Грек-рим күресінен Ослодағы әлем чемпионатына кімдер қатысады?

Ернар Ламкадыров
14.09.2021
16:54
Новость
Единоборства

Ослода өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. 2-10 қазан аралығында бар әлем көз тігетін бәсекеге қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері де қатысады. Токио ойындарынан жүлде алмақ түгілі, бірінші айналымнан өте алмай, пұшайман болған  «классиктер» үшін бұл нағыз сын сағаты десек, артық емес. Өйткені, екі бірдей Олимпиададан кейін балуандарға жанкүйердің өкпе-реніші көбейіп, сенімі азайып барайды. Бас бапкер Бақтияр Байсейітов Токиодан кейінгі абыройын бір көтеріп алатын мүмкіндік те осы болмақ. Olympic.kz әлем чемпионатына қатысатын балуандарға шолу жасады. 

55 келіде 2019 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Хорлан Жақанша бақ сынайды. Әлемдік сыннан соң біршама ірі жарыстардан сырт қалған Хорлан бұл бәсекеге тас-түйін дайын екенін айтады. 

60 келіде бас бапкер Айдос Сұлтанғалиды қатарға қосты. Биылғы Азия чемпионы әрі Италиядағы рейтингілік турнирдің жеңімпазы атанған ол бабында болса да, Токио ойындарына барған жоқ. Бұл салмақта Олимпиадаға Мейрамбек Айнағұлов аттанып, бас-аяғы сегіз секунд ішінде ойсырай ұтылған болатын. Енді Айдос өзіне жасалған әділетсіздікті Осло кілемінде дәлелдеуі тиіс. Бұл қызылордалық балуанның екінші әлемдік жарысы. Бұған дейін ол 2018 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. 

63 келіде Қазақстан командасының жаңа жұлдызы Сұлтан Әсетұлы кілемге шығады. Сұлтан ересектер арасындағы маусымды биыл бастап, бірден Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Сондай-ақ, Италиядағы рейтингілік турнирде Ресей чемпионы Алексей Тадыкинді мерзімінен бұрын ұтқаны да жанкүйерлер есінде. Ұлттық құрамаға өткеніне бір жыл да толмаған жас балуан үлкен спорттағы қадамын нық басып келеді. 

67 келі салмақ дәрежесінде команда капитаны, тәжірибесі де, жасы да толысқан Алмат Кебіспаев сынға түседі. Алмат екі жыл бұрынғы әлем чемпионатында 63 келіде белдесіп, елорда төрінде қола жүлдені қанағат тұтқан. Осылайша, әлем біріншіліктерінде жеңіп алған жүлделерінің санын төртке жеткізген еді. Алмат үшін олимпиадалық цикл сәтті өткен жоқ. Лицензиялық әлем және Азия чемпионатына бапкерлер Мейіржан Шермаханбетті үкілеп қосты. Бірақ ол үмітті ақтамай, екі турнирде де бірінші белдесуде ұтылып қалды. Ал Токиоға жолдама беретін соңғы әлемдік іріктеу турнирінде Алмат жартылай финалда сүрініп, өзінің үшінші Олимпиадасына бару мүмкіндігінен айырылған. Осыдан соң Кебіспаев карьерасын аяқтап, кілемнен кетеді деген сыбыстар естілді. Алайда, 36 жастағы балуан мықтылармен белдесуге әлі де дайын екенін көрсетіп отыр. 

72 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2020 жылғы ел чемпионы Қаһарман Қисметов, 77 келіде 2020 жылғы Азия чемпионы Темірлан Шадукаев, 82 келіде тәжірибелі спортшы, 2017 жылғы Азия чемпионы Мақсат Ережепов, 87 келіде Олимпиада ойындарының қатысушысы Нұрсұлтан Тұрсынов, 97 келіде Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері Ерұлан Ысқақов, 130 келіде Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Әлімхан Сыздықов ел намысын қорғайды. 

Байқасаңыздар, Ослоға аттанатын грек-рим күресі шеберлері арасында жастар да, көпті көрген тәжірибелі балуандар да бар. Көптен бері жүлде аңсап жүрген «классиктерге» әлемдік сында сәттілік тілейміз. 

Читайте Metaratings, чтобы быть в курсе свежих новостей казахстанского и мирового спорта, эксклюзивных инсайдов и экспертных мнений.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!