Беларусьтік «Энергетик БГУ» сапында өнер көрсететін 20 жастағы қазақстандық шабуылшы Бақдәулет Зульфикаров Meta-ratings.kz тілшісіне сұқбат беріп, Беларусь чемпионаты мен Қазақстан чемпионатының айырмашылығын айтып, алға қойған мақсатымен бөлісіп, Мессидің жетінші «Алтын добына» қатысты да пікір білдірді.
— Маусымның аяқталуымен! Өзіңіз үшін маусым сәтті өтті деп ойлайсыз ба?
— Биылғы маусым сәтті өтті деп айтуға болады. Өйткені Беларусь Жоғарғы лигасындағы дебюттік матчымды өткізіп, алғашқы қадамымды жасадым. Сонымен қатар тұсаукесер голымды да соғып үлгердім. Алдағы маусымдарды одан да сәтті өткіземін деген үміттемін.
— Беларусь футболының Қазақстан футболынан айырмашылығы қандай? Қос чемпионаттың деңгейлері шамалас па?
— Беларусь чемпионатының Қазақстан чемпионатын айырмашылығы өткізілуінде деп ойлаймын. Өйткені Беларусь чемпионатында 16 команда өнер көрсетеді және ойындар көп болады. Қос чемпионаттың деңгейін салыстыра алмаймын, себебі Қазақстанда Бірінші және Екінші лигада ғана ойнадым. Сол үшін деңгейлеріне қатысты нақты жауап айту қиынға соғады.
— Өзге жерге бейімделу қаншалықты қиынға соқты? Командадағы ойыншылар жылы қарсы алды ма?
— Басқа елге бейімделу әрқашан қиын болады. Жасырмаймын, басында қиын болды. Бірақ кейін үйренісіп, сол қиыншылықтан өттім. Командадағы жігіттер жылы қарсы алды. Оқу-жаттығу жиыны кезінде қазақ баламен танысып, бейімделу оңайырақ болды. Содан соң командадағы барлық жігіттермен жақсы қарым-қатынас орнаттық.
— Беларусь чемпионатына бейімделуге Владислав Васильевтің көмегі тиді ме және Владтың Өзбекстан Суперлигасына ауысып кетуі өзіңізге қаншалықты әсер етті?
— Әрине, бейімделуге Владтың көмегі көп тиді. Білмегендерімді сұрап тұрдым. Ойынға шыққан кезде қолдап, көмегін аямайтын.
Владтың клубтан кетуі тек маған ғана емес, командаға да әсер етті. Өйткені Влад әр ойында гол соғып немесе голдық пас беріп, нәтижелі әрекетімен көзге түсетін.
— Беларусь БАҚ өкілдері «Зульфикаров өзін көрсету үшін тым аз ойнайды» деп жазды. Маусым басында голдан гол соғып, жиі қуантатын едіңіз, кейін сирек көретін болдық. Жасыл алаңға жиі шықпауыңызға не себеп?
— Негізгі команда сапында аз ойын өткіздім. Бірақ Жоғарғы лигадағы дебюттік маусымым болған соң бәріне ризамын және алдағы маусымдарда көбірек жасыл алаңға шығамын деген үміттемін.
Иә, маусымды голдар соғып, жақсы бастадым. Алайда бірінші айналымның ортасында құжатыма байланысты елге қайтуға тура келді. Сол аралықта бабымды жоғалтып алдым. Содан кейін қайта оралып, бабыма келіп, екінші команда сапында тұрақты түрде ойнадым. Бірақ, өкінішке орай, негізгі команда сапына іліне алмадым. Бас бапкердің көзқарасы сондай болды. Осылайша маусымды аяқтадық.
— Жалпы 22 ойынға қатысып, алты гол соқтыңыз. Шетелдегі алғашқы жыл үшін жақсы көрсеткіш деп ойлайсыз ба?
— 22 ойында алты гол соғу шабуылшы үшін нашар көрсеткіш деп есептеймін. Сондықтан келер маусымда көбірек гол соғып, жақындарым мен жанкүйерлерді қуантуға тырысамын.
— «Ислочь» клубында тағы бір қазақстандық Матвей Герасимов өнер көрсетеді. Командаларыңыз бір қалада орналасқан. Қарым-қатынастарыңыз қалай?
— Матвейді бұрыннан танимын. Қазақстан чемпионатының дайындық тобында бір-бірімзге жиі қарсы ойнайтынбыз. Матвеймен сөйлесіп тұрамыз, қарым-қатынасымыз жақсы.
— Қазіргі таңда Мессидің жетінші «Алтын добы» қызу талқыланып жатыр. Қалай ойлайсыз, Лео лайықты түрде алды ма?
— Иә, қызу талқыға түсіп жатыр. Мен Роберт Левандовски алады деп ойлағанмын. Бірақ біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Мессиді лайықты деп санапты, демек оның лайық болғаны.
— Алдағы маусымнан не күтесіз? Алға қойған мақсатыңыз қандай?
— Алдағы маусымға жоспарлар көп. Ең бастысы — оқу-жаттығу жиыны кезінде жарақат алмай, чемпионатты сәтті бастау. Негізгі мақсатым және арманымның бірі — Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алу.
Фото: «Энергетик БГУ» ФК