Александр Куликов: «Жеңіс үшін барымызды салдық»

Наурызбай Сатжанов
04/05/2021
14:26
Новость
Другие

Слаломды есуден Қазақстан командасы #TeamKZ-тің жолдамалар қоржынын кезекті лицензиямен толтырды. Таиландтың Паттайя қаласында өткен Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде Александр Куликов жеңіске жетіп, құрлыққа берілген жалғыз жолдамаға иелік еткен болатын. Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшы мен бас бапкер іріктеудің қаншалықты қиын өткенін, пандемияға байланысты қандай кедергілер болғанын және алдағы басты жоспарларын айтты. Ғаламдық пандемия слаломды есу спортына да өз әсерін тигізді. Аталған спорт түрінен 2020 жылы өтуі тиіс бірқатар әлемдік жарыстар кейінге қалдырылды. Атап айтар болсақ, Франция, Италия, Словакиядағы әлем кубогі кезеңдері өткізілген жоқ. Ал былтырғы сәуірде ұйымдастырылуы тиіс Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирі биыл мамыр айында жалауын желбіретті. Бұл дода қазақстанды ескекшілер үшін сәтті аяқталғаны қуантады. Каноэмен есуден ерлер арасындағы сында Александр Куликов топ жарып, Токио Олимпиадасының лицензиясын ұтып алды.

«Бұл бәсеке өте қиын өтті. Турнирге дайындықты екі жыл бұрын бастадым десем де артық емес. Өйткені, пандемияға байланысты жарыс күнтізбесіне бірнеше рет өзгеріс еніп, іріктеу турнирі Олимпиада қарсаңында ғана өткізілді. Бір жылдан аса уақыт бойы ешқандай турнир ұйымдастырылған жоқ. Сол кезде бәріміз де үй жағдайында жаттығуға көштік. Шыны керек, Таиландтағы дода мен үшін оңай болған жоқ. Бірақ, функционалды және моральді тұрғыдан бұл сынға толық дайын едім. Паттайяға алдын ала келіп, жарыс жолын сынақтан өткізу, климатқа бейімделу мүмкіндігі берілмеді. Сол себепті, біз барлығын да іріктеу басталар кезде көрдік. Мұндағы температураның, ауа ылғалдылығының жоғары болғаны да өз әсерін тигізді. Одан бөлек, қонақүйде карантинде отырғандықтан, толыққанды дайындала алмадық. Айтпақшы, жарысқа арнайы салынған каналда сынға түсу де біршама қиындықтар тудырды. Себебі, мұнда ешқандай турнир болмаған, алғаш рет жарыс ұйымдастырылуда. Мұндай каналда жарысу өте қиын екенін айта кеткен жөн. Климатқа бейімделіп үлгермесек те, каналдағы ауыртпалықтар кедергі келтірсе де, жеңіс үшін барымызды салдық», — дейді спортшы. 

Читайте Metaratings, чтобы быть в курсе свежих новостей казахстанского и мирового спорта, эксклюзивных инсайдов и экспертных мнений.