Рунет выбирает
77
79
75
76
80

«Кейбір адамдармен түсінісе алмадым». Кирилл Кекер – «Қайраттағы» қиындықтар мен өзгерістер туралы

Читать полностью

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Кирилл Кекер YouTube-тағы «Вести Спорта» арнасына берген сұхбатында өткен маусымдағы жұмысын қорытындылап, команданың алға қойған мақсаттарын айтып берді. Сондай-ақ «Кишвардамен» болған ойынды талқылап, Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен, Артур Шушеначев, Данил Устименко және Нұралы Әліптің болашағына қатысты пікір білдірді.

— Биыл Сіз «Қайраттың» негізгі командасын екінші рет тізгіндедіңіз. Бұл жолы басшылық Сізге үлкен сеніп артып отыр ма?

— Биылғы команда былтырғыға қарағанда мүлдем өзгеше. Сенімге келетін болсақ, қазір маған бұрынғымен салыстырғанда үлкен қысым түсіп жатқан жоқ. Маған көп адамдар көмектескісі келеді. Біз қайда жылжу керектігін жақсы білеміз. Бірге әрекет етуді қалаймыз және болашаққа арналған жоспарларымыз да жоқ емес. Бірақ менің қазіргі келісім-шартым ұзақ мерзімге есептелмеген. Академияда жұмыс істеп жүргеніме сегіз жыл болды. «Қайрат» - үздік команда, кез-келген адам мұнда жұмыс істеуді қалайды. Мен де бұл жерде ұзақ уақыт еңбек етемін деген үміттемін.

— Былтыр үлкен қысым түсті деп айтып қалдыңыз. Мұның себебі неде?

— Бұған бірнеше факторлар әсер етті. Біріншіден, Чемпиондар лигасында ойнау – үлкен жауапкершілік. Өткен жылы мен «Қайрат-Жастарды» жаттықтырдым және «Қайрат-Мәскеу» клубына аттануым керек еді. Бірақ сол сәтте Алексей Шпилевский командадан кетіп қалды. Маған «Қайратты» уақытша жаттықтыру туралы, кейін бас бапкер болу жайлы ұсыныс түсті. Бұл мен үшін жоғары деңгейдегі алғашқы сынақ болды. Барлығы команданы еурокубоктің топтық кезеңінен көргісі келді. Ал біздің бапкерлік штаб бұл тапсырманы сәтті орындады. Былтырғы мен биылғы нәтижені салыстыруға келмейді. Біз ұтқан «Маккаби Хайфа» қазір Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына өтті. Сондай-ақ 49 матч бойы жеңілмеген «Црвена Звезданы» өз алаңымызда тізе бүктірдік. Жеңілістер болғанымен, біз тарихта алғаш рет топтық кезеңге жолдама алдық. Сондықтан жақсы іс атқардық деп ойлаймын. Қазақстан чемпионатында «Қайрат» менің басшылығыммен бес матч өткізіп, жоғары нәтиже көрсетті. Чемпиондар лигасында төрт матч өткізіп, екеуінде жеңдік, бір ойында тең түстік. Еуропа лигасында «Алашкерттен» қосымша уақытта жеңіліп қалдық. Ал Қазақстан кубогінде академия ойыншыларына мүмкіндік бердік. Жасаған жұмысыма өкінбеймін. Осындай мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын. Қателіктер болды, бірақ біз клубтың қамы үшін еңбек еттік.

— Қандай қателіктер болды?

— Кәсіби тұрғыдан бәрі жақсы болды. Бірақ қарым-қатынас жағынан біраз қиындықтар болды. Қазір болған жағдайдың бәрін айтып бере алмаймын. Ойыншыларды меңзеп отырған жоқпын, басқа адамдармен түсінісе алмадым. Футболшылардың абыройы да менің жұмысыма әсер етпеді. Вагнер Лав секілді белді ойыншылармен оған дейін де бапкердің көмекшісі ретінде жұмыс істеген едім, сондықтан арамызда келіспеушілік болған жоқ. Вагнер мен келгенге кейін небәрі екі гол соқты, ал менің келуіммен әр ойында көзге түсетін болды. Басқаларымен де жақсы қарым-қатынас орнаттым. Маған командада жұмыс істеу өте қатты ұнады және бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды.

— Данил Устименконың еурокубоктегі дебюті сәтсіз болды. Покатилов кеткен соң ол бірінші нөмірлі қақпашы атанды және тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр.

— Былтыр менің жетекшілігіммен еурокубокте академияның бес ойыншысы дебют жасады. Биыл алты ойыншыға мүмкіндік берілді. Еурокубоктің деңгейі басқа. Менің ойымша, жастар мұны сезінуі қажет. Жоғары деңгейде өтетін ойындағы атмосфераны сезінсе, жас ойыншылар неге ұмтылу керектігін түсінеді. Данил Қазақстанның жасөспірімдер, жастар және негізгі командасына шақыртылды. Мен онымен бірге 2018 жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. Оның «Црвенаға» қарсы матчта сәтсіз өнер көрсетуіне бірнеше факторлар әсер етті. Өкінішке орай, ол бұл ойынға дайын болмай шықты. Оған тағылған сынды негізсіз деп білемін. Данилдің қазіргі деңгейіне қарап, осылай болғаны да дұрыс шығар деп ойлаймын. Сол кездегі сәтсіздік оған алға қарай үлкен қадам жасауға сеп болды. Мен бұған қуаныштымын.

Қазір Қазақстаннан Устименкодан мықты қақпашыны көріп отырған жоқпын. Бірақ әлі жұмыс істеп, жақсартатын тұстары көп. Бәрі тек өзіне байланысты. Оны Шацкиймен салыстырғым келмейді. Бірақ ол қазірдің өзінде ұлттық құраманың бірінші нөмірлі қақпашысы болуға дайын.

— Былтыр Шушеначевтің гол соғуына Вагнер Лав көп көмектесті. Биыл Артур нәтиже көрсете алмауда. Бұған не дейсіз?

— Вагнер, Канте, Косович, Әбікен секілді жоғары деңгейдегі ойыншылармен бірге ойнау оңайырақ болады. Олардың берген пастарынан кейін гол соқпау мүмкін емес. Бірақ оның голды соғу-соқпауы Вагнерге байланысты болды деген пікірмен келіспеймін. Артур көп жұмыс істеді және соншама гол соғуы өз еңбегінің жемісі деп білемін.

Биыл ол «Қайратпен» бірге ОЖЖ-на бармады. Артур Польшаға кетуі керек еді, бірақ бәрі сәтсіз аяқталды. Сондықтан бұл жағдай өз әсерін тигізбей қоймады. Мен оған сенемін және ол гол соғуын жалғастыра береді. Барлығы реттеліп келеді. Соңғы ойындарда Артур өзін жақсы қырынан көрсетуде. Енді ол үшін қиындықтар болмайды деген ойдамын. Ол біздің командада қалды, енді өзіне тиесілі голдарын соғып, бізге көмектесетін болады.

— Бауыржан Исламхан «Қайратқа» орала ма?

— Бауыржан «Қайраттың» капитаны болып, команданың жетістігіне үлкен үлес қосты. Оның футболға қайта оралуы бүкіл Қазақстан үшін пайдалы болмақ. Мен клуб басшылығымен де, Бауыржанмен де «Қайратқа» оралу мәселесін талқыладым. Барлығын уақыт еншісіне қалдырайық. Ол қай командаға келсе де, Қазақстан футболы үшін үлкен көмек болады. Бауыржан бұрынғыдан да мықты болып оралады деп үміттенемін.

— Айбол Әбікен футболдан төрт жылға шеттетілді. Сіз онымен сөйлестіңіз бе және осыншама ұзақ уақыттан кейін футболға оралу мүмкін деп ойлайсыз ба?

— Иә, Айболмен сөйлестім. Төрт жыл деген кәсіби футболшы үшін үлкен қасірет. Бәрі де мүмкін. Бастысы оның осы төрт жылды қалай өткізетіндігінде. Оның мінезі, футболға деген құлшынысы қайта оралуға өз септігін тигізеді. Ол кезде Айбол отыз жаста болады. Бұл ол үшін үлкен сынақ. Ол әрі қарай да футбол ойнай береді дегенге сенгім келеді. Әбікен – біздің команданың түлегі, жақсы ойыншы және керемет адам.

— «Қайрат» легионерлердің басым көпшілігімен қоштасты. Алматылық клуб келесі жылы тек отандық футболшылармен ойнауы мүмкін бе?

— Мұны да жоққа шығара алмаймын. Қазір командада Вадим Ульянов, Антон Крачковский, Гүлжігіт Алықұлов секілді ұзақ мерзімді келісім-шартқа қол қойған ойыншылар бар. Бізге Виктор Васин, Жоао Пауло, Хосе Канте, Яцек Гуральски сияқты жоғары деңгейдегі легионерлер керек. Оларсыз біздің жас ойыншыларымыз дамымайды. Жастардың олардан үйренері көп.

— Маусым соңында клуб басшылығы легионерлерсіз ойнаймыз деп айтса, не істейсіз?

— Бұған да дайынмын. Қалай айтса, солай болады. Легионерлер болмаса, біздің жігіттерде өздерін көрсетуге мүмкіндік болады. Олар қазір ойнамағанда, қашан ойнайды? Қазір ұлттық құрамаға ойыншы шақырту кезінде үлкен таңдау болмайды. Біз соңғы ойындарда отандық футболшыларға көп сенім артып жүрміз. «Қайрат-Жастар» командасындағы ойыншыларға да мүмкіндік бердік. Оларды ойнатпасақ, бізге академияның не керегі бар? Негізгі құрамнан академияның он бір ойыншысын шығару туралы арманым жоқ. Ондай ойым болса, осы маусымда солай жасауға болар еді. Мен олардың негізгі құрамда шығуға лайық болып, сенімімді ақтағанын қалаймын.

— «Кишвардамен» болған ойында командаңызға не жетіспеді?

— Гол соғу қолымыздан келмеді. Екі ойында да қарсылас қақпасынан саңылау табатын мүмкіндіктер болды. Бірақ ел біріншілігі мен кубоктік ойындарға қарағанда қауіпті сәттерді аз жасадық. Басты кемшілігіміз де осы болған шығар. Басқа да себептер бар, бірақ мен оны жіпке тізіп айтып отырмаймын. Көрсеткен ойынымыз үшін ұялмаймын. Командамның ойынға, жеңіске деген құлшынысы керемет болды.

Шабуыл шебіндегі ойыншылардан көңілім қалды деп айта алмаймын. Біз жаттығуда пысықтаған дүниелерді жасай алмадық. Қарсылас та мұны жасауымызға мүмкіндік бермеді. Біз екі матчта да бірінші нөмірмен ойнадық, қарсыласымыз қорғанысқа көп көңіл бөлді және жылдам шабуылдар мен стандартқа иек артты. Қазір командада қалған ойыншылардан үздік сұрмерген деп кімді айта аласыз? Чемпионаттың он бес матчында Васин, Шушеначев және Жоао екі голдан соқты. Біз тек «Атыраумен» болған ойында ғана үш гол соқтық. Жалпы ойын сапасына көңілім толады. Енді тек алға жылжуға тырысамыз. Бірақ бұған уақыт керек.

«Кишварданы» оңай қарсылас деп кім айтты? Неге олай ойлайсыздар? Ия, олар еурокубокте алғаш рет ойнады. Өткен жылы чемпионатта күміс жүлдеге ие болды, «Ференцвароштан» мүлдем жеңілмеді. Ал енді «Тобылдың» «Ференцварошпен» болған ойынын қараңыз. Деңгей байқала ма? Қазақстан чемпионы Венгрия чемпионынан 1:5 есебімен ұтылды. Бұл біздің чемпионаттың деңгейінің түскенін көрсетеді. Қазір бізге бұрынғыдай мықты легионерлер келмейді. Венгрияны алып қараңызшы. Кишварданы он бес мың ғана тұрғыны бар кішігірім ауыл десек те болады. Осындай кішкентай жерде 3 мың адамға арналған керемет стадион бар. Құны небәрі 500 мың еуроны құрайды. Ал біздің Қазақстанда мұндай стадион жоқ.

— «Қайрат» биыл чемпиондық үшін күресе ме?

— «Қайрат» - Қазақстан футболындағы үздік клубтардың бірі. Әрқашан чемпион болғысы келеді. Басқа мақсаты жоқ десем де болады. Көптеген адамдар бізді чемпиондыққа үміткер ретінде қарастырмайды. Олар не десе де, өздері біледі. Мен команданы сегізінші орында тұрған сәтте тізгіндедім. Тоғызыншы орында тұрған «Ордабасының» артық ойындары болды. Қазір олар үшінші орында тұр. Біздің мақсатымыз - тек чемпиондық үшін күресу. Ойындарымызға қарасаңыз, бізде мінез жоқ, ойнағысы келмейтін команда деп айта алмайсыз. Біз кез-келген матчта жеңуді көздейміз. Футбол сарапшылары не айтса да, өздері біледі. Бірақ біз өз мақсатымызды білеміз және одан тайқымаймыз.

— Нұралы Әліп соңғы кездері прогресс жасады деп ойлайсыз ба және ол әрі қарай да «Зенитте» ойнай бере ме?

— Оның әр ойынын тамашалауға мүмкіндік болмайды. Қазір әртүрлі командада жалдау шарты бойынша өнер көрсетіп жүрген басқа да ойыншыларымыз бар. Оларды да бақылауымыз керек. Мен желтоқан айында тәжірибеден өту үшін «Зенитке» бардым және ол жердегі жаттығу жұмыстарының қалай өтетінін, легионерлердің деңгейін байқадым. Әрине, Нұралы үшін қуаныштымын. Ол қазір мықты ойыншылармен бірге доп тебуде. Бұл оның прогресс жасауына сеп болады. «Зениттен» кететіндей себеп көріп тұрған жоқпын. Соңғы кездері тәп-тәуір ойнап жүр. Қазір оларда орталық қорғаушылардан Ловрен, Родригао, Честяков және Әліп бар. Бірақ сол аяқпен ойнайтын тек Нұралы ғана. Бұл да оның бойындағы жақсы қабілет деп білемін. Менің ойымша, Әліп «Зенитпен» толыққанды келісім-шартқа отырады. Нұралыны бұрыннан білемін. Оның әлемдегі кез-келген лигада ойнауға мүмкіндігі бар. Ол «Зенитке» ауысып, алғашқы қадамын жасап та қойды. Енді бәрі тек өзіне байланысты болады.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+