Вудли, Порье және Петр Ян. Жұмағұлов UFC ұйымының чемпиондарымен бірге жаттығатын болды

UFC ұйымының жеңіл салмағында өнер көрсететін қазақстандық спортшы Жалғас Жұмағұлов (13-5) жаттығу жұмыстарын жасау үшін Америка Құрама Штаттарына аттанды. Бұл туралы Arlan MMA Pro өкілдері хабарлады. Осы материалымызда біз отандасымыздың қай залда және кімдермен жаттығатынын қарастырамыз.

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді ұйым UFC-де екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде жеңілген отандасымыз енді жаттығуларын атақты American Top Team (ATT) залында жасайтын болды. Бұл зал АҚШ жерінде ең алғашқы рет 2002 жыл Флорида штатындағы Майами қаласының маңында Коконат Крик деген жерде ашылды. Залды Америка жерінде Brazilian Top Team командасының өкілі Рикордо Либорио Дэн Ламберт, Маркус және Марсело Силвейралармен бірге ашқан.

Спорт кешенінде аралас жекпе-жекте сайдың тасындай іріктелген кіл мықты спортшылар жаттығады. Олардың қатарында UFC ұйымының чемпиондары бар. Сонымен қатар бұл жерге жаттығу жасау үшін алыс-жақын шет елден спортшылар тұрақты келіп тұрады.

АТТ залының жаттықтырушылар құрамы да өте мықты. Мұнда Кинг Мо (күрес), Тиаго Альвес (күрес), Диа Али Дэвис (бокс), Артем Левин (әмбебап жаттықтырушы), Конан Силвейра (залдың бас бапкері), Майк Браун (аралас жекпе-жек бапкері), Стив Мокка (күрес), Маркос ДаМатта (физикалық дайындық) секілді аралас жекпе-жектің жілігін шағып, майын ішкен мамандар жұмыс істейді.

Айта кетейік. Жұмағұлов бұл залда жаттығатын бірінші қазақстандық спортшы емес. Өйткені, бұл жерде UFC ұйымында өнер көрсететін бұрымдымыз Мария Агапова (9-2) жаттығу өткізіп жүр.

Бұл залдың капитаны осы уақытқа дейін Колби Ковингтон (16-2) еді. Бірақ Камару Усманнан (19-1) жеңіліп, Хорхе Масвидальмен ( 35-14) ұрысып қалғаннан кейін АТТ залынан кетіп, капитан атағынан айырылды. Қазір бұл залда капитан уақытша жоқ.

Бұрғаны күні бұл жерде UFC ұйымының чемпионы атағы бар және чемпион болған спортшылардан Аманда Нуньес (20-4), Йоанна Енджейчик (16-4), Джуниор Дос Сантос (21-9), Тайрон Вудли (19-6-1), Дастин Порье (27-6-0-1) және Ян (15-1) жаттығады.

ТМД елдерінен мұнда Алексей Олейник (59-15-1), Омари Ахмедов (21-5-1), Муслим Салихов (17-2), Мовсар Евлоев (14-0) секілді жігіттер дайындалады.

Аталған жігіттерден бөлек беларусь Андрей Орловский (30-20-0-2), Хабиб Нурмагомедовтің (29-0) көрсеткішіне жақындап келе жатқан украиналық Ярослав Амосов (25-0) АТТ залында шеберлігін шыңдайды.

Жалпы Жалғас Жұмағұлов үшін бұл жақсы тәжірибе болатыны анық. Отандасымыз бұған дейін UFC ұйымында екі рет жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіліп қалды. Ал ұйым мен спортшы арасында келісімшарт үш жекпе-жекке жасалған. Енді үшінші жекпе-жекке Жалғас Америкада жақсылап дайындалып, жеңіске жетеді деген сенімдеміз. Әйтпесе UFC жаңа келісімшарт бермей қоюы мүмкін.

Уәлихан Қосанбай

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте