Рунет выбирает
77
79
75
76
80

«Қайраттан» қуылып, үлкен допинг дауына ілікті. Әбікеннің әбігері

Читать полностью

Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Ақсу» футбол клубының ойыншысы Айбол Әбікен допинг дауына ілікті және қатал жазалануы мүмкін.

Басын бастайық. Ұлттық құраманың ойыншылары Молдоваға қарсы қос матчтық текетірес алдында Қазақстан футбол федерациясының нұсқауымен допинг-тест тапсырған. Нәтижесінде тек «Ақсуда» жалда ойнап жүрген «Қайрат» футболшысының қанынан 2016 жылдан бері рұқсат етілмеген препараттардың қатарына енгізілген мельдоний табылды.

Осыған дейін қазақстандық биатлоншы Кристина Боровиковадан мельдоний табылып, төрт жылған спорттан шеттетілген еді. Сонымен қатар оның әріптесі Игорь Кривопчук дәл осылай жазаланды. Ал «мелдоний ісі» бойынша ең танымалы — Мария Шарапованың ісі. Мельдоний ресейлік теннисшіден ол рұқсат етілмеген препараттардың қатарына енгізілгеннен бір айдан кейін табылды. Оған дейін Мария оны он жыл бойы емін-еркін қолданып келген. Шараповаға басында екі жыл беріп, аппелециядан кейін 15 айға қысқартылды.

Осыған дейінгі істерге көңіл аударсақ, Әбікенді ең ауыр жаза күтіп тұрғандай. Шарапованың жағдайында мәселе басқа болса, Әбікеннің ісінде ақталу қиындау және қорғаушыларды үлкен жұмыс күтіп тұр. Айбол 1-4 жылға дейін футболмен қош айтысуы мүмкін. 25 жасар ойыншы қазірдің өзінде жаттығулар мен ресми матчтардан шеттетілді.

Сондай-ақ «Ақсудың» дәрігері негізгі командадан футбол орталығына ауыстырылды. Алайда клубтың спорт директоры Владислав Чернышов бұл әрекеттің Айболдың ісіне қатысы жоқ екенін айтып, барлығы жергілікті жастарға мүмкіндік берудің қамы деп отыр. Бұған сенудің өзі қиындау секілді.

Бұл Әбікеннің мансабындағы алғашқы қиындық емес. Ол осыған дейін «Қайраттан» қуылып, жастар командасына ауыстырылған еді. Оған басты себеп Айболдың жалақыны төмендетуге келіспеуінде болды. Басшылықпен ортақ келісімге келе алмаған ойыншы ақпан айының соңында жаңа клуб тауып, «Ақсуға» жалға берілді. Павлодарлық команда сапындағы алғашқы ойындарын сәтті бастап, негізгі құрамнан ойып тұрып орын алды. Ал соңғы бес кездесуде үш мәрте мергендігімен көзге түсіп, өз бабына келгендей көрінді. Алайда допинг дауы сергелдеңге салып отыр.

Әбікеннің әбігері Қазақстан құрамасы мен «Ақсуға» қалай әсер етеді деп уайымдасаңыз, тыныш ұйқтай берсеңіз болады. Айболдың допинг дауы құраманың ойындарына еш кері әсерін тигізбейді және Молдоваға қарсы кездесулердің нәтижелері қайта қаралмайды. Сол матчтарға қатысқан кемі үш ойыншыдан допинг табылса, сонда ғана іс УЕФА-ның арнайы органдарына табысталар еді. Сондықтан Айболдың болашағынан басқа дүниеге алаңдаудың реті жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін қос бірдей қазақстандық футболшы допинг дауына іліккен еді. Алғаш болып Бауыржан Исламхан 2020 жылы екі жылға футболдан шеттетілді. Баторик бірнеше мәрте аппеляцияға бергенімен, онысынан түк шықпай, дисквалификация мерзімі қысқартылмады. Ал 2022 жылы Руслан Валиуллиннің де басына күн туды. Ол 2023 жылдың күзіне дейін жасыл алаңға шыға алмайды.

Әбікен де алдыңғы екі отандасының кебін киіп, бірнеше жылға кәсіби спорттан қол үзуі бек мүмкін. Алайда әзірге нақты ресми хабар жоқ. Сондықтан әліптің артын бағайық.

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+