Рунет выбирает
77
79
75
76
80

«Ол жердегі ахуал ұнамады». Елдос Ахметов - «Астанадан» кетуі және «Қайратқа» ауыспауы туралы

Читать полностью

«Тараздың» қорғаушысы Елдос Ахметов YouTube-тағы BorodAbata арнасына берген сұхбатында командасының алға қойған мақсат-міндеттерін айқындап, өзінің «Астанадан» қайтып келу және «Қайратқа» ауыспау себептерін айтып берді.

— «Тараз» биыл чемпионатта жақсы келе жатыр, Қазақстан кубогінің топтық кезеңінде бірінші орын алды. Мұның сыры неде?

— Бұл жақтан тек дарынды футболшылар шығатынын бәрі біледі. Біз бір жанұя секілдіміз. Бұл футболда өте маңызды рөл атқарады. Бір-бірімізді бір сөзден емес, жарты сөзден-ақ түсінеміз десем де болады. Сапалы легионерлеріміз бар. Олар да көмектесіп жатыр. Бірақ біздің басты күшіміз – бірлікте. Әр ойынға финалға келгендей шығамыз. Бәріміздің мақсатымыз ортақ болғандықтан, ешкімді шеттетпейміз. Алаңға он бір адам шықса, қалғандары қолдауын аямайды. Кез-келген уақытта қол ұшын созуға дайын тұрады.

— «Тараз» жыл сайын алғашқы алтылыққа кіруді көздейді. Биыл сол мақсатты өзгерту ойларыңызда бар ма?

— Бүйтеміз, сүйтеміз деп ауызбен орақ ормай-ақ қояйын. Былай қарасаңыз, барлығы да өз қолымызда. Ұзаққа созылатын маусымды сәтті аяқтау әр футболшының арманы ғой. Маусымның жартысына енді ғана жеттік, сондықтан қазір бірдеңе деп айту артықтау болады. Әрбір матчта жеңіске жетсек, ақыр соңында жақсы нәтижеге қол жеткіземіз.

— Қазақстандағы біршама клуб Қазақстан кубогінен бас тартып, бар күшін чемпионатқа жұмсауда.

— Бізде де сондай жоспар болған. Себебі Қазақстан кубогі біз үшін маңызды болмады. Қазақстан біріншілігінде тәп-тәуір ойнап жүргендіктен, кубокке көп күш жұмсағымыз келмеді. Ротация жасасақ та, кубокте жақсы өнер көрсеттік. Сондықтан неге осы трофей үшін таласпасқа? Енді келесі кезеңде «Шахтерды» қабылдаймыз. Өз алаңымызда ойнағаннан кейін ұтуымыз керек. Себебі қазір жанкүйерлер бізге керемет қолдау көрсетуде. Мұндай атмосферада ойнаған кезде шаршағаныңды да ұмытып кетесің. Қазақстан кубогін жеңеміз деп айтпаймын, бірақ сондай ниетіміз бар. Ниет болғандықтан, мұны алдымызға мақсат ретінде қоюмызға да болады. Бұл турнирде Абылайхан өзін жақсы қырынан көрсетті. Одан бөлек, Қараман, Қалдыбеков, Кеңесбек, Тойбеков секілді жас ойыншылар ашылуда. Бас бапкеріміздің де өзіндік көзқарасы бар. Жаман емес. Мұның өзі бір дәреже. Чемпиондыққа таласып жатқан командалардың қатарына қосылдық. Бұл да жайдан-жай болған дүние емес. Жас ойыншыларымыз артуда. Көз тимесін.

— Желтоқсан айында «Астанамен» келісім-шартқа отырған едің, бірақ ақпан айында «Таразға» қайта оралдың. Бұған не себеп болды? «Астана» содан кейін саған хабарласты ма?

— «Қайтып кел» деп ешкім хабарласпады. Желтоқсан айында «Астана» маған ұсыныс жасады. Ол клубта өзімді толық көрсете алмағандықтан, ұсыныстарын қабыл алдым. Одан бөлек, алдыма қойған жеке мақсаттарым болды. Бардым, көрдім, бірақ клуб ішіндегі ахуал көңілімнен шықпады. Бас бапкермен ақылдасып, ортақ шешім шығардық. Сондықтан «Таразға» қайта оралдым. Жүрегім соны қалады. Мұндағы анамды жалғыз қалдырғым келмеді. Бала-шағам болғандықтан, үйде болғым келді. «Астанада» қалуға болатын еді. Жалақым да жақсы болды. Бірақ қазір «Таразда» ойнап жүргеніме өкінбеймін. Тараз туған жерім болғандықтан, жалақы мен үшін маңызды емес.

— Сәуір айында Нұрлан Дайыров екеуіңді «Қайрат» клубы шақырды

— Ия, сондай ақпарат болды. Бірақ ол клубтың өзіндік стандарттары бар екен. 25 жастан асқан ойыншыларды алғысы келмеді, жалақы жағынан да келіспеушіліктер болды. Туған ағам «Тараз» клубының президенті болғандықтан, бір келіп, бір кету ыңғайсыздық туғызды. Осындай ұсыныстардың түсуі де бір мәртебе. Қазір телефонымызға ешкім хабарласпайды (күліп).

— «Тараз» клубы әр ойын сайын ротация жасайды. Кейде кімнің негізгі, кімнің қосалқы құрамдағы ойыншы екенін айыра алмай қаламыз.

— Бізде он бір адам ауысатын сәттер де болады. Бірақ байқасаңыз, ешкім бір-бірін жоқтатпайды, ойын стилі де өзгермейді. Бұл қуанатын нәрсе деп ойлаймын. Өткенде Гамаков жарақат алғандықтан, орнына Бектас, Ерсұлтан шығып, Миленді жоқтатпады. Гадраниді де алмастырған ойыншылар болды. Бас бапкеріміз де мұны байқап отыр. Бізде нақты мына он бір ойыншы негізгі құрамда ойнайды деген түсінік жоқ. Командадағы жиырма бес футболшының барлығында мүмкіндік бар. Біз тіпті негізгі құрамда шығатынымызды матчқа екі сағат қалғанда білеміз.

— Рамазан айында «Таразда» біраз адам ораза ұстады.

— Ия, көбісі футболшылар болды. Ойын болатын күні ораза ұстамадық. Бірақ сол күні де ауыз бекіткендер болды. Бас бапкеріміз «жас емессіңдер, не істесеңдер де, өздерің білесіңдер, жағдайларыңа қараңдар» деп айтты. Футболшылардан 13, бапкерлік штабтан 4, әкімшілік бөлімнен 3-4 адам ораза тұтты.

— Бауыржан Байтананың кетуі командаға қалай әсер етті?

— Бауыржан - жақсы ойыншы, ойыны да біздің команданың стильіне сәйкес келеді. Былтыр да, биыл да жақсы ойнады. Баджо - менің жақын досым. Алға ұмтылғысы келді, мұндай мүмкіндік қайта-қайта бола бермейді. Сондықтан команда да, басшылық та оның шешімін құрметтеді. Неге өспеске? Жасы отызға келді. Чемпиондыққа таласып жатқан командадан ұсыныс түсті. Неге ауыспасқа? Мен оған «осында қал» деп айта алмаймын. Басшылықпен келісіп, нақты шешім қабылдады. Командада оның орнын басатын ойыншы табылады деп айту қиын. Бауыржан біздің басты қаруымыз еді. Допты алсақ, бірден соны іздейтінбіз. Қазір командамызда ондай ойыншы жоқ. Бірақ ойын барысында бәріміз бірге әрекет етеміз. Ойын стиліміз сондай.

— Матч алдында әртүрлі ырым жасайтын ойыншылар болады. Осы жайлы не айтасың.

— Бір қызық айтып берейін. Ұлттық құраманың жаттығуында Абат басқа аяқ киім, ал Әзербайжанмен болатын ойын алдында басқа аяқ киім киіп алыпты. Мынау қайдан шықты деп сұрап едім, маған аяқ киімімді сипап қойшы деп айтты. Сол ойында Абат гол соқты. Келесі матч болатын кезде солай жасашы деп өтінді (күліп). Осындай қызықтар болып тұрады.

— «Тараздың» осы маусымға арналған жоспары қандай?

— Жаңа ғана айтқанымдай, қазір ештеңе дегім келмейді. Бастысы әр матчта барымызды салып ойнауымыз қажет. Қазір жанкүйерлерге үміт сыйлап, ертең сенімдерін ақтай алмасақ, ұят болады. Арық сөйлеп, семіз шығуды қалаймыз. Жанкүйерлер тарапынан тек қолдау қажет.

Өткенде стадионға жанкүйерлер көп жиналып, тоқын жасай бастады. Біздің жас жігіттер мұндайды көрмеген ғой. Ойында кішігірім үзіліс болған кезде, футболшылар оларға тамсана қарады. Бұл мақтанатын нәрсе деп ойлаймын.

— Қазақстан кубогінің келесі кезеңінде «Шахтермен» ойнайсыңдар. Қарағандылық клубта біраз қиындықтар бар екен.

— Футболшылардың жалақысы төленбей жатыр деп естідім. Мұндай мәселе бізде де, Қазақстанның басқа да клубтарында бар.

— Бұл мәселе «Таразға» басымдық бере ме?

—Керісінше, бізді босаңсытып жібереді деп ойлаймын. Сондықтан бұл ақпаратты әзірге таратпай тұрыңыздар (күліп). «Шахтер» ширек финалға бекерден-бекер шыққан жоқ.

— Словакиямен болған ойыннан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев «Елдос ойнамаса да, біз үшін маңызды ойыншы» деп айтты.

— Осыны қашан айтады екен деп отырған едім (күліп). Мұны сыртқа шығып кетеді деп ойламадым. Бірақ мені осылай ерекшелеп айтуының өзі бір мәртебе. Жиынға келген алғашқы күнімде-ақ ол кісі маған «Елдос, сен ойнамасаң да, командаға керексің» деп айтқан болатын.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+