Рунет выбирает
77
79
75
76
80

17 мың тұрғыны бар қаладан шыққан «Қайраттың» дебютант қарсыласы «Кишварда» жайлы не білеміз

Читать полностью

«Қайрат» қатарынан екінші рет Конференция лигасының топтық кезеңіне шығуға тырысады. Ол үшін іріктеуден сүрінбей өту керек. Алматылықтардың квалификациядағы алғашқы қарсыласы – «Кишварда». Көпшілікке таңсық клуб болған соң азды-кем ақпараттарды қабыл алыңыздар.

«Кишварда» – Венгрияның өзі аттас қаласынан шыққан футбол клубы. 2018 жылғы санақ бойынша, Кишварда қаласында 17 000 тұрғын бар екен. Негізі, команда бастауын 1911 жылдан алады. Сол жылы «Кишварда спорт ассоциациясы» деген атаумен пайда болған. Бірақ заманауи тарихында негізі қалған уақыт 2003 жыл деп көрсетілген.

«Айдаһарлар» 2018 жылдан бері ғана Венгрияның жоғарғы дивизионында өнер көрсетіп келеді. Аз ғана уақыттың ішінде елдің елеулі клубына айналып, өткен маусымда «Ференцвароштан» 12 ұпайға артта қалып, екінші орынға тұрақтап, Конференция лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсету құқығына ие болды. Бұл олардың еурокубоктік турнирлердегі дебюті болмақ. Ал «Қайраттың» іріктеу кезеңдеріндегі тәжірибесі бар екенін білесіздер. Тіпті, өткен маусымда Конференция лигасының топтық кезеңінде де ойнады.

«Кишварда» ойыншыларының ортақ трансферлік құны 8,6 миллион еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншылары – Ясмин Мешанович, Отто Хиндрич. Қос футболшының да нарықтағы құны – 600 мың еуро. Ал «Қайрат» 9,43 миллион еуроға бағалануда. Ең қымбат ойыншысы – Хосе Канте (1,4 млн еуро).

«Кишварда» құрамының 72,4%-ын (21 ойыншы) легионерлер құрайды. Олардың басым көпшілігі – украиналықтар. Себебі Кишварда қаласы Украинамен шекараласады. Өз ұлттық құрамасында өнер көрсететін жалғыз ойыншысы бар екен. Ол – Дритон Цамай. 2022 жылы Черногория құрамасының жейдесінде бір матч өткізген.

Ал «Қайраттың» 33,3%-ы шетелдік ойыншылар. Ұлттық құрамасының намысын қорғайтын төрт аяқдопшысы бар. Олар: Сұлтанбек Астанов (Қазақстан), Артур Шушеначев (Қазақстан), Хосе Канте (Гвинея) һәм Гүлжігіт Алықұлов (Қырғызстан).

«Кишварда» өз алаңындағы ойындарды құшағына 3 мыңдай жанкүйер сыятын «Варкерт» стадионында өткізеді.

«Кишварданың» бас бапкері – Ласло Торок. Ол жақында ғана клубты тарихи еурокубоктік турнирге алып шыққан Габор Эрошты алмастырды. Команда жаңа жаттықтырушының нұсқауымен Австрияда «Қайратқа» қарсы ойынға дайындалып, ОЖЖ барысында «Хайдук» (1:1), «Крайова» (2:1), АЕК (2:2) және «Адмира» (2:1) командаларымен күш сынасып, бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін татпады.

«Қайратпен» ойын «Кишварданың» қазақстандық командаларға қарсы өткізетін алғашқы матчы емес. Венгриялық клуб 2016 жылы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны кезінде қостанайлық «Тобылмен» күш сынасқан. Сонымен қатар «айдаһарлардың» қазіргі құрамында «Ақтөбенің» экс-ойыншысы Слобадан Симович өнер көрсететінін де айта кеткен жөн. Жартылай қорғаушы 2017 жылғы маусымда «Ақтөбе» жейдесінде он ойын өткізіп, екі сары қағаз алған.

Маусымаралық үзіліс кезінде «Кишварда» бірнеше негізгі ойыншыларымен қоштасты. Олар: Клаудиу Бумбе, Херди Пренг, Лазар Чиркович және Давид Домбо. Аталған футболшыларға жақсартылған келісімшарт ұсынылған, бірақ олар оған да келіспей, басқа командаға кетуді ұйғарды.

Ал жаңадан қосылған ойыншыларға келер болсақ. Команда сапын Марио Илиевски, Доминик Ковачич, Имре Антал және Милош Вранянин сынды футболшылар толықтырды.

Жалпы «Қайратқа» мүмкін болған қарсыластардың ішінен ең әлсізі түскендей. Бірақ оңтүстік астаналықтардың қазіргі жағдайын ескерсек, «Кишварда» да алынбас қамал болуы бек мүмкін.

Қос команда арасындағы алғашқы ойын 21 шілде күні Алматыда өтеді, ал қарымта кездесу 28 шілдеде Венгрияда болады.

Фото: «Кишварда» ФК

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+