Олег Воскобойников: «Мұхамеджан Сейсен — ұлттық құраманың болашағы»

Наурызбай Сатжанов
10.06.2021
12:10
Новость
Футбол
Олег Воскобойников: «Мұхамеджан Сейсен — ұлттық құраманың болашағы»

Футболдан еліміздің екі дүркін чемпионы, ұлттық құраманың экс-қақпашысы Олег Воскобойников жуырда ұлттық құрамада алғашқы ойынын өткізген «Тараз» ФК қақпашысы Мұхамеджан Сейсеннің ойынына жоғары баға берді деп хабарлайды Vesti.kz. Ішкі біріншілікте әр жылдары үздік қақпашы атанған ардагер футболшы бүгінгі таңда «Қайрат» клубында қақпашыларды жаттықтырып келеді.

- Олег Игорьұлы, көптеген жанкүйерлер ұлттық құрамадағы қақпашыларды аяқпен нашар ойнайды деп жатады. Матч барысында қателікке жиі бой алдырады. Қақпашы ретінде отандық футболшыларымызға қандай баға бересіз?

- Мұның барлығы бапкердің берген нұсқауына байланысты. Ойынның моделіне қарай. Қарап отырсаңыз ойын қақпашыдан басталады. Алғашқы пасты беретін голкипер. Қақпашы жарты команда деп бекер айтпайды. Сол үшін қақпа маңында аса қатты тәуекелге барудың қажеті жоқ.

- Салыстырмалы түрде немістің Мануэль Нойер, Тер Штеген сынды қақпашылары аяқпен көбірек жұмыс істейді.

- Жоғарыда айтқанымдай, мұның барлығы бапкерге байланысты. Жаттықтырушы қандай тапсырма береді, қақпашы соны орындауы тиіс. Кейде аяқпен көбірек ойнайм деп өз қақпаңа қауіп төнуі мүмкін. Бұл тұрғыда біздің жігіттерді әлсіз дей алмаймын.

- Мұхамеджан Сейсен ұлттық құрамада дебют жасады. Оның ойынына қандай баға бересіз?

- Мұхамеджанмен осыған дейін жұмыс істегендіктен, талантты ойыншы екенін айтқым келеді. Оның дебютіне тоқталсақ, бар кінәні мойнына артып қоя салуға болмайды. Сейсеннің алаңда көрсеткен өнеріне жоғары баға беремін. Ол ұлттық құраманың болашағы. Ең бастысы қақпада өзін сенімді ұстайды. Оған мүмкіндікті көбірек беру керек. Жас ерекшелігіне қарамастан ол ішкі біріншілікте жақсы ойнайды.

Естеріңізге сала кетсек, жуырда Талғат Маруаұлы баптайтын ұлттық құрама сырт алаңда Солтүстік Македониямен кездесіп, жерлестеріміз 0:4 есебімен есе жіберген. Матчтың екінші бөлігінде қақпа бағанын күзетуге шыққан Мұхамеджан Сейсен 3 гол өткізіп алған еді. Алайда бірінші таймның соңында Серікжан Мужиков қызыл қағаз алғанын ескерген жөн. 

Читайте Metaratings, чтобы быть в курсе свежих новостей казахстанского и мирового спорта, эксклюзивных инсайдов и экспертных мнений.