Рунет выбирает
77
79
75
76
80

«Бәрі «Ақтөбеге» қарсы». Қонысбаев – Исламхан мен Зайнутдиновтің болашағы, ҚПЛ чемпионы және мансабы туралы

Читать полностью

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Ұлан Қонысбаев Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұқбатында алдағы мансабы, Бақтиер Зайнутдиновке «Аталантаның» қызығушылығы, Нұралы Әліптің болашағы, ҚПЛ-де қай клубтың чемпион болатындығы және төрешілердің тәжірибесіздігі туралы тілге тиек етті.

— Ұлан мырза, бірнеше шоу-матчтан кейін жасыл алаңнан көрмей кеттік. Қазір немен айналысып жүрсіз?

— Шоу-матчтар саябырсып қалды. Бірақ таяуда тағы да ойындар болады. Жоғалған жоқпын. Қазір өзім жеке кәсіппен айналысып жүрмін. Жақында кітабым шығады.

— Кітабыңыз жайлы толығырақ. Не туралы болады?

— Кітабым өзім туралы. Футболға қалай келдім, қалай өстім, жарақатқа дейінгі және жарақаттан кейінгі өмірім қалай болды. Жалпы өмірбаяным толықтай қамтылады.

— Ресми түрде кәсіби мансабыңызды аяқтамадыңыз. Алдағы уақытта кәсіпқой клубтың қатарынан көреміз бе?

— Иә, толыққанды нүкте қойып, мансабымды аяқтаған жоқпын. Әлі де ойнауға деген ниет бар. Алдағы уақытта кәсіби клубтың қатарынан көрулеріңіз мүмкін.

— Ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы жетістігіне қандай баға бересіз?

— Құрамамыздың Ұлттар лигасындағы өнеріне жоғары баға беремін. Басында «топта бірінші орын аламыз» деп айтып едім. Сол орындалып, топтан шықтық. Жігіттер жарады. Бар жан-тәнімізбен жанкүйер болдық.

— Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі қарсыластарымыз жайлы ойыңыз қандай? Еуропа чемпионатына жолдама ала аламыз ба?

— Іріктеудегі қарсыластарымыз осал емес. Чемпионатқа жолдама аламыз ба, алмаймыз ба уақыттың еншісінде. Бірақ бар күшімізді салып тырыссақ, шығып қалуымыз әбден мүмкін.

— 16 қараша күні Өзбекстанмен күш сынасамыз. Екі құрама үшін де маңызды ойын. Көпшілік «Орталық Азия дербиі» деп те атайды. Матчтан не күтесіз, жеңіске жете аламыз ба?

— Өзбектер Азияда өте мықты. Еуропада ойнаса да, жақсы өнер көрсете алады деп ойлаймын. Сондықтан бұл ойында жеңіске жету өте қиын болады. Толық құраммен барсақ, жеңіске жетуіміз мүмкін. Менің ойымша, тең есеп тіркелетін секілді.

— Соңғы уақытта Бақтиер Зайнутдиновке «Аталанта» қызығушылық танытуда деген жаңалықтар көптеп тарауда. Бақтиер Италия чемпионатында ойнап кете ала ма?

— Иә, бұл туралы жаңалықтардан құлаққағыс болып жатырмыз. Баха әлі жас, бойында күші тасып тұр. Руслан Малиновский де ешкімнен кем болмай жүр ғой, сондықтан Баха да еш қиындықсыз ойнап кете алады деп ойлаймын.

— Зайнутдиновтен кейін Нұралы Әліп туралы да сұраған жөн болар. «Зениттегі» орнын сақтап қала ала ма әлде басқа чемпионатқа ауысқан жөн бе?

— Зайнутдиновке қалай сенсек, Әліпке де солай сенеміз. Бірақ Нұралыға «Зениттен» кетіп, ойын уақыты көбірек берілетін жерге ауысу керек. Бұлай отыра берген жарамайды. Ресейдің «Рубин», «Ростов» сынды тағы да басқа клубтарына ауысса, жөн болады деп ойлаймын.

— Сонымен қатар жақында Бауыржан Исламхан мансабын қайта жаңғыртуға мүмкіндік алады. Қай клубтан бастаған жөн?

— Иә, 9 қараша күні дисквалификация уақыты аяқталады. Қай клубтан бастау керектігін Бауыржанның өзі шешеді ғой. Қай командаға барса да ойнап кете алады. Бүкіл халық болып оның оралғанын асыға күтудеміз. Келесі жылы ұлттық құрамаға да керек болады.

— Қазақстан Премьер-лигасының аяқталуына бір тур қалды. «Ақтөбеде» де, «Астанада» да ойнадыңыз. Қай команда чемпион болады деп ойлайсыз?

— Иә, екі клубта да өнер көрсеттім. Бірақ көбірек елордалық ұжымның намысын қорғадым. Өйткені «Ақтөбеге» жарақат алғаннан кейін барып, өзімді көрсете алмадым.

«Астана» соңғы матчын «Шахтерға» қарсы өткізеді. Менің ойымша, биыл астаналықтар чемпион болады. Бірақ Андрей Карпович келгеннен кейін «Ақтөбе» чемпион болса екен деп ойлап едім. Алайда соңғы турлар қызыққа толы өтуде. Төрешілер де араласып жатыр. «Астана» чемпион болатын сияқты.

— ҚПЛ-дің төрешілері жиі сынның астында қалады. Олардың тәжірибеліктеріне күмәнмен қарайтындардың қарасы көп. Осыған байланысты көзқарасыңыз қандай?

— Төрешілерімізге VAR да көмектеспей жатыр. Жоқ жерден пенальтилер беруде. Жасыратын несі бар, бәрі «Ақтөбеге» қарсы десе де болады.

— Жақында Әлем чемпионаты басталады. Басты фаворитіңіз қай құрама? Кім жеңімпаз атанады деп ойлайсыз?

— Кәрім Бензема мен Килиан Мбаппе бастаған Франция құрамасына жанкүйер боламын.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+