніне құлақ астым», - деді Роналду кеудесін қағып. - Сэр Алекс Фергюсон маған: «Сен «Манчестер Ситиге» бармайсың» деді, мен: «Жарайды, босс» деп жауап қаттым.

«Бірақ бұл клубтан көңілім қалды»

– Қалпына келтіру, джакузи және басқа да процедураларды жасайтын жаңа технологиялардың, заманауи тренажерлер мен жетілдірілген тамақтану жүйесінің жоқтығына таңқалдым. Сэр Алекс кеткеннен бері клубта ешқандай эволюция болмады. Прогресс мүлдем жоқ. Өкінішке орай деп айтайын, қанша жылдан кейін келсем де, 20-23 жасымда есімде қалған нәрселердің бәрін қайта көрдім.

Олар спорт бөліміне ешқашан жаттықтырушы болып көрмеген Ральф Рангникті шақырды. Мұндай деңгейдегі клуб неліктен бұлай жасайды? Бұл мен үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін тосын сый болды деп ойлаймын.

Фергюсон клубтың өзіне лайықты емес жолмен жүріп келе жатқанын бәрінен де жақсы біледі. Ол ғана емес, бүкіл әлем біледі. Ал мұны көрмейтіндер... Болып жатқан нәрсені мойындағысы келмейді. Олардың көзі соқыр.

Криштиану жанкүйерлерге деген сүйіспеншілігін жасырмады

— Футболдағы ең маңызды нәрсе жанкүйерлер. Сіз солар үшін ойнайсыз. Олар әрқашан менің жағымда. Мұны мен алаңға шыққан сайын, көше кезген сайын сезінемін. Жанкүйерлер маған келіп, менің футбол үшін істеп жатқан еңбегімді бағалайды. Мен үшін жанкүйерлер өте маңызды. Сондықтан да осы сұхбатты беріп отырмын. Менің ойымша, қазір бар мәселені ашық айтатын уақыт келді. Жанкүйерлер шындықты білуі керек деп ойлаймын.

«Манчестер Юнайтедке« тек жақсылық тілеймін, сол себепті осында қайтып келдім. Бірақ клуб ішінде «Сити», «Ливерпуль» және «Арсенал» сияқты жоғары деңгейге жетуге көмектеспейтін белгілі бір факторлар бар. Менің ойымша, бұл үштіктің басында «Манчестер Юнайтед» сияқты үлкен клуб болуы керек. Бірақ, өкінішке орай, бәрі басқаша.

Сөз соңында клубтан кететінін мәлімдеді

– Пикассо айтқандай, бір нәрсені қалпына келтіру үшін алдымен бар нәрсені бұзу керек. Егер клуб менімен қоштасқысы келсе, ешқандай проблема жоқ. Мен «Манчестер Юнайтедті», әрқашан менің жағымда жүретін жанкүйерлерді жақсы көремін. Егер клуб басшылығы басқаша болғанын қаласа, көп нәрсені өзгертуі керек.

Айта кетейік, сұхбаттың толық нұсқасы апта ортасында көрерменге жол тартатын болады. Бірақ мұндай әңгімеден кейін португалиялық футболшының командаға қайта оралмайтыны қазірдің өзінде белгілі болған секілді.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 3
Реклама 21+