«Қиын болары сөзсіз». Белгілі комментатор УЕФА турнирінде «Тобыл» мықты қарсыласқа түсіп қалғанын айтады

Наурызбай Сатжанов
22.07.2021
13:10
Новость
Футбол

Бүгін футболдан Конференция лигасының ойындары басталады. Бұл турнирде еліміздің үш командасы алғашқы кездесулерін өткізеді. Атап айтқанда, «Шахтер» сырт алаңда Румынияның «Стяуасымен» кездессе, «Астана» өз алаңында Грекияның «Арисімен» өзара мықтыны анықтайды. Ал ішкі біріншілікте бірінші орында тұрған «Тобыл» болса қонақта Хорватияның «Хайдук» клубымен жолығады. Белгілі спорт комментаторы, ҚФФ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Ермұхамед Мәулен Vesti.kz тілшісіне «Тобылға» еурокубокте ауыр қарсылас түскенін айтты.

«Тобылға» Конференция Лигасында ең мықты қарсылас түсті деп айтуға болады. Хорватияның тарихы бай, дәстүрі қалыптасқан іргелі командаларының бірі. Жуырда олар Ағылшын Премьер-Лигасында өнер көрсететін «Брайтон» клубынан Ян Млакар деген Словения құрамасының шабуылшысын сатып алды. Сонымен қатар, италиялық Марко Ливая деген ойыншылары бар. Ол кезінде А сериясында доп тепкен. Одан бөлек, «Хайдук» сапында «шақпақ жейделілер» құрамасында ойнап жүрген бірқатар футболшылар бар. Осы орайда «Тобылға» қиын болары сөзсіз. Дегенмен, хорватиялық ұжымнан қос матчтың қорытындысы бойынша өткен жағдайда, қостанайлықтардың еурокубоктегі жолы ашылмақ», – дейді Ермұхамед. 

Естеріңізге сала кетсек, «Хайдук» пен «Тобыл» арасындағы матч бүгін елорда уақытымен 01.00-де басталады. Бұл ойынға трансляцияны мына сілтеме арқылы өтіп тамашалауға болады.

Читайте Metaratings, чтобы быть в курсе свежих новостей казахстанского и мирового спорта, эксклюзивных инсайдов и экспертных мнений.