Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов ЦСКА клубының баспасөз қызметіне берген сұхбатында әртүрлі позицияларда ойнауы туралы, Ұлттар лигасындағы сенсация мен команданың нәтижелері жайлы айтып берді.
— Бақтиер, чемпионаттың бел ортасына келдіңіздер. Нәтижелер туралы не айтасыз?
— Алғашқы ойындар біз үшін өте нәтижелі болды, жеңіске жетіп, тұрақты түрде ұпай жинадық. Ал күздегі ойындарда жолымыз болмады - әр кездесуде мүмкіндіктер жасағанымызбен, оларды голға айналдыра алмадық. Мен тіпті доппен жүрген кезде аздап сенімімді жоғалттым дер едім, жалпы айтқанда соңғы кезеңде бәрі ойдағыдай болмады. Жарақат та кері әсерін тигізді, номиналды қорғаушылардың барлығы дерлік қатардан шығып қалды.
— Федотов та мүмкіндіктерді жүзеге асыру сәтінде қиындықтардың бар екенін жиі айтады. Мұны қалай түзетуге болатыны туралы идея бар ма?
— Владимир Валентинович командамен шіркеуге, ал маған мешітке бару керек деп әзілдеп жатыр! Ол бізге салқынқанды болуға кеңес береді. Ең бастысы, гол соғатын мүмкіндіктер бар, бұл жақсы көрсеткіш. Ал оларды тиімді пайдалану мәселесі алдағы уақытта реттеледі, тек әр жаттығуда, әрбір матчта бар күшіңді салып, шыдамдылық таныту керек.
— Ойын сапасы жағынан қай матч ұнады?
— «Краснодармен» болған жеңісті матч (4:1) көңілімнен шықты. Біз бар күшімізді көрсеттік. «Спартакпен» болған (2:2) дерби де ұнады. Жеңіске жетуді қатты қаладым, бірақ, өкінішке орай, қолымыздан келмеді.
— Дерби бұл жолы өте эмоционалды болған секілді.
— Иә, барлық ойыншылар ерекше ынта-жігермен шықты, ал бізде екі есе мотивация болды - біз жанкүйерлерімізді қуантқымыз келді. Эмоцияға ерік бердік және жеңіске жетуге тырыстық.
— Орталық қорғаушы ретіндегі ойыныңызға толығырақ тоқталғым келеді. Сіз бұл позицияға толығымен бейімделдім деп айта аласыз ба?
— Бас бапкер қайда ойнатса, менің сол позицияға керек екенімді білдіреді. Жаттықтырушылар штабы осы бағытта менімен бірге жұмыс істеп жатыр. Әр ойын сайын мен өзімді жақсы сезінемін, бірақ әлі де көп нәрсе үйрену керек, соның ішінде тактика тұрғысынан. Федотов мені қорғаушы ретінде пайдаланса, мен сонда ойнай беремін, ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын.
— «Торпедомен» өткен ойында Сіз Набабкин және Мухинмен бірге негізгі қорғаушы болып шықтыңыз, команда, шын мәнінде, номиналды қорғаушыларсыз ойнады. Сізге бұл схема ұнады ма?
— Рошаға демалыс берілді және бапкер мені сынап көруді шешті. Шынымды айтсам, сәл жеңіл болады деп күткен едім. Мен соңғы кездері қорғаныстың сол қапталында ойнап жүрмін және бұл позиция орталық қорғаушыдан онша ерекшеленбейді деп ойладым. Бірақ қателескен екенмін.
— Негізгі айырмашылықтар қандай деп ойлайсыз?
— Тактикалық тұрғыдан алғанда, сіз әр эпизодқа мүлдем басқаша қарайсыз. Егер сіз сол қапталдан сәл алға шықсаңыз, артыңызда орныңызды жабатын ойыншы болады, ал орталық қорғаушы болсаңыз, артта тек қақпашы мен қақпа ғана қалады. Басқа ойыншыларды да бақылауға тырыстым. Жаттықтырушылар штабы маған үнемі: «Басқаларға да ақыл-кеңес айт!» деп айғайлады. Бұл мен үшін әлі де ерсі болып көрінеді.
— Сіздің әмбебаптығыңыз туралы бәрі біледі. Жалпы, Сіз әлі ойнап көрмеген позиция (қақпашыдан басқа) бар ма?
— ЦСКА-да мен барлық позицияда ойнаған шығармын. Тіпті Ганчаренконың қол астында оң қапталдағы қорғаушы ретінде өнер көрсеттім.
— Өзіңізді қай позицияда жайлы сезінесіз? Әлде бұл енді маңызды емес пе?
— Білмеймін. Кез келген позицияда ойнауға, бейімделуге, барлық нюанстарды үйренуге уақыт қажет. Бапкер мені қай позициядан көрсе, сол жерде ойнап, командаға пайдамды тигіземін.
— Сіз ЦСКА-да қорғаушы болып ойнағаныңызбен, ұлттық құрамада үнемі шабуылға шығып, тұрақты түрде гол соғасыз. Рекордты бұзу үшін қанша гол қалғанын білесіз бе?
— Иә, үш гол соғуым қажет. Рекордтың авторы атанған Руслан Балтиевте 13 гол бар.
Қорғаушыдан шабуылдаушы ойыншыға ауысу қиын екенін мойындауым керек. Беларусьпен болған матчтың бірінші таймында аздап абдырап қалдым, кездесудің екінші жартысында қайта оралдым да, гол соқтым. Тағы да қайталаймын, бәрі уақытты қажет етеді.
— Ұлттық құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген болуды мақсат етіп қойдыңыз ба?
— Бұл менің арманым! Ұлттық құрама сапында жоғары мақсаттарға қол жеткізгім келеді. Қазақстан - менің Отаным, ұлттық құрамаға пайдамды тигізіп, жанкүйерлерді қуантқым келеді.
Енді біз Ұлттар лигасында бір саты жоғары көтерілдік, Еуро-2024-ке шығатын мүмкіндікке ие болдық. Қазақстан құрамасының тарихында мұндай нәрсе болған емес. Барлығы ерекше ынта-ықыласпен максималды нәтижеге жетуді қалайды.
Словакия, Әзірбайжан және Беларусь құрамалары бар топта бірінші орын алатынымызға ешкім сенбеді. Енді біз жаңа белестерді бағындыра аламыз, команда керемет жасақталды.
— Өткен маусымда «Нижний Новгород» қақпасына күлкілі гол соқтыңыз. Енді Сіз дененің қай бөлігімен гол соққыңыз келеді?
— (күлді) Кез келген бөлікпен! Ең бастысы, жеңіске жетсек болды.
— Мен сіздің Набабкинмен нарда ойнағаныңызды бірнеше рет көрдім. Бұл туралы не айтасыз?
— Оларды оқу-жаттығу жиынына Жора Щенников әкелді. Ал Наба екеуміз отырдық, ойнай бастадық, эмоцияға ерік беріп, жиі ұрсысып қалдық. Бұл дербидің бір түрі деп айтуға болады. Біз мұны әр сапарда ойнаймыз.
— Бұл текетіресте кім көш бастап келеді?
— Кейде мен жеңемін, ал кейде ол жеңеді. Жалпы алғанда, ойсырай жеңілмейміз.
— Бос уақытыңызда тағы немен айналысқанды ұнатасыз?
— Мен жақында ойын приставкасын сатып алдым, бірақ әлі қоспадым. Көптеген жігіттер ФИФА ойнағанды ұнатады, бірақ мен қатты қызықпаймын. Сондықтан ағылшын тілін үйрену туралы шешім қабылдадым, қазір репетитормен бірге дайындалып жүрмін.
— «Ростовтағы» бұрынғы әріптесіңіз Эльдор Шомуродов бірнеше жылдан бері Италияда ойнап жүр. Сіз онымен сөйлесесіз бе?
— Біз онымен байланыстамыз, бір-бірімізге үнемі хабарласамыз. Мен одан жаттығулар мен Италиядағы футболдың деңгейі жайлы сұрап отырамын. Ол жаттығудың өте қарқынды өтетінін, жоғары жүктемелердің болатынын айтады.
Рас, қазір ол көп ойнап жүрген жоқ, Пауло Дибала және Андреа Белотти секілді бәсекелестері бар.
— Моуриньомен қалай жұмыс істеп жүр екен?
— Эльдорға ұнайды. Менің ойымша, мұндай бапкермен жұмыс істеу әрбір ойыншының арманы.
— Сізді шақырмады ма?
— Тек турист немесе қонақ ретінде барамын (күледі).