Рунет выбирает
77
79
75
76
80

«Оқжетпес» қашан оңалады? Еуропа лигасында өнер көрсеткен команданың ҚПЛ-ге шығуы мұң болды

26.02.2022
23:16
Читать полностью

Meta-ratings.kz тілшісі Мұхамедқали Көбеев кезінде Еуропа лигасында өнер көрсетіп, қазір Қазақстан Премьер-лигасына шығуының өзі мұңға айналған «Оқжетпес» клубының өткені мен бүгініне көз тастап көрді.

4 жылдай ештеңе жеңбеген «Оқжетпестің» жүлде қойылатын сөресі шаң басып қалған шығар. 2018 жылдан бері бірде-бір трофей ұтпаған көкшетаулық ұжым Бірінші лига сардарына айналып бара жатыр. Айналмай қайтсін, Премьер-лига «Оқжетпес» үшін алынбас қамалдай. Саусақпен санарлық жетістігінің түгелдейі Бірінші лигада жеңіп алған жүлдерлері деп санайтын болсақ, «Оқжетпестің» Бірінші лигаға аңсары ауып тұруына себеп бар секілді. Премьер-лигаға оралуға асықпайтын көкшетаулық клуб неге өз бағасын түсіріп алды?

2009 жылы Еуропа Лигасында өнер көрсеткен «Оқжетпес» уақыт өте тұрақсыз ұжымға айналды. Бір маусымда ҚПЛ-де ойқастап жүрген команда бір қарасаң, Бірінші лигада салы суға түсіп жүреді.

Еуропа лигасы деп ерекше айтып өттік. Енді соған азды-кем тоқталсақ. Молдовалық «Зимбру» командасына қарсы кездесу өткізген «Оқжетпес» сырт алаңда «сары-қараларды» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал қарымта матчта тас қамал қорғанысқа иек артқан көкшетаулық клуб «Зимбру» шабуылшыларының әлеуетін бағаламады. Алғашқы таймның өзінде-ақ екі гол салған қонақтар сауатты ойынының нәтижесінде жеңіске жетті. Екі ойын қорытындысы бойынша «Зимбру» келесі кезеңге өтті.

«Оқжетпестің» сәтті маусым өткізсе, ең керекті ойыншыларын сатып жіберетін жаман әдеті бар. Мысалы, 2015 жылы команда үздік сұрмергенін уысында сақтап қала алмады. Әңгіме Лука Роткович жайлы. «Оқжетпес» жейдесінде 13 гол соғып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген черногориялық басқа командаларда жақсы нәтиже көрсете алмады. 2016 жылы Луканың орнын Серж Бандо Нганбе басып, тоғыз мәрте мергендігімен көзге түсіп, команданың сұрмергеніне айналды. Серждің ойынына қызыққан «Ертіс» «Оқжетпестен» шабуылшыны сатып алды. Ол кезде де жанкүйерлер Ротковичті алып қалуды қалағандай, Нганбені де жібергісі келмеді. Бірақ тыңдайтын құлақ болмады. Павлодарлық клубта 14 ойын өткізген француз үкілі үмітті ақтамады.

Осыдан кейін 60 жылдық мерейтойын тойлаған «Оқжетпес» 2017 жылы Премьер-лигадан ұшып кетті. «Оқжетпес» стадионының газонын қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылды. Өз жерінде ойын өткізбеген көкшетаулық ұжым көшіп-қонып жүріп оңбады. Барлық ойындарда жеңіліс тапты. Бас бапкер Владимир Мұханов кенеттен «Оқжетпестен» кетіп, ұжымды қиын сәтте тізгіндеген Виктор Пасулько командаға көмектесе алмады. Жақсы нәтиже көрсетпеген бапкер командада көп аялдамады.

Жалпы, сол заматтағы «Оқжетпеске» реніш бар. Команданың тең жартысы мықты деген легионерлер болды. Бас-басына 250 мың еуродан жалақы алған олар өзіміздің ойыншыларға мүмкіндік бермеді. Осылайша сырттан келген сапасыз ойыншылар ақырында келмеске кетті.

Осыдан кейін командаға Сергей Попков келіп, командадағы легионерлер санын едәуір азайтып тастады. Отандық футболшылардың талантын көре білген бапкер «Оқжетпесті» Премьер-лигаға алып шықты. Алайда көкшетаулық клубтың ойнын орнықтыра білген бапкердің ұзаққа тұрақтамағаны түсініксіз болды.

Сөйтіп, дәстүр бойынша тағы да жаңа бапкер келді. «Оқжетпес» сәтсіз өнер көрсетіп, Бірінші лигаға түсіп қалды. 2021 жылы жағдайды қайта түзетуге Сергей Попков шақырылды. Командаға қайта оралған Попков мырзаға басшылық нақты тапсырма берді. Ол – көкшетаулық клубты Премьер-лигаға шығару.

Қорытындыласақ, «Оқжетпестің» оқ жетпек түгіл тас жететін тағдыры қашан оңалатыны белгісіз. Қолғапша ауысатын бапкерлер көкшетаулық клубтың ойын мәнерін қалыптастырмады. Келгенінен кеткені тез мамандар ойыншылармен қоса жанкүйерлерді де шаршатып бітті.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+