ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Қайрат» Вагнердің қоштасу матчында «Базельге» жеңілді, бірақ төрешіге тағылар сын баршылық

Алматылық «Қайрат» Конференция лигасы топтық кезеңінің кезекті матчында швейцариялық «Базельге» есе жіберіп, Вагнер Лавтың қоштасу матчында жеңіске жете алмады. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі аталған ойын туралы ойын ортаға салмақ.

Вагнер Лавпен қоштасу

«Орталықтағы» кездесу бір сарында басталып, қос тарап та аса қауіпті шабуылдар ұйымдастырмады. Бірақ «Базель» ойынды өз қолында ұстады және 23 минутта Стас Покатилов қорғаған қақпаның маңдайшасын да қақыратып алды. Дегенмен сен соқпасаң, саған соғады қағидасы орындалып, бірден қарсы шабуылға шыққан алматылықтар сәтті шабуылдап, есеп ашты. Алғашқы голға қос бірдей бразилиялық қатысып, Жоао Пауло нәтижелі пас беріп, Вагнер Лав мергендігімен көзге түсті. Осыдан кейін де Жоао мен Вагнердің гол соғатын бірнеше тамаша мүмкіндіктері болды, алайда сәттілік жолдас болмай жатты. Алғашқы тайм «Қайраттың» пайдасына шешілердей көрінгенмен, соңғы минуттарда грузиялық төреші жоқ жерден алматылықтардың қақпасына пенальти белгілеп, Артур Кабрал есепті теңестіріп кетті. Осылайша алғашқы 45 минут тең нәтижемен аяқталды.

Қайрат – Базель

Екінші таймды «Қайрат» белсенді бастап, бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Ал Құрбан Бекиұлының 55 минутта жасаған үш бірдей көреген ауысымы өз жемісін беріп, жасыл алаңға жаңадан қосылған Әбікен, Шушеначев һәм Оганесянның алғашқы допқа жанасулары сәтті болып, бір минут ішінде Камо гол соғып, есепті 2:1-ге жеткізді. Одан кейін алматылықтар қорғаныста жақсы өнер көрсетіп, қарымта шабуылдарға да сәтті шығып отырды. Алайда «Базель» ойыншысы айып алаңының сыртынан жойқын соққы жасап, таблодағы есепті теңестірді. Сосын араға бар-жоғы 4 минут салып, «Базель» жеңісті голды соғып кетті. Осылайша ойын 2:3 есебімен аяқталып, «Қайрат» қолда тұрған жеңістен айырылып, Конференция лигасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізе алмады.

Қайрат – Базель

Жалпы ойынға келер болсақ, алматылықтар бүгін еуропалық футбол сахнасында озалдан қарымды қарсылас болып саналатын, жыл сайын еурокубоктік турнирлердің топтық кезеңінде өнер көрсететін «Базельдің» екі аяғын бір етікке тықты. Толықтай қорғанысқа жатып алмай, көптеген қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, қорғаныста өрескел қателіктер жібермеді. Құрбан Бердыев өзіне үйреншікті үш орталық қорғаушы схемасымен шықты. Бірақ шабуылдаушы үштікті (Вагнер Лав, Канте, Жоао Пауло) таңдауы және қос бразилиялықтың үнемі алмасып, бір қапталда жүрмеуі қарсыласқа тосын сый болды. Бірақ грузиялық төреші қақпамызға түсініксіз пенальти белгілеп, швейцариялықтардың қақпасына пенальти қоймады. Төрешінің қызметіне жанкүйерлер ғана емес, Құрбан Бердыевтің өзі де айтарлықтай наразы болып, «Қайрат» тізгінінде алғаш рет өте эмоционалды көрінді. Матчтан кейін осы жағдайға байланысты пікір білдірді.

«Енді менде грузиялық төрешелір туралы түсінік қалыптасты. Айтарға сөзім жоқ, бұлай болмайды. Біздің қақпаға белгіленген пенальти — ол жерде ештеңе болмады. Мен нәтижені төрешілікпен ақтамаймын, бірақ бұл факт».

Құрбан Бердыев

Расында, алғашқы таймның соңында қақпамызға сол бір күмән тудыратын пенальти белгіленбегенде, ойын мүлде басқаша өрбіп, «Қайрат» Конференция лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізуі де мүмкін еді. Бірақ болар іс болып, бояу сіңді.

Сонымен қатар бұл ойын Қазақстандағы алғашқы эко-матч болғанын да айта кеткен жөн. «Қайрат» Қазақстанда алғаш болып осындай игі іс бастап, жанкүйерлерді қоқыс тастамуға шақырып, әр өткізілген пластик бөтелке үшін клуб эмблемасы бейнеленген арнайы төсбелгі табысталды.

Ал матчтан кейін Вагнер Лавпен қоштасу рәсімі өтіп, бразилиялық форвардты шапан жауып, жанкүйерлердің ыстық ықыласымен шығарып салды. Өз кезегінде Вагнер жанкүйерлерге алғыс айтып, ҚР кубогінің финалында барын салатынын айтты.

«Қазір бізді кубоктың финалы күтіп тұр, мен командаластарыммен бірге осы трофейді жеңіп алып, сіздермен бірге тойлату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамын! «Қайратқа», жанкүйерлерге, әріптестеріме, клуб басшылығы мен президентіне үлкен рақмет! Мен сіздерді өте қатты сағынатын боламын! «Қайрат» жүрегімде мәңгіге қалады!»

Вагнер Лав

Вагнер жайлы сөз бастағаннан кейін бразилиялықтың ойынға әсерін атап өтпеуге болмас. Вагнер Лав алмастырылған сәттен бастап «Қайраттың» шабуылынан өткірлік кетті. Оған дейн Вагнер қиын сәттен қиыстырып, баспен де, аяқпен де айтарлықтай қауіпті шабуылдар жасап, қарсылас қақпашысын бір сәтке демалтпай, өзі де бір тынбай көбірек гол соғудың қамымымен жүрді.

Жалпы Вагнер осы уақытқа дейін «Қайрат» жейдесінде 56 матчта жасыл алаңға шығып, 25 мәрте мергендігімен көзге түсіп, 20 нәтижелі пас берді. Сонымен қатар оңтүстік астаналық клубтың көптен күткен чемпиондық атағына қол жеткізуге көмектесті. Бірен-саран жерде кейін тартты демесеңіз, Вагнер «Қайраттың» ойынына тек жақсы әсерін тигізді. Сол себепті де жанкүйерлер бразилиялықты аяқтарына тік тұрып, қошеметпен «Орталықтан» шығарып салды.

Вагнер Лав

Бірақ бұл Вагнердің соңғы ойыны деген сөз емес, алда Конференция лигасының топтық кезеңіндегі 10 желтоқсан күні өтетін кипрлік «Омонияға» қарсы шешуші ойын және 28 қараша күні «Астана Аренада» болатын Қазақстан кубогінің қарағандылық «Шахтерға» қарсы финалдық матчы бар. Осы қос ойыннан кейін Вагнер «Қайратпен» толықтай қош айтысады. Ал желіде желіген кейбір ақпараттарға сенсек, Вагнер Лав мәскеулік ЦСКА-ға оралып, бір маусым сонда өткізіп, кейін клубтың құрылымында қалады мыс. Қайда барса да сәттілік тілейміз. Өйткені Вагнер қазақ футболының дамуына, жарнамасына айтарлықтай әсерін тигізіп, жастардың қазақ футболына қызығуына аз да болсын септігін тигізді.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте