Рунет выбирает
77
79
75
76
80

Конференция лигасы жайлы не білеміз һәм қазақстандық клубтардың қарсыластары қаншалықты қарымды?

Читать полностью

Кәрі құрлықтың ескі заңы қайта оралып, УЕФА үшінші турнирді іске қосты. Келесі айдан бастап Еуропа сахнасында жаңа тунир Конференция лигасының жалауы желбірейді. Қазақстандық үш клубтың («Астана», «Шахтер», «Тобыл») алғашқы қарсыластары да белгілі болды. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі доданың форматы қандай, қай уақытта болады, жүлде қоры қанша һәм қарсыластарымыз кім деген сынды сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Форматы қандай?

Әуелі су жаңа турнирдің форматынан бастасақ, топтық кезеңде 32 команда өнер көрсетеді. 17 клуб негізгі іріктеу жолы, бес команда чемпиондар жолы бойынша және қалған он орынға Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф раундынан ұшқан клубтар ие болады. Топтық кезеңге өткен 32 ұжым төрт-төрттен сегіз топқа бөлініп, өзара күш сынасады. Топта бірінші орын алғандар бірден 1/8 финалға жолдама алады. Ал екінші сатыдан көрінгендер Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші орын алған клубтармен өтпелі кездесу өткізеді. Әрі қарай дәстүрлі – ширек финал, жартылай финал және финал.

Жаңа турнир не үшін қажет?

1999 жылдан бері алғаш рет бір жылда үш ерлер арасындағы турнир өтеді. Сол жылы «Кубоктар кубогі» атты үшінші дода өмір сүруін тоқтатқан еді. Араға біраз жыл салып жаңа турнир ашудың басты мақсаты – Еуропа қатарына кіретін барынша барлық мемлекеттің клубтарын еурокубоктік ойындармен қуанту. Сонымен қатар Еуропа лигасына түсетін жүктің салмағын азайтып, дәрежесін көтеру. Еуропа лигасы топтық кезеңінде өнер көрсететін клубтар саны 48-ден 32-ге қысқарады. Конфереция лигасында топ жарған ұжым келер маусымда Еуропа лигасында бағын сынайды. Ал Чемпиондар лигасына жаңа турнирдің алып келер өзгерістері жоқ.

Жалпы турнирді 2024 жылға дейін тұрақты өткзіп тұру жоспарланған. Әрі қарайғы тағдыры – белгісіз. Ал алғашқы финал 25 мамыр күні Албанияның Тирана қаласында орналасқан «Арена Комбетаре» стадионында өтеді.

Жүлде қоры қанша?

Турнирдің жалпы жүлде қоры 235 миллион еуроны құрайды.

Әрбір клуб іріктеу кезеңінің әр раундына қатысқаны үшін 100 000 еуро алады. Сонымен қатар қай раундтан ұшып кетуіне байланысты да сыйақы алады:

Алғашқы раундтан ұшып кетсе: 150 000 еуро.

Екінші кезеңнен сүрінсе: 350 000 еуро.

Үшінші раундтан аса алмаса: 550 000 еуро.

Плей-офф кезеңінен ұшса: 750 000 еуро.

Біздің клубтар екінші іріктеу кезеңінен бастайтынын ескерсек, кемі 450 000 еуро сыйақыға ие болады.

Егер клуб барлық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей, топтық кезеңге өтсе, автоматты түрде 2,94 миллион еуро алады. Топтағы әрбір жеңіс үшін 500 000 еуро, тең ойын үшін 166 000 еуро пайда табады.

Топ жеңімпазы атанған клуб 650 000 еуро алып және 1/8 финалға шыққаны үшін әмияны тағы 600 000 еуроға майланады.

Топта екінші орын алған команда 325 000 еуро және 1/16 финалға шыққаны үшін қосымша 300 000 еуро сыйақыға ие болады.

Өзінен үлкен екі турнирдің жүлде қорынан біршама аз дегенмен де, шағын клубтар үшін бұл ақша үлкен көмек болары сөзсіз.

Қазақстандық клубтардың алғашқы қарсыластары

Кеше, яғни 16 маусым күні Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА-ның штаб пәтерінде Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтті.

Елордалық «Астана» грекиялық «Арис» клубымен кім мықтыны анықтаса, қарағандылық «Шахтер» румыниялық «Стяуа» командасына қарсылас атанды. Ал қостанайлық «Тобыл» хорватиялық «Хайдук» клубымен күш сынасады.

Сонымен қатар алматылық «Қайраттың» да Конференция лигасында өнер көрсетіп қалу мүмкін екенін айта кеткен жөн. Оңтүстік астаналықтар Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде хайфалық «Маккабиден» айласын асыра алмаса, Конференция лигасының екінші раундында «Динамо Тблиси» (Грузия) – «Нефтчи» (Әзербайжан) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Мадридтік «Атлетиконы» үйде де, түзде де жеңген «Арис»

Елордалық «Астананың» қарсыласы – Грекия Суперлигасы өткен маусымның қола жүлдегері. Үш мәрте (1928, 1932, 1946) ішкі чемпионатта топ жарған. УЕФА рейтингісінде 237 орында, ал «Астана» – 64-ші.

2010/11 маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Атлетико», «Байер» және «Русенборг» сынды клубтармен бірқатарда өнер көрсетіп, «Байерді» тізе бүктіріп, Агуэро, Форлан һәм Костасы бар «Атлетиконы» қос матчта да сан соқтыртып, екінші орынмен 1/16 финалға шыққан. Бірақ «Манчестер Ситиден» айласын асыра алмай, турнирді сол жерден аяқтаған.

Команда ойыншыларының жалпы құны – 15,70 миллион еуро. «Астанада» бұл көрсеткіш 15,95 миллион еуроны құрайды. Қос клуб бұрын соңды кездесіп көрмеген.

Алғашқы ойын 22 шілде күні Нұр-Сұлтанда, қарымта кездесу 29 шілде күні Салоникиде өтеді.

Чемпиондар кубогі мен УЕФА Суперкубогінде топ жарған «Стяуа»

Қазақстандық клубтардан алғаш рет еурокубоктік ойындардың топтық кезеңіне шыққан қарағандылық «Шахтер» араға жеті жыл салып, еурокубокке оралды. Алғашқы қарсыласы «Стяуадан» ФКСБ деген атауға ауысып, 2003 жылға дейінгі жиған бар жетістігінен айырылған Румынияның 26 дүркін чемпионы болмақ. Бар жетістігінен айырылған дегеніміз, клуб ФКСБ деген жаңа атау алғанда, румыниялық сот команданың 2003 жылға дейінгі жетістігін, Чемпиондар кубогі (Чемпиондар лигасы) мен УЕФА Суперкубогіндегі жеңісін қоса «Стяуада» қалдырды. Ал ФКСБ деген қазіргі ресми атауына 2003 жылдан кейінгі жеткен жетістіктер тіркелген. Сондықтан ФКСБ-ның 2003 жылдан кейінгі еурокубоктегі нәтижелерін айтсақ, клуб УЕФА Кубогінде төрт рет, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде үш мәрте және Еуропа лигасының топтық кезеңінде жеті, 1/16 финалында үш һәм 1/8 финалында бір рет өнер көрсеткен. УЕФА рейтингісінде 70-ші орынға жайғасқан. Румыниялық клубтар арасындағы үздік көрсеткіш екенін де айта кеткен жөн.

Клуб ойыншыларының жалпы құны – 30,80 миллион еуро. Ал «Шахтерда» бұл көрсеткіш 6,43 миллион еуроны құрайды.

Қос тарап бұрын кездесіп көрмеген. Алайда «Стяуа» 2014/15 маусымда «Ақтөбеден» айласын (2:2, 2:1) асырған. «Шахтер» – ФКСБ арасындағы алғашқы матч 22 шілде күні Бухарестте, қарымта ойын 29 шілде күні Қарағандыда өтеді.

2014 жылы Еуропа лигасында «Шахтердан» басым түскен «Хайдук»

Қостанайлық «Тобылдың» қарсыласы алты дүркін Хорватия чемпионы, УЕФА Кубогі, Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған хорватиялық «Хайдук» болмақ.

Құрылғандарына бір ғасырдан асқан клуб 1994/94 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының 1/4 финалына дейін жеткен. 2010/11 жылғы маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынаған.

УЕФА рейтингісінде 140-шы сатыда орналасқан, «Тобыл» – 311-ші. Команда ойыншыларының жалпы құны – 31,43 миллион еуро. Ал қостанайлық клубта бұл көрсеткіш 11,78 миллион еуроны құрайды.

Бұл хорватиялық клубтың қазақстандық ұжыммен алғаш кездесуі емес. 2014/2015 жылғы маусымда қарағандылық «Шахтерды» қос матч қорытындысы (4:2, 0:3) бойынша жеңіп, Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінен ұшырған.

«Хайдук» Хорватия чемпионатының жаңа маусымындағы тұсаукесер матчын 17 шілде күні қонақта өткізіп, 22 шілде күні Сплиттегі өз алаңында «Тобылды» қабылдайды. Қарымта кездесу 29 шілде күні Қостанайда өтеді.

Сонымен қатар «Тоттенхэм» (Англия), «Унион» (Германия), «Рома» (Италия) һәм «Ренн» (Франция) сынды ТОП-5 лиганың клубтары іріктеу кезеңінің соңғы раундында бәйгеге қосылады. Конференция лигасына бірде-бір клуб іріктеусіз өтпейді.

Ойындар қай күндері болады?

Конференция лигасының матчтары Еуропа лигасының кездесулері секілді бейсенбі күндері өтеді.

Жалпы турнирдің күнтізбесі төмендегідей:

Бірінші іріктеу кезеңі: 8 және 15 шілде

Үшінші іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі: 19 шілде

Екінші іріктеу кезеңі: 22 және 29 шілде

Плей-офф кезеңінің жеребе тарту рәсімі: 2 тамыз

Үшінші іріктеу кезеңі: 5 және 12 тамыз

Плей-офф кезеңі: 19 және 26 тамыз

Топтық кезеңнің жеребе тарту рәсімі: 27 тамыз

Топтық кезең: 16 және 30 қыркүйек, 21 қазан, 4 және 25 қараша, 9 желтоқсан

Өтпелі матчтардың жеребе тарту рәсімі: 13 желтоқсан

Өтпелі ойындар: 17 және 24 ақпан

1/8 финалдың жеребе тарту рәсімі: 25 ақпан

1/8 финал: 10 және 17 наурыз

1/4 және 1/2 финалдың жеребе тарту рәсімі: 18 наурыз

1/4 финал: 7 және 14 сәуір

1/2 финал: 28 сәуір және 5 мамыр

Финал: 25 мамыр («Арена Комбетаре», Тирана (Албания)

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+