2022 жылғы әлем чемпионатының басталуына бір ай уақыт қалды. Бірақ төрт жылда бір келетін футбол мерекесіне соңғы Еуропа чемпионатында топ жарған Италия, Ұлттар лигасында сенсация жасаған Венгрия, жас таланттарды шығарып жүрген Норвегия қатыса алмайды. Сондай-ақ бір ай бойы бұл турнирді Австрия, Швеция, Чехия, Словакия, Словения, Египет, Алжир, Нигерия, Колумбия, Чили секілді мықты командалардың ойыншылары теледидардан тамашалайтын болады. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі Катардағы әлем біріншілігінен тыс қалған топ-футболшыларды жинақтады.
Эрлинг Холанд - Норвегия
Еуропадағы ең үздік шабуылшылардың бірі саналған Эрлинг Холанд осы жазда Дортмундтың «Боруссиясынан» «Манчестер Ситиге» ауысып, кез-келген лигада топырлатып гол соға алатынын дәлелдеді. Премьер-лигадағы алғашқы тоғыз матчында 15 гол соққан норвегиялық шабуылшы турнирдің рекордтарын жаңартты. Осы уақыт ішінде үш мәрте хет-трик авторы атанды. Сондай-ақ Чемпиондар лигасының үш ойынында бес рет мергендік танытып, турнир тарихына 25 голды ең жылдам соққан ойыншы ретінде енді.
Әлем чемпионатына небәрі үш рет қатысқан Норвегия құрамасы үшін Холанд 22 ойында 21 гол соққан. Бірақ оның командасы мундиальда соңғы рет 1998 жылы өнер көрсеткен. Холандтың келуімен Норвегияның жағдайы жақсара бастады, бірақ 22 жастағы шабуылшы жарақат алып, іріктеу кезеңінің көп бөлігін жіберіп алды, ал норвегиялықтар өз тобында Нидерланды мен Түркиядан кейінгі үшінші орынға тұрақтады.
Катардағы әлем чемпионатында Холандтың жоқтығы қатты білінеді, бірақ бұл мундиальға қатысатын қорғаушылар үшін жақсы жаңалық болмақ.
Ян Облак - Словения
Қақпашы жарты команда деп есептелгенмен, ойынды жалғыз өзі өзгерте алмайды. Ян Облак 2014 жылдан бері «Атлетико Мадрид» қақпасын күзетіп келеді және өзін әлемдегі ең мықты голкипер ретінде көрсетті. 29 жастағы Облак Словения құрамасы үшін 51 матч қатысып, оның 23-інде қақпасын голдан аман сақтаған.
Дегенмен, бұл Словенияға Катарға бару үшін жеткіліксіз болды. Ян үшін әлем чемпионатына қатысу орындалмас арман секілді. Себебі 2026 жылға дейін Облактың жасы отыздан асып жығылады. «Атлетикода» орда бұзғанымен, ұлттық құрамада жолы болар емес бұл қақпашының.
Мохамед Салах - Египет
Мохамед Салах осы жылы ұлттық құрамада өткізген ойындарын жадынан өшіргісі келеді. Себебі Сенегалмен болған маңызды матчтарда сәтсіздікке тап болды.
Алдымен сенегалдықтар пенальти сериясында басым түсіп, Салахтан Африка чемпионы атағын тартып алды. Финалда египеттіктердің 11 метрлік айып добынан қателескені сонша, бесінші соққыны жасайтын Салахқа мүмкіндік берілмеді.
Наурыздың аяғында Салахта кеткен есені қайтаратын мүмкіндік болды. Сенегал мен Египет Катарда өтетін әлем чемпионатында ойнау құқығы үшін плей-офф кезеңінде кездесті. Бірінші ойын мысырлықтардың пайдасына шешілді (1:0), екінші ойында сенегалдықтар жылдам гол соғып, қос ойындағы есепті теңестірді. Мықтыны тағы да пенальтилер сериясында анықтауға тура келді. Мысыр құрамасының бас бапкері Карлуш Кейруш бұл жолы футболшылардың ретін өзгертіп, пенальти тебетіндердің тізімінде Салахты бірінші орынға қойды. Бірақ капитан сенімді ақтай алмады. Сенегал жанкүйерлері матч бойы, тіпті пенальти орындайтын кезде де Салахтың көзін лазермен шағылыстырды, бірақ нәтижені ешкім жоққа шығармайды. Садио Мане матчтан кейінгі пенальти сериясына нүкте қойып, Салахты екі айда екі рет жеңіп, маңызды Африка кубогі мен әлем чемпионатынан айырды.
Златан Ибрагимович - Швеция
Футбол тарихындағы ең үздік ойыншы (өзінің пікірінше) бұған дейін әлем чемпионатында екі рет ойнаған, бірақ 2006 жылдан бері мундиальға қатыспаған. Швеция құрамасы 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында ширек финалға шықты, бірақ ол кезде Ибрагимович командада болмады, өйткені 2016 жылы Златан халықаралық мансабын аяқтаған еді.
Бес жылдан кейін «Милан» шабуылшысы ұлттық құрамаға қайта оралуды ұйғарды. 40 жастағы Ибрагимович 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде бес матч өткізіп, екі нәтижелі пас берді. Ал плей-офф кезеңінде ол Чехиямен болған ойынға (1:0) қатыспай (сары қағаздардың көптігіне байланысты), Польшаға қарсы (0:2) кездесудің 80-минутында ғана алаңға шықты.
Жасына қарамастан, Ибра мансабын аяқтауды жоспарлап отырған жоқ. Бірақ 2022 жылғы әлем чемпионаты басталғанша ол 41 жасқа толады.
Жоржиньо - Италия
Италиялықтар Еуропа чемпионы атана тұрып, әлем чемпионатына қатыса алмаған төртінші команда атанды. Соңғы рет Грекия Еуро-2004-те топ жарып, 2006 жылғы әлем чемпионатына шыға алмаған еді. Италия мұндай антирекордты қайталайды дегенге ешкім сенбеді.
Жоржиньо осы сәтсіздіктің символына айналды. Былтыр ол «Алтын допқа» үміткерлердің алғашқы ондығында еді, бірақ Македонияға қарсы матчта қателесті. Жартылай қорғаушы 2021 жылы «Челсиге» Чемпиондар лигасын жеңуге және Италияға Еуропа чемпионы болуға көмектесті. Алайда, әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Швейцариямен болған ойындарда (0:0 және 1:1) екі рет пенальтиден гол соға алмай, «Скуадра Адзурраны» маңызды ұпайдардан айырды.
Бірақ бар кінәні Жоржиньоға іліп қоюдың қажеті жоқ. Швейцариядан бөлек, Италиядан Болгария (1:1) мен Солтүстік Ирландия (0:0) құрамалары ұпай алды. Ал плей-офф кезеңінде Манчинидің командасы Македониямен болған ойынның 92-минутында (0:1) гол жіберіп алып, төрт жылда бір келетін жарыстан тыс қалды.
Рияд Марез - Алжир
«Манчестер Ситидің» ойыншысы Мохамед Салахтың жолын қайталады. Бірақ Африкада дәурені жүріп тұрған Алжир 2022 жылғы әлем чемпионатының жолдамасын Камерунға беріп қойды.
Сырт алаңда жеңіске жеткен (1:0) Алжир өз үйінде кем дегенде тең есепті ұстау керек еді. Ойынның 22-минутында Эрик Максим Шупо-Мотинг көзге түсіп, ойынды экстра-таймға ұластырды. Алжир кездесу бойы басым болды, 49 және 98-минутта төрешілер Ислам Слиманидің қос голын есепке алмады. Кездесудің 118-минутында қорғаушы Ахмед Туба бұрыштама добынан кейін есепті теңестіріп, Алжирге жеңіс сыйлағандай көрінді. Бірақ 120+4-минутта Карл-Токо Экамбидің соққан добы Алжирді әлем чемпионатына бару мүмкіндігінен айырды. Қос матчтың есебі тең болғанымен, Африкада әлі күнге дейін сырт алаңда соғылған голдың маңызы жоғары болып саналады. Нәтижесінде Марез қатарынан екінші әлем чемпионатына қатыса алмайды.
Виктор Осимхен - Нигерия
Екі жыл бұрын «Наполи» Осимхен үшін «Лилльге» 75 миллион еуро төлеген. Әзірге оны Италия чемпионатының супержұлдызына айналды деп айту мүмкін емес, бірақ неаполитандық клубта өте жақсы өнер көрсетуде. «Наполиге» келгелі бері 68 матч өткізіп, 30 голды өз еншісіне жазған. Статистика бұдан да жақсырақ болуы мүмкін еді, бірақ жарақаттар кедергі жасады.
Әрине, 23 жастағы шабуылшы ұлттық құрамаданың да негізгі ойыншысына айналды. Ол коронавирусқа байланысты ақпанда өткен Африка кубогіне қатыса алмады. 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Осимхен сегіз матчта төрт гол соқты, бірақ бұл жеткіліксіз болды. Ганада өткен алғашқы тең ойыннан кейін (0:0) нигериялықтар өз алаңындағы жауапты матчтың 10-минутында гол жіберіп алды. Нигерия есепті теңестіргенімен сырт алаңда соғылған гол оның командасына кері әсерін тигізді.
Давид Алаба - Австрия
Алаба үшін ұлттық құрамада ойнау үлкен мәселе болып тұр. Австрияда оның деңгейіндегі ойыншылар жоқтың-қасы. Бірақ бұл жолы мадридтік «Реалдың» қорғаушысы ірі халықаралық турнирге шығуға өте жақын болды. Іріктеу тобында 4-ші орын алғанынан қарамастан, австриялықтар Ұлттар лигасындағы нәтижесінің арқасында плей-офф кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды.
Алабаның әлем чемпионатына деген үмітін оның бұрынғы әріптесі Гарет Бэйл сөндірді. Уэльс құрамасында ол мүлдем басқа ойыншыға айналады. Австрия қақпасына соққан Бэйлдің қос голы Уэльске әлем біріншілігінде ойнауға мүмкіндік берді. Алаба кәсіпқой мансабында бірде-бір рет әлем чемпионатына шықпаған және бұл турнирде енді қашан ойнайтыны да белгісіз.
Пауло Дибала - Аргентина
Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы әлем чемпионатына еш қиындықсыз шықты. Бірақ командадағы маңызды ойыншылардың бірі - Пауло Дибала Аргентинаға теледидар арқылы жанкүйер болады.
«Романың» 28 жастағы шабуылшысы Италия чемпионатының 9-турында «Леччемен» болған ойында жарақат алып қалды. Аргентиналық футболшы пенальти тебетін кезде сан бұлшықеттерін зақымдап алған. Медициналық тексерістің нәтижесі бойынша Пауло 4-8 апта бойы алаңғы шыға алмайды.
Пауло осы маусымның басында еркін агент ретінде «Ювентустан» Жозе Моуриньоның «Ромасына» ауысқан еді. Римдік клуб жейдесінде 11 ойынға қатысып, 7 гол соқты, 2 нәтижелі пас берді.
Н'Голо Канте - Франция
«Челси» клубы бір апта бұрын франциялық жартылай қорғаушы Н'Голо Кантенің Катарда өтетін әлем чемпионатына қатыспайтынын мәлімдеді.
Жарақатын емдету үшін ота жасатқан француз футболшысы үш ай бойы доп тебе алмайды. Канте соңғы рет 14 тамызда алаңға шыққан. Сол жарақатынан енді айығып келе жатқанда, қайтадан асқындырып алды. Соңғы жылдары Франция футболының жарық жұлдызы жиі жарақат алып жүр. Өткен маусымнан бастап есептегенде, Канте жарақатына байланысты «Челсидің» 31 матчына қатыса алмаған. Төрт жылда бір келетін футбол мерекесіне арналған жоспарын Дидье Дешам Н'Голосыз құру қажет.