«Тараз» клубының шабуылшысы Абылайхан Жұмабек YouTube-тағы BorodAbata арнасына берген сұхбатында осы маусымдағы сәтті ойыны жайлы пікір білдіріп, өзіне ұнайтын ойыншылардың есімін атады.
— Абылайхан, осы маусым сен үшін керемет өтуде. Өткенде Қазақстан кубогінің матчында покер жасадың. Жанкүйерлердің сен жайлы айтқан әңгімесі қалай әсер етуде?
— Бәрі жақсы. Өзім осылай төрт гол соғатынымды сезіп, соған дайын жүрдім. «Тараздың» осы маусымдағы нәтижесіне командадағы ауызбіршілік әсерін етуде. Барлығы да Алланың қалауымен болып жатыр деп ойлаймын.
— Маусым айында Қазақстан құрамасына шақыртылғаныңмен, төрт ойынға да қатыспадың. Бұл сен үшін тәжірибе болды ма?
— Үлкен тәжірибе болды деп ойлаймын. Себебі командадағы, киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфераны сезіндім, ағаларымның, бапкерлердің ақыл-кеңестерін тыңдадым. Алда ойындар көп. Сол кезде өз мүмкіндігімді аламын деген үміттемін.
— Қазақстан кубогінің жаңа форматы жас ойыншылар үшін жақсы мүмкіндік болды. Сен де бұл турнирде топырлатып гол соқтың.
— Иә, бәрі тамаша. Біздің команда топтық кезеңде мүлдем жеңілмеді. Үш ойында жеңіске жеттік, үш матчта тең нәтиже тіркелді. Енді келесі кезеңде «Шахтерді» жеңіп, кубокті жеңіп алу туралы мақсатымыз бар.
— Саған «Астана» қызығушылық танытып отыр деген ақпараттар болды. Осы жылы саған қандай клубтардан ұсыныс түсті.
— Шетелден ұсыныс түскен жоқ. Қазақстаннан бірнеше клуб хабарласты. Бірақ аттарын атай алмаймын.
— Осыған дейін футбол жанкүйерлері Абылайхан тек Байтананың арқасында гол соғып жүр деп айтатын еді. Қазір Бауыржан басқа клубқа ауысты. Енді командада саған голдық пастар шығаратын ойыншылар бар ма?
— Пас беретін адам әрқашанда табылады. Бірақ Байтананың орны бір бөлек. «Тараздың» негізгі командасына қосылғаныма үш жыл болды. Содан бері Баджомен бірге ойнап жүрмін. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Сол себепті гол соғу да оңай болды. Қазір командада Қараман секілді нәтижелі ойыншылар бар. Солардан пас күтемін. Дінмұхамед екеуіміз клубқа бір уақытта қосылдық. Екінші командада, Қазақстан жастар құрамасында бірге ойнадық. Сондықтан Димашты мені ең жақсы түсінетін ойыншы деп ойлаймын.
— «Таразға» Максим Дегтярев дейтін украиналық шабуылшы қосылды. Оның деңгейі қандай екен?
— Жақсы ойыншы. Бұған дейін украиналық «Десна» командасында ойнаған. Бірақ қыркүйектен бері алаңға шықпаған екен. Қазір жаттығу жасап, бабына келуде. Жақсы бәсекелес деп ойлаймын. Бәсекенің арқасында екеуіміз де көп голдар соға аламыз.
— Сені қазір «қазақстандық Бензема» деп атауда. Осыған қалай қарайсың? Түрің де Кәрімнің жас кезіне ұқсайды.
— Қарсы емеспін. Бензема өзіме ұнайды. Матч алдында Левандовски, Бензема секілді шабуылшылардың ойынын қараймын. Криштиану Роналду да бақылаймын. Бірақ нақты кумирім жоқ.
— Бензема секілді қолыңды таңып алмайсың ба?
— Ондайым жоқ. Бір Аллаға сенеміз. Абат жетеді әзірге. Дұғамды оқып, матчқа шыға беремін. Командадағы жігіттердің бәрі осылай жасайды. Соның арқасында оң нәтиже көрсетіп жүпміз деп ойлаймын.
— Сейсен екеуің жақсы доссыңдар. Ол Қазақстан кубогінің матчтарында алаңға шықпады. «Ордабасымен» болған ойында жіберген қателігінің салдарынан бапкерлер штабы осындай шешім қабылдаған сияқты. Оның қазіргі жағдайы қалай?
— Жағдайы жақсы. Бас бапкер кубоктік ойында қақпаға кезектесіп тұрасыңдар, ал чемпионаттағы матчтарға кім дайын, сол тұрады деп айтты. Қателік әр ойыншыда болады. Тек оны жуып-шая білу керек.
— ФНЛ-де ойнауға деген ниет бар ма?
— Көре жатармыз. Нақтысын айта алмаймын.
— Қыркүйекте ұлттық құраманың жиыны басталады. Магомед Адиев сенімен байланысқа шығып, покермен құттықтамады ма?
— Жоқ, хабарласпады