Рунет выбирает
77
79
75
76
80

Роналду аутист баланың телефонын сындырып, сынның астында қалды. Джейктің отбасы кешірімді қабыл алмауда

Читать полностью

Роналду мен «Эвертон» жанкүйерінің арасында болған жағдай Криштиану үшін өте қиын түрде өрбуде. Баланың анасы португалиялықты сынап, кешірімін қабыл алмауда.

Естеріңізге сала кетсек, «Манчестер Юнайтед» шабуылшысы «Эвертонға» қарсы ойыннан (0:1) кейін 14 жастағы Джейк Хардингтің қолындағы телефонын қағып, сындырған еді. «Эвертонның» жас жанкүйері аутизм мен диспраксиядан зардап шегетіні белгілі болды.

«Манчестер Юнайтед» пен Мерсисайд полициясы бұл оқиғаны тергеумен айналысып, құқық қорғау органдарының өкілдері бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, куәгерлермен сауалнама жүргізді. Роналдудың өзі сол түні әлеуметтік желіде жазба жариялап, кешірім сұрады.

«Осындай қиын сәттерде эмоцияны тізгіндеу әрқашан ауырға соғады. Дегенмен біз ылғи да осы ғажайып ойынды жақсы көретін жастарға үлгі болу үшін шыдамды, кішіпейіл болуымыз керек.

Мен өзімнің қателігім үшін кешірім сұраймын және егер мүмкін болса, сол жанкүйерді «Олд Траффордтағы» матчқа шақырғым келеді», – деп жазды Роналду.

Алайда баланың отбасы Криштианудың бұл жазбасын жай ғана жағдайдан қашып құтылу деп қабылдады. Зардап шеккен жанкүйердің анасы Сара Келли португалиялық футболшының сөздерінің шынайылығына сенбеді. Liverpool Echo-ға берген сұқбатында оқиғаның егжей-тегжейін баяндап, ұлының көгерген қолын көрсетті:

«Менің ұлым киім ауыстыратын бөлмеге кетіп бара жатқан «Манчестер Юнайтед» ойыншыларын видеоға түсіріп тұрды. Содан кейін ол телефонды төмен түсірді, өйткені Роналдудың аяғындағы қанды көрді. Джейк ләм-мим деп ауызын ашқан жоқ. Роналду бұлқан-талқан көңіл-күйде келіп, ұлымның қолынан телефонды қағып, әрі қарай жүре берді. Көгерген қолдан байланыс болғанын көруге болады. Мен бұл туралы айтып отырғаныма сене алмаймын.

Ол қатты ренжіді, бұл ұлымның қайтадан стадионнан ойын тамашалауға деген ниетін жоғалтты. Оның аутизм және диспраксиясы бар. Бұл ол қатысқан алғашқы футбол матчы еді. Осы бірнеше секундқа дейін біздің күніміз керемет өтіп келе жатқан. Осы жағдай бәрінің күл-талқанын шығарды.

Роналду – кумир. Иә, ол «Эвертон» ойыншысы емес, бірақ ол маңызды футболшы. Менің ұлым үнемі: «Сонда Роналду да болады», – деп айтып жүрді. Ол оның кумирі. Мен Джейк телефонды оның алдында ерсілі-қарсылы бұлтаңдатып, мазасын алса, түсінер едім, бірақ ол олай жасамады. Ол тек жараны көргісі келді. Ұлым футболшы шабуыл жасаған аутизмі бар бала. Бұл менің ана ретіндегі көзқарасым».

Осыдан кейін Келлидің Роналдудың кешірім сұраған сөздеріне қатысты пікірі жарияланды. Сара «Манчестер Юнайтед» ойыншысы алдымен олармен байланысып, содан кейін көпшілікке мәлімдеме жасауы керек еді деп ойлайды. Оның португалиялық аяқдопшыға қатты ренжулі екенін байқауға болады.

«Кешірім сұрадым деп жаһанға жар салу – өте дөрекі іс, өйткені мен олай деп санамаймын. Сен әлеуметтік желілерде бірдеңе жарияладың, бірақ сен ұлымнан кешірім сұрауың керек.

Роналдудың бұл туралы ойлануға бірнеше сағаты болды. Ол бізбен байланысуға тырысып, бәрін жеке шешіп, содан кейін бізбен сөйлескенін айтып, мәлімдеме жасауы керек еді. Сонда мен қанағаттанар едім. Роналду онда балалардың бар екенін білді. Матчтың алдында олармен жылы амандасты, бірақ жеңілістен кейінгі кері жолда бәрі мүлдем басқаша болды. Бұл ойын ғой? Әрқашан жеңіске жету мүмкін емес.

Ол өз мәлімдемесін жасады. Мен «МЮ» бізбен байланысу мүмкіндігін іздестіру туралы ештеңе жарияламағанына таңғалдым. Оның орнына Роналду «Манчестер Юнайтед» матчына шақыру билеттері туралы жазды.

Менің ойымша, бұл өте өрескел әрекет. Бізге, «Эвертон» жанкүйерлеріне, «Юнайтедтің» ойынына барудың не керегі бар? Ол тіпті «сол жанкүйер» деп жазды. Ол сол бала кімнің жанкүйері екенін нақтыламады. Менің ойымша, бұл өте әлсіз кешірім сұрау», – деді Келли The Telegraph-қа берген сұқбатында.

Осы матчтан кейін «Манчестер Юнайтед» АПЛ-дің чемпионы атану мүмкіндігінен түпкілікті айырылып, Роналду 2006 жылдан бері алғаш рет маусымды трофейсіз аяқтайтын болды. Осыған дейін МЮ Англия лигасының кубогінен, Англия кубогінен және Чемпиондар лигасынан ұшып кеткен еді.

Ал енді Роналдудың басына бұдан басқа қара бұлт үйіріліп, жанкүйерлермен қатынасын реттеуі қажет. Бұл оқиға осылай аяқталмайтыны анық. Роналдудың жақында олармен жеке кездесіп, кешірім сұрауына тура келетін секілді. Әліптің артын бағайық.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+